АҚШ мемхатшысы Хиллари Клинтон сырқатынан кейін жұмысқа алдағы аптада шығады. Бұл туралы бейсенбі күні АҚШ мемхатшысының қоғаммен және баспасөзбен байланыс жөніндегі көмекшісінің орынбасары Филипп Райнэс мәлім етті, деп жазады ИТАР-ТАСС.
Оның айтуынша, еуропалық турне кезінде асқазан жұқпалы індетіне шалдығып, кейін – Вашингтонға оралғаннан кейін – ағзадағы су құрамының жеткіліксіздігінен аяқ асты есінен танып құлаған кезде басынан жарақат алып, миы шайқалған Клинтон қазір денсаулығын үйінде отырып жақсартуда.
«Ол кеңсеге келесі апта келіп, жұмыс кестесін жаңартпақшы», - деді америкалық сыртқы саясат ведомствосы басшысының жақын көмекшілерінің бірі Филипп Райнэс.
Соңғы уақыттары мемлекеттік хатшы бірде-бір рет халық алдына шығып сөз сөйлеген емес, тіпті Таяу Шығысқа сапары да орындалмай, осы жылдың 11 қыркүйегіндегі ливиялық Бенгазиде америкалық миссияның талқандалуының себептерін зерттеу қорытындысын талқылауға арналған АҚШ Конгрессінде өтетін тыңдауда да сөз сөйлеуден бас тартты.
Болжам бойынша, қаңтар айында Хиллари Клинтон қазіргі қызметінен кетуі мүмкін. Ол оған жүктелген міндеттердің тым күрделі екенін айтып, бұрыннан осылай етпек ойда еді.
Клинтонның орнына мемлекеттік хатшы қызметіне келетін адамның есімі де белгілі. 21 желтоқсанда АҚШ президенті Барак Обама мемдепартамент басшысы қызметіне сенатор Джон Керриді тағайындаған болатын. Қазір ол АҚШ Конгрессінің сыртқы істер жөніндегі сенаторлық комитеттің төрағасы қызметін атқаруда. Америкалық дипломатияның жаңа басшысы кандидатурасын сенат бекітуі тиіс. Обама ол шешім жақын арада жасалады деген сенім білдірді. Бұған дейін қазіргі билік басындағы Демократиялық және оппозициялық Республикалық партиялардың сенаторлары бірауыздан 69 жасар Керридің кандидатурасын қолдауға ниетті екендерін көпшілік алдында жария еткені есімізде. Ендеше алдағы жылы Клинтонның орнын кім басатыны анық деп айтуға болады.
Дереккөз: bnews.kz