«NCOC» консорциумы біздің редакцияның сауалына А және D аралдарындағы (Солтүстік Каспий жобасының теңіз кешені) ахуал туралы жауабын ұсынды. Естеріңізге салсақ, ауа-райы салдарынан арал мұз құрсауында қалып («АЖ» №51, 20 желтоқсан 2012 жыл – «Аралдар қайраңда қалды»), азық-түліктердің жеткізілуіне қатысты кідірістер басталған еді. CAPE мен Kentech мердігер компания қызметкерлерінің (300 адамға дейін) арасында, атап айтқанда, вахта аяқталғаннан кейін аралдарды тастап кетуге мүмкіндік болмағандықтан наразы көңіл-күйлер болғандығы туралы хабарланды.
«НСОС»-тың мүдделі тараптармен жұмыс жөніндегі бас менеджері Эрикжан ИСЕНГАЛИЕВ біздің ақпаратты растап берді. Атап айтқанда, ол күннің күрт салқындауы мен қатты желдің салдарынан Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аудандарындағы кеме жүретін жерлерде су деңгейі төмендеп, оның А және D аралдарына кеменің келуін уақытша кідірткенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта осы уақытша қиындықтар консорциумнің және оның мердігер мекемелерінің күшімен шешілуде. Мамандардың бір бөлігі жаңа жылдық мереке қарсаңында аралдардан кетіп қалды, қалған қызметкерлер барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз етілді», - деп хабарлады Исенгалиев. Жұмысшылар арасындағы толқуға қатысты: «Мердігер мекемелер қызметкерлерінің бір бөлігі вахта ауысымы мен еңбекақының төленуіне қатысты туындаған мәселелерді анықтау үшін басшылыққа шықты» деді.
- Осы мердігер компаниялардың менеджменті жұмысшылармен кездесу өткізді. Оның барысында қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берілді. Содан кейін жұмысшылар өз міндеттерін орындау үшін кері оралды. Ахуал бақылауға алынған, - деп сендіреді консорциумдағылар.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА