Қаңтар
АМӨЗ бен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында мұнайды терең өңдеу кешенін салу туралы келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шарт құны 1 млрд 680 млн доллар, жүзеге асыру мерзімі – 41 ай. Осыдан кейін зауыт бұрынғы түсетін шикізат көлемінен үш есе көп бензин өндіретін болады. «“Конкордиядан” аман қалды»:Жерорта теңізінде су астындағы құзға соғылған круиз лайнеріндегі жолаушылар арасында атыраулық КОРСУНСКИЙЛЕР отбасы да болды. Олардың төртеуі де аман-есен үйлеріне оралды.
Ақпан
«Абақтыдан жеткен хат»: есірткі үшін 6 жылға сотталған «Аджип ҚКО» компаниясының топ-менеджері Флавио СИДАНЬИ «АЖ»-ға неліктен үкімнің әділетсіз екенін және не үшін түрмедегі өмірі «қымбатқа түсіп отырғанын» түсіндіреді. Сарайшықтағы 1 га алаңдағы жылыжайдың күйреуі: түркиялық «бұлыңғыр» мердігер әу бастан-ақ оны қалай болса, солай салған, зиян мөлшері 150 млн теңге құрады. Көрмедегі жанжал: халықаралық бағалы бұйымдар көрмесіндегі ұрлық ісі ашылды, бірақ оның қожайындары заттай айғақтардың жоғалуына полицейлерді кінәлап отыр. Бергей РЫСҚАЛИЕВ Атырау қаласының әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВТЫҢ актив алдындағы 2011 жылдың есебін беру мәжілісі барысында оның отставкаға кететіндігі туралы мәлімдеді. Жаңа әкім болып Асқар КЕРІМОВ тағайындалды. «Үгітілген үйлер»: Балықшы ықшамауданындағы әлеуметтік баспана сорақы шалағайлықтармен салынған. Құпия құрылысшының пікірі: «Бюджет қаржылары бұл жерге есепсіз бөлінген, бұл - баршасы үшін майлы шелпек».
Наурыз
«...Кездесіп ек колхозда айлы түні, құлағымнан қалқаның кетпейді үні»...: «Маржан қыз» әнінің кейіпкері Маржан ЕНБАЕВА Индер ауданы Елтай селосында тұрады. Жасы 88-де. «Шыдамның шегі»:Байшонас поселкесінде 200 тұрғын екі апта бойына ауыз су мен жылудың жоқтығына наразылықтарын білдіру үшін ауыл әкімінің кеңсесінің алдына жиналды. Тұрғындар жергілікті биліктің уәдесіне сенбейді, тек НАЗАРБАЕВҚА ғана үміт артып отыр. Мирный поселкесіне жақын маңдағы зираттар қауымында мәңгілік мекен тепкен, халық арасында әулие атанған Сары атаның бейітін қиратқан бүлікшіге қатаң режимдегі колонияда 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Атырауда терроризмге айыпталған 47 сотталушыға қатысты жабық сот процесі басталып, ғимаратты полицейлер қоршауға алды.
Сәуір
«“Қызықтың көкесі” Томарлыда»: Томарлы селосындағы пошта бөлімшесіне шабуыл жасаған қылмыскерлер ақша салынған қаптың орнына пошталық бланкалар салынған қапшықты қолды қылған. «Жер бетінде ақымақтар жетерлік»: Атырауда1 000 адам МММ-2011 қаржы пирамидасына жазылыпты. Терроризмге айыпталған 47 тұлғаға үкім шығарылды: олардың барлығы 5-тен 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды. «Қазақ мұнайы – халық шырайы» айтысының ақындарына Жаңаөзен тақырыбын қозғамау туралы «өтініш түсті» .
Мамыр
«We are the champions!»: жанкүйерлер әуежайда финалдық серияда павлодарлық «Ертістен» ел чемпионы атағын жеңіп алған «Бейбарыс» хоккей командасын күтіп алды. Үш венгр – «Еуразия» атты тарихи экспедицияның мүшелері Атырауда өз жорықтарын бұзуға мәжбүр болды. Оған себеп – бұл жерден оларға аттар табылмады. «Мақаттағы сапасыз құрылысқа кім жауапты?»: Мақат ауданында 2008-2011 жылдары салынған 250 орындық мектеп-интернат, 420 орындық мектеп, 250 келушіге арналған емхана картадан салынған үйді еске салады және көз алдында күйреп барады. Қалалық мәслихат қоғамдық көлік жолақысын 60 теңгеге дейін көтеру үшін бірауыздан дауыс берді.
