Атырау, 25 қараша 06:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

2012 жылдың үздік кәсіпқойлары

2 310 просмотра

Біздің облысымызда 2012 жылы өз салаларында жетістікке жеткен үздік мамандар анықталды. Мына қарбалас шақта телефон мен интернеттің біздің өмірімізде үлкен орын алатыны белгілі. Біз үшін  осындай маңызды байланысты үздіксіз қамтамасыз етіп отырған мамандардың бірі – Қали ИЩАНОВ – «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясының желілік тораптарын дамыту учаскесінің бастығы. Ол нағыз кәсіпқой ретінде танылды.

Оның «Қазақтелекомда» жасағанына 7 жыл болды. Ол өз қызметін Желілік-кабельді тораптарға техникалық қызмет көрсету орталығының магистралды тораптарды қолдану цехында 4-разрядты дәнекерлеп жабыстырушы-кабельші ретінде бастап, желілік торапты дамыту учаскесінің бастығына дейін өсті. Қали Ищанов нысандарды телефондандыруға белсенді атсалысады. 2012 жылдың 11 айында 3 678 телефон қондырылып, қолданушыларға 3 600 Мегалайн және 500 абонентке ID TV қосылды.

Үздік дәрігер ретінде Атырау қалалық ауруханасының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мейрам НҰҒМАНОВ танылды. Ал ең үздік оқытушы атағы қазақ-түрік лицейінің информатика пәнінің мұғалімі, полиглот Эльбрус ПИРИЕВКЕ бұйырды. Оның оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда бірнеше рет топ жарған болатын. «Қазақстан Темір Жолы» АҚ ұлттық компаниясының «Атырау жол дистанциясы» филиалының директоры Елубай САПАРОВ үздік теміржолшы атанды. «Амангелді» өндірістік кооперативінің директоры Салахаден ҚАЛИМОВ адал еңбегінің арқасында кәсіпқой балықшы атағына ие болды. Жергілікті мұнайшылар арасынан үздікті табу оңай болмады, алайда марапат иесін тапты, ол – «Қамысты» мұнай және газ кен орны өндіріс цехының операторы Алашбай ЖҰМАҒАЛИЕВ. Облыстық ІІД-нің«Арлан» арнайы жасақ бөлімінің аға инспекторы Айдар САҒЫНАЛИЕВ үздік полиция қызметкері атанды. Спорт саласындағы жетістіктері үшін «Айдар» спорт клубының бапкері, панкратионнан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, әлем чемпионатының жүлдегері Жұмагелді ЖЕТПІСБАЕВ марапатталды. Ауылшаруашылық саласының озаты атағын Махамбет аудандық «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қоныс ЕРМАНОВ иеленді. Қызылқоға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Жәния ІЗБАСҚАН үздік мәдениет саласы қызметкері атанды. Құрманғазы ауданы Қиғаш селосы әкімінің орынбасары Айбек НҰРҒАЛИЕВ – үздік мемлекеттік қызметші. Энергетика жүйесінің еңбек ардагері, ТМД-ның ҚР-ның «Еңбек сіңірген энергетигі» Валерий ШМУНК үздік энергетик атағын алды. Әлеуметтік қамқорлық көрсету саласында Атырау облыстық сауықтыру орталығы директорының орынбасары Лиман ЖАМАНҚҰЛОВ үздік болды. 26 маусымда өртенген үйден 4 баланы алып шыққан Жылыой аудандық №2 арнайы өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Қанатқали АТАПКЕЛОВ үздік өрттен құтқарушы болып танылды. Құттықтаймыз!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

29 желтоқсан 2012, 20:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.