«АЖ» оқырмандары Жаңа жыл қарсаңында балалар тілегін орындады
СЫЙЛЫҚТАР ҮЙІЛІП ҚАЛДЫ
Естеріңізге салсақ, желтоқсан айының басында жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 интернатқа барып, өзімізді Аяз Атаның елшілеріміз деп таныстырған едік. Балақайлар жан-жақтан ентелеп, бір-бірінің сөздерін бөліп, көздері жайнап, мерекеде қандай сыйлық алғылары келетін тілектерімен бөлісті. Олардың бүкіл тілектерін Аяз атаның өзіне табыстаймыз деп уәдемізді бердік. Балақайлар сене алмай, қысыла күлім қағысты, бірақ үміттері де бар болатын. Қыздар ертегі сиқыршысынан қуыршақ, резіңке, шаш қыстырғыштар, ұл балалар - машина, бэтмен, тікұшақтар... сұрады.
Бірнеше күн өткеннен кейін газет нөмірі шығып, онда оқырмандарымызға Аяз Атаның орнында болып, балалар тілегін орындауға атсалысуды ұсынған едік («АЖ» №50, 13.12.12 – «Жаңажылдық акция: «О, алақай, Аяз Атай!»). Содан соң үшінші қыс бойына үйрене алмай келе жатқан жағдай орын алды. Егер мен оқырмандар сол сәтте-ақ хабарласа бастады десем, өтірік айтқаным емес. Тіпті, кейбіреуі біздің дәстүрімізге айналған акция туралы хабарландыруды қарашадан бері күтіп жүр екен, олар өз талғамдарына қарай сыйлықтар сатып алып та қойған.
Бірнеше күннен кейін редакция балалар ойыншығы дүкенінің қоймасына ұқсап кетті. Сыйлықтар көбейе берді, кешікпей сыйлықтар қойылған бөлменің бұрыш-бұрышында қоятын орын қалмады. Ал соңғы күндерде редакция қызметкерлері кабинеттеріне бір қырындап, аттап өтіп баратын болды.
Адамдар сыйлықтарын бір-бірлеп те, ұжым боп та әкеліп жатты. Бір сәбилердің қалаған сыйлықтарын бұл жақтан таба алмай, жабырқап қалған кездеріміз де болды. Басқа қалалардағы туыстарымыз бен таныстарымыздан оларға сыйлықтарды пошта арқылы салып жіберуді өтіндік.
Ал шығармашылық жағы қандай десеңізші! Сыйлық таңдаған кезде көпшілігі сыйлық орамасына баланың аты-жөні жазылған қағаз жапсырыпты. Оқырмандарымызға қатты ұнаған 4 жасар Санагүл Қуанышеваға бірнеше сәнді көйлектер мен көп қуыршақтар әкелінді. Күрес костюмін қалаған 12 жастағы Сүлеймен Фоминнің атына оның бірнешеуі, оған қоса тіпті бірнеше жұп кроссовкалар әкелінді. Біздің бір оқырманымыз Атырау дүкендерінің талғамына қанағаттанбай, Сүлеймен үшін Америкадан кроссовкаға тапсырыс беріп, олар уақытында жетпей қалады-ау деп қатты уайымдапты. Алайда Жаңа жыл қарсаңында ғажайыптар міндетті түрде болады ғой. Кроссовка басқа континенттен уәде етілген уақыттан да бұрын жетіпті.
Сыйлықтарды бөліп, орауға екі күн кетті. Бәрі сұрыпталып, есептеліп, есебі жазылынып алынды. Алуан түрлі заттар: душқа арналған гельдер, иіс су, әшекейлер, косметика топтамасы, тетристер, сөмкелер, альбомдар, бояулар, қарындаштар, фломастерлер... т.б. салынған пакеттер әжептәуір көлемді боп шықты.
ЕРТЕҢГІЛІК ЕРТЕГІДЕЙ БОЛДЫ
28 желтоқсан күні интернатта болған жаңажылдық ертеңгілікке жалғыз келген жоқпыз, оқырмандар қатарынан ерікті көмекшілер де болды. Ол жерде бізді күтіп отырған еді. Ковбойлар, қар бүршіктері, қарақшылар, жолбарыстар, ханшайымдар, корольдер мен королевалардың, тіпті Спанч Бобтың киімін киген балалардың пакеттерді көргенде қуаныштарында шек болмады. Бірақ! Алдымен ертеңгілік өтеді, сыйлықтар кейін беріледі. Барлығын тездетіп спорт залына апардық. Ал акт залында бізді концерттік бағдарлама күтіп тұрған еді. Әр сәби өз өнерін көрсетті. Бишілер де, әншілер де, көркемсөз оқушылар да жетерлік екен.
… Ал сол уақытта есік алдында Аяз Ата шығуға дайындалып тұрды. Бір кезде оның «охохоооо!» деген аңсап күткен сөзі естілді. Сол сәт оған жаңажылдық тақпақ оқуға ниет білдірген бүлдіршіндер сапқа тұра қалды. Ал кешікпей сыйлықтарды табыс ету сәті де басталды.
Қар бүршігі Аня Мурыгина пакеттен Винкстің қуыршақтар жиынтығы мен қыздарға арналған косметиканы көрген кезде: «Мен дәл осындайды қалап едім! Мәссаған, МР-3 де бар ма? Аххх...» деп, алақанын шапалақтады. Асылбек Хасанов пакеттің ішіндегі сыйлықтарды көріп: «Иә, менің армандағаным осындай еді!» деп шаттанды. Ең кішкентайлары қолдарындағы бөпе қуыршақтар мен интерактивті қуыршақтармен бірге қуана суретке түсті. Ал осыдан екі аптадай уақыт бұрын жаңажылдық қалауын ойлап таба алмаған кішкентай Анастасия Найденова үлкен қызғылт қоянды алды. Үлпілдеген ойыншық өзінің жаңа иесінен сәл ғана кіші боп шықты.
Балалар сыйлықтарды қуана қабылдап, ауыр пакеттерін сүйретіп, өз орындарына барды. Сол сәт пакеттерін ашып тастауға жұмыстанды. Олардың бал-бұл жанған жүздерінен бізге және балаларға өз жылуларын сыйлауға тырысқан біздің көмекшілерімізге айнала шынымен де жарқырап кеткендей болды. Бүлдіршіндерді құшақтап, сүйіп, көтеріп, мейірімді сөздерін айтты. Балалар да мүлдем бейтаныс ағайлар мен тәтейлерге өз құшақтарын айқара ашты.
Сіздердің рұқсаттарыңызбен, құрметті оқырмандар, қалған ойыншықтарды біз Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына апардық. Бұл жерге балалар жақсы өмір болғасын түспейді ғой. Сондықтан да біз олардың да жүзіне күлкі үйіруді өз парызымыз деп шештік. Мұнымыз да іске асты.
Тағы екі пакетті біз газетімізде жарияланған Матенко отбасына тарту еттік («АЖ» №45, 08.11.12 жыл – «Людмиланың бақыты»). Сыйлықтар үш жастағы Каролина мен Коляны қатты қуантып тастады.
Біз барлық «Аяз Аталарға», «Ақшақарларға» және мейірімді сиқыршыларға, сыйлықтар сатып алып, осы балаларға қажет мерекені ұйымдастырған барша жанға дән ризамыз. Жаңа жылдарыңызбен!
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