Маусым
«Арқан-Керген» заставасында қаза болғандар арасында Атырау облысынан шақырылған төрт сарбаз болды: Индер ауданынан Мейірхан ИМЕНОВ, Мақат ауданынан Данияр БАЛҒАБАЕВ, Құрманғазы ауданынан Жеңіс САҒЫНҒАЛИЕВ және Қызылқоға ауданынан Бекзат ӘМІРҒАЛИЕВ. 9 маусымда Атырау қаласының әуежайына олардың үшеуінің сүйектері әкелінді. Ал Мейірхан Именовтің сүйегі әлі анықталған жоқ. «АтырауБалық» АҚ-ның бірқатар жұмысшылары облыстық әкімдік алдына пикетке шығып, 28 млн теңгеге жеткен жалақы қарыздарын төлеуді талап етті.
Шілде
«Нұр Отан» партиясының акциясы шеңберінде бірқатар шенеуніктер 2011 жылдағы өз табыстарын жария етті. Мысал үшін: облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ – 2 501 818 теңге, Атырау қаласының әкімі А.Керімов – 4 961 812 млн теңге. Облыс әкімі Б. Рысқалиев жария етпеді – дегенмен, партия тәртібін де бұзбады: «Өзіңнен баста» деп аталатын «Нұр Отан» бастамасын орындау ерікті шара болатын. Қоғамдық белсенді Макс БОҚАЕВ ҰҚКД ғимаратының алдына жалғыз өзі пикетке шығып, Жаңаөзен мұнайшылары мен оппозиционерлерді қудалауды тоқтатуды талап етті. «Бұл жерден шындық таппаймыз»: сүйегі анықталмаған шекарашы Мейірхан Именовтің ата-анасы тек шетелдік сарапшыларға ғана үміт артып отыр.
Тамыз
Құрылысына 1,6 млрд теңге жұмсалған (2011 жылдың 17 тамызында пайдалануға берілген) Құлсары қаласындағы 75 орындық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының ғимараты апатты жағдайда тұр. Атырауда 40 градус ыстық боп тұрғанына бір аптадан астам уақыт болды. 15 тамызда Атырауға ҚР президенті Н. Назарбаев келді. Келу мақсаты – облыс әкімі Бергей Рысқалиевты ауыстырып, жаңа әкім етіп Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІ тағайындау. Президент қандай екенін нақтыламастан, Бергейдің басқа жұмысқа ауысатынын айтты (келесі күні ресми түрде оның «денсаулығына байланысты» орнынан босатылғаны мәлім етілді). Б. Рысқалиев жергілікті БАҚ-тар арқылы атыраулықтарға арнап, өзі әкім боп тұрған кезде аймақта жасалған жұмыстар туралы қысқа да нұсқа етіп қоштасу үндеухатын жолдады. Сәл кейінірек күш құрылымдарының біріндегі дереккөз «АЖ»-ға бұрынғы әкімнің үй қамағына алынғанын хабарлады. Дереккөздің айтуынша, «бәрі де ҰҚК төрағасы Нұртай ӘБІҚАЕВТЫҢ бас прокурордың үстеліне ағайынды Бергей Рысқалиев пен Аманжан РЫСҚАЛИДЫҢ қатысы бар бір бума құжаттарды қойғанынан басталды. Бизнесті рейдерлікпен басып алу, жер учаскелерін заңсыз алу, бүкіл тендерлер бойынша 40 пайыздық «откат», тапсырыспен ұрып-соғу және кісі өлтіру фактілерінің беті ашылды». Actualis бағанындағы «АЖ» шолушысының пікірінше, Рысқалиевтың аяқ астынан отставкаға кетуіне оның «патроны», президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан МУСИННІҢ позициясының орнықсыздығы себеп болған. Атырау қаласының жаңа әкімі болып Серік АЙДАРБЕКОВ тағайындалды. ІІД мен ҰҚКД басшылары ауысты. Бір мәлімет бойынша Б. Рысқалиевты қаржы полициясы қамауға алған, басқа мәлімет бойынша ол Бурабайда демалыста жүр. 21 тамызда қаржы полициясы Атырау облыстық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ, Қызылқоға ауданындағы газ құбырын және Атырау – Доссор су құбырын салуға бөлінген 6,5 млрд бюджет қаржысын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыстық әкімдікте құжаттарды тексеру басталды, бас прокуратура мен астаналық қаржы полициясының тергеушілері жұмыс істеп жатыр. Алайда 28 тамызға дейін Қаржы полициясының агенттігі мен Бас прокуратура Атырау облысындағы тексеру фактілерін теріске шығарды. Ал 23 тамызда «Атырау облысының тұрғындарына ашық хат» пайда болды. Оған Атырау облысының төрт мәжілісмені мен жергілікті депутаттар түгелдей дерлік қол қойған. Онда «біздің халық қалаулыларымыз атынан – облыс тұрғындары» «Бергей Рысқалиев туралы оппозициялық сипаттағы БАҚ-тардың жала сөздеріне» наразылық білдіріп, өз сайлаушыларын «өзінің бар күш-жігерін туған жерінің игілігі үшін сарп еткен» бұрынғы әкімді қорғап, «қандай да болмасын шаралар алуға» шақырады. «АЖ»-ның редакциялық комментарийінде қол қоюшылардың әрекеттері елдің жікке бөліну қаупін тудырады деп ашық айтылған. 