Атырау, 26 сәуір 08:23
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

АМӨЗ мұнай қалдықтарының төгілгенін мойындады

3 035 просмотра

Экологиялық мәселелер жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген АМӨЗ бас директоры Шухрат ДАНБАЙ зауыттағы апат дерегін мойындады.

- 1 қарашада сағат 16-да биологиялық шлам ағынды суларға апатты түрде төгілді. Біз мұны мойындаймыз. Бұл апатты жағдай бақылауға алынып, 1 қарашада сағат 23:00-де бүкіл мұнай шламы бөгеуші сулармен тоқтатылып, вакуум бөшкелермен сорылып, зауытқа қайта өңдеуге жеткізілді. Ол жерде бірде-бір грамм биошлам Сасықсайға түскен жоқ. Жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін, оның нәтижесі жақын арада жарияланатынын айтқым келеді, - деді Данбай. Сонымен қатар ол Атырау мұнай өңдеу зауытының экология департаментінің бастығы қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Кеңеске қатысқан облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ мұндай апаттар Атыраудың экологиялық жағдайына тікелей әсер ететінін, өйткені зауыттың қала ішінде орналасқанын айтты:

- Сіз шламды тоқтатып, кері алдық дедіңіз - бұл, әрине, жақсы. Бірақ бұл жағдай орын алмауы тиіс еді. Адамдарға апаттың салдарын жою туралы ақпарат қажет емес - оларға таза қала керек.

Естеріңізге салсақ, 1 қарашада атыраулық экологтар АМӨЗ-де құрамында мұнай өнімдері көп ағынды судың төгілгенін анықтады. Сәл кейінірек баспасөз қызметі бұған биологиялық тазарту қондырғыларының істен шығуы себеп болғанын, енді технологиялық режимді реттеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Ал 5 қарашада әріптесім Айнұр Сапарова АМӨЗ ағынды су арнасында майлы заттардың әлі қалқып жүргенін көріп, мұнай өнімдерінің өткір иісі байқалатынын хабарлаған еді.  

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

12 қараша 2020, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.