Бүгін Алматы әкімдігінде өткен жиында қардың қалың түсуіне байланысты қаланың тазалығын қамтамасыз ете алмаған шенеунніктер сөгіс алды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста көшелерді ағаш пен бұтақтан тазарту жұмыстары қорытындыланып, қала әкімі Ахметжан Есімов табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Алтай Рахымбетов пен әкімнің орынбасары Ербол Шормановқа сөгіс жариялады. Сонымен қатар, қала әкімінің бірінші орынбасары Мәулен Мұқашев та сөгіс алды. Осыдан бір ай бұрын оған қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу туралы тапсырма берілген болатын.
А.Есімов аулалар мен тар көшелерде тазаланбай қалған ағаштар мен бұтақтарды, қарды шығару жұмыстарын жүргізуге кесте жасап, БАҚ арқылы жариялап тұруды тапсырды.
«Аудан әкімдеріне ПИК-термен, жеке кәсіпорындардармен жұмыс істеуді нығайту керек. Әркім өз территориясын тазаласын. Саудагер өз дүкенінің алдындағы тазалыққа жауапты. ІІД басқармасына ПИК қызметкерлерінің жұмыс істеуін қатаң қадағалауды тапсырамын», - деді Ахметжан Есімов.
Дереккөз: bnews.kz