31 тамызда облыс активінде парламент мәжілісінің спикері Н.НЫҒМАТУЛЛИННІҢ, бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ және Қаржы полициясы агенттігінің басшысы Рашид ТҮСІПБЕКОВТІҢ қатысуымен болған активте бас прокурор сөз алып, онда тексерудің алғашқы нәтижелері туралы баяндады: ірі нысандарды салу тендерлерін өткізу кезінде өрескел заң бұзушылықтар анықталды (оларды белгілі бір аффилирленген, іс жүзінде мұндай мердігерлікке дайын емес компаниялар тобы ұтып алып отырған, мердігерліктің жалпы сомасы соңғы 5 жыл ішінде 120 млрд теңгені құрады); құрылыс жұмыстарының құнын қосып жазу және асыру; мемлекеттік нысандарды нақты бағасынан он есе төмен бағамен заңсыз сату және т.б. «Фамилияларды әзірге атамаймын, барлық материалдар қаржы полициясына жолданды», - дейді бас прокурор. «Білмеймін», - дейді ол Б. Рысқалиевтың қайда екендігі туралы «АЖ» сұрағына қатысты шарадан кейін. Сондай-ақ, облыс прокуроры мен жергілікті қаржы полициясы департаменті жетекшісінің жұмыстан босатылғаны туралы хабарланды.
Дауылбаевтың сөзінен кейін мәжіліс депутаты Асхат БЕКЕНОВ толқыған түрде «Атырау халқының, ардагерлердің, мәжілістің, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттарының атынан» үндеу оқып шықты. Онда бұрынғы әкімді қорғаған үндеуді «үлкен саяси қателік» деп атап, «құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Атырау өңірінің сіздің сенімді тірегіңіз болғанын және әрдайым бола беретінін білгеніңізді қалаймыз» делінген.
Қыркүйек
5 қыркүйекте Атырау қаласындағы жеке үйлердің бірінде жарылыс орын алды. 21 жастағы қала тұрғынының қолындағы қолдан жасалған жарылыс құрылғысы іске қосылып, екі қолын жұлып кеткен. Ол сол жерде көз жұмды. 12 қыркүйекте Құлсары қаласында теракт дайындауға күдіктелген топты ұстау жөнінде арнайы операция өткізілді. 5 адам оққа ұшып, біреуі ауыр жараланды. 12 қыркүйек күні «Насиха» сауда үйі мен №17 мектеп-лицейде жарылыс құрылғысы орнатылғандығы туралы екі жалған қоңырау соққан телефон лаңкесі ұсталды. 15 қыркүйекке қараған түні белгісіз адамдар тобы Атырау қалалық ІІБ-не шабуыл жасады. Ғимаратқа көлікпен келген төрт террорист «Аллах акбар!» және «Мочить ментов!» деп айқайлап, қолдан жасалған бомба лақтырған. Белгісіз қарудан оқ жаудырып, ғимаратқа бұзып-жарып кіріпті. Бірінші қабатты талқан қылған соң, шабуылдаушылар көліктеріне секіріп мініп, көзден таса болған. Қарсы тараптан жауап болмаған, бір полицей жараланды. Қаржы полициясы бюджет қаржыларын ұрлады деген айыппен облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Б. Дәукенов пен облыстық қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Б. ЖАНТЕМІРОВТІ қамауға алды. Активте облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов бұрынғы басшылықтың облыс халқы 100 пайыз ауыз сумен және табиғи газбен қамтылды деген мәлімдемесіне қарамастан, іс жүзінде бұл көрсеткіштердің тиісінше 58 пайыз және 76 пайыз құрайтынын айтты. «АЖ» дереккөздері Б. Рысқалиев пен оның інісі А. Рысқали Қазақстаннан құпия түрде кетіп қалғанын растайды. «Каспийге қарай. Развал көлі – Басқұншақ көлі» экспедициясының құрамымен ресейлік танымал саяхатшы Фёдор КОНЮХОВ Атырауға келді. Қызмет өкілеттігін асыра пайдаланған деген айыппен Атырау қаласының бұрынғы әкімі А. Керімов қамауға алынды. Бюджет қаржыларын иемденді деген айыппен бірқатар құрылыс ЖШС-лерінің басшылары жаппай қамауға алынды. 20 қыркүйекте қала шетіндегі Көктем ықшамауданында Атырау қалалық ІІБ-не шабуыл жасады деп күдіктелген топты жою жөніндегі арнайы операция өткізілді. Жеке үйге жасырынған төрт жас жігіт берілу жөніндегі ұсынысқа оқ жаудырып жауап берді. Арнайы операция барысында төртеуі де оққа ұшты. «Ағайындылар қайда?»: «АЖ» ҚР ҰҚК Шекаралық қызметіне «Б.Рысқалиев пен А.Рысқали Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтті ме?» деген ресми сауал жолдады.
Қазан
Қалалық сот мәжілістің бұрынғы депутаты А. Рысқалиды баспанаға қатысты алаяқтыққа айыптап, қамауға алуға санкция берді. Облыстық соттың баспасөз хабарламасында қазіргі уақытта ол «алдын ала тергеу органдарынан жасырынып жүр және оның қайда екені белгісіз» деп хабарланған. Қашаған кенішіндегі жасанды D аралында үндістандық жұмысшылар мен қазақстандық жұмысшылар арасында жаппай төбелес орын алды: тұрмыстық жанжал қақтығысқа ұласып, қазақстандықтар бірнеше үнділік жұмысшыны соққыға жықты (зақым алған біреуін тікұшақпен алып кетті). Бұл жанжалды кездейсоқ деу екіталай: аралдағы жергілікті жұмысшылар саны қысқарып, үнділіктер саны аз уақыт ішінде 200-ден 600-ге дейін көбейген. Ал олардың жалақылары да екі есе жоғары. Атырау-Орал тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасында мини-вэн мен «жигули» соқтығысып, бірден 7 адам көз жұмды.
Қараша
«Тамұқтан келген улы су»: Қашаған жобасы іске қосылар қарсаңда облыстық экология департаменті Аджип ҚКО ұсынған ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген шығарынды жобасын бекітуден бас тартты. ҚР Шекара қызметі газетімізге «ағайынды Рысқалиевтар Қазақстан шекарасын кесіп өтпеді» деген жауабын беріп, олар туралы ақпаратты бас прокуратурадан сұрауға кеңес берді. Қаржы полициясы агенттігі Атыраудағы өз бригадасының алғашқы жұмыс нәтижелері туралы қорытындылады: облыстық әкімдіктің лауазымды тұлғалары мен мердігер мекемелер басшыларына қарсы 21 қылмыстық іс қозғалды. Бұл уақытта ұрланған бюджет қаржысының анықталған сомасы 30 млрд теңге шамасын құрайды. «Зауыт тақырға отырды»: облыстық экономикалық сотта «АтырауБалық» АҚ-ын банкрот деп тану туралы процесс басталды.
Желтоқсан
6 желтоқсанда Индер маңындағы 300 метрлік тұз шахтасына 50 жастағы жергілікті тұрғын құлап кетті. Оның денесі Атырау, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан келген құтқарушылардың қатысуымен 10 күннен кейін жер бетіне шығарылды. Ағайынды Рысқалиевтың қай жерде екендігі туралы «АЖ» сауалына, Қаржы полициясы агенттігінің баспасөз қызметі А. Рысқалиға іздеу жарияланғандығы туралы белгілі ақпаратты беріп құтылды, ал Б. Рысқалиев туралы бір сөз жоқ. Ал бас прокуратура газетті қайтадан сол қаржы полициясына сілтейді. «Аслан Мусиннің президент әкімшілігінің жетекшісі лауазымынан Есеп комитетінің төрағасы лауазымына ауысуы оның көптеген адамдарына, соның ішінде, бұрынғы әкім туралы (өйткені ол да осы командадан) кез келген ақпаратты ептілікпен жасыратын құқық қорғау органдарындағы адамдарына өз тақтарында қалуға септігін тигізе кетті, – делінген бұл тұрғыда «АЖ»-ның редакциялық комментарийінде. - Бұл бұрын болмаған жағдай, басқа қауымдар үшін: «тез арада облыс әкімдігіне өз адамдарымызды қою керек, ұрласын да бөліссін, әлдебір жағдай бола қалса, өтеуін беріп құтылады да, кетіп қалады» дегендей әрекетке көшудің әлдебір жаңа белгісі болды».
Жаңа жылдарыңызбен!