Құлсары қаласында бір ай жұмыс істеген сараптама комиссиясы көршілес бес қабатты үйдің «иығына» қарай еңкейген Бірінші ықшам аудандағы 60 пәтерлік №27 үй апатты емес деген қорытындыға келді («АЖ», 27.09.2012 ж., №39 үй «Құлсарыдағы құлағалы тұрған үй»). Бірақ, жөндеуге сұранып тұрғанын айтады. Және бұл үйде өмір сүруге болады деп отыр.
Облыстық геотехникалық орталықтың мамандары көпқабатты үйдің құрылысы кезінде қағылған қадаларын тексеріп, олардың орналасуы мен тереңдігін және тепе-теңдік деңгейіне баға берді.
«Атырау облыстық геотехникалық орталық» МКК директоры Роман ОЛИВКОНЫҢ айтуынша, үйдің сыртқы қаптамалары мен шатырын ғана ауыстыру қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ №27 үй тұрғындарына үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы шығарылатынын, бірақ ПИК құру қажеттігін нықтап жеткізді. Тұрғындар болса, комиссияның және әкім орынбасарының шешімімен келіспейді.
- Үйдің қаптамасы плита және арматура бөлігімен бірге ұшып кетуде, пәтерлер мен подъездердің қабырғалары жарық! Ал олар осындай үйде тұра беруімізді ұсынып отыр?! – деп наразылықтарын білдірді тұрғындар.
Алайда, көршілес орналасқан №12 үйде де жағдай мәз емес екендігі анықталды. Ол да көршілес үйге қарай қисайған № 27 үй секілді 1 метрге жуық төмендеп кеткен. Сыртқы қаптамалары түсіп, жертөле суға толып тұр. Үй тұрғындары бұл жертөленің 200 метр қашықтықта жатқан Қамыскөл көлінің жерасты суымен толуынан да болып отыр деген сенімде.
- Жаздай маса, сасық иістен арылмаймыз. Жертөленің астынан шыққан су подъездегі басқыштар астынан пайда бола бастады. Үйге үреймен кіретін болдық. Бір жерінен бірдеңе құлап, астында қалып қоямыз ба деп қорқамыз, -деді №33 пәтер иесі Жаңыл ЕСЕНБАЕВА.
№12 үйдің тұрғындары қалалық әкімдікке арызданған. Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН «Техникалық жағдайын тексеру және бағалау жұмыстарына арнайы сарапшы мамандарды қатыстыру, соның ішінде тәуелсіз сарапшыларды қатыстыру керек» деген өз жауабында. Оның қашан болатынын әкім нақтыламады.
Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВ болса, тұрғындардың дүрлігетіндей орны жоқ деп есептейді.
- Сарапшылар №27 үйді апатты емес деген қорытындыға келді. Сол секілді №12 үй де сондай, апатты жағдайдағы үй емес. 2013 жылы қалада ПИК құрылуы қажет. Күні бүгінде құжаттарын заңдастырумен айналысуда. Содан кейін бюджеттен 40 млн теңге қаржы бөлініп, үйлерді жөндейтін боламыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА