25 желтоқсанда ҚР Қаржы полициясы агенттігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің бейне мәжілісі өтті.
Онлайн режиміндегі конференцияға агенттіктің барлық облыстық департаменттері қатысты. Екі мәселе – шағын және орта бизнесті қорғау және өз қатарларындағы жемқорлыққа қарсы әрекеттер турасында сөз болды. Жүргізілген талдаулар кәсіпкерлерді бақылаушы органдар өкілдері тарапынан тексеру азайғанын көрсетті: 2011 жылдың 10 айында тергеуге дейінгі тексеру және қылмыстық істі тергеу шеңберінде 1 680 тексеру жүргізілген, ал 2012 жылдың осы кезеңінде923 тексеру тіркелген. 2012 жылдың 11 айында қаржы полициясы 304 лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісін анықтады. Қылмыстық жауапкершілікке 146 лауазымды тұлға тартылып, 41-і сотталды. Атырау облысында бизнесмендердің шағымымен тексеруші және бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан 13 жемқорлық қылмысы әшкереленді. 11 пара алу фактісі, 1 лауазымдық құзіретін асыра пайдалану және 1 алаяқтық фактісі анықталды. Агенттіктің ішкі қауіпсіздік басқармасы қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқан 5 факті ашылды (2011 жылы – 18) және осылар бойынша 4 қылмыстық іс көтеріліп, 18 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Сандж» зерттеу орталығының жетекшісі Жанар ЖАНДОСОВА әр түрлі мемлекеттік органдардағы жемқорлық деңгейіне өз тәжірибелерінен баға беру үшін кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады. Осы «қадырсыз» рейтингтің «көшбасшысы» - кеден, одан кейін өрт қауіпсіздігі, СЭС, банктер және ең соңғы орында – қаржы полициясы.
Агенттіктің ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Нығметжан САПАРОВТЫҢайтуынша, 2012 жылы өз қатарларынан жемқорлық қылмыс бойынша 16 қылмыстық іс ашылған. Мысалы, ІҚБ қызметкерлері «Сити Лайт» ЖШС-ін тексеруді тоқтату үшін 30 мың доллар көлемінде пара алу кезінде Алматы қалалық ЭЖҚКД инспекторы У. ХАСАНОВ ұсталды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 21 маусымда 30 мың доллар пара алу кезінде Ақтөбе облыстық ЭЖҚКД тергеушісі А. ГОССЕН тұтқындалды.Ол да 10 жылға сотталды. Қаржы полициясының ішкі қауіпсіздік басқармасы бөлімшелері 2012 жылы 1 166 қызметтік тергеу жүргізіп, олардың 665 фактісі расталып, 709 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Агенттіктің кадр басқармасының бастығы Нұрлан ИТЕМГЕНОВ 20 желтоқсанда аяқталған аттестация қортындысын жариялады. Одан 3 052 қызметкер өткен. 267 адам жоғары лауазымдарға, 157-сі жұмыстан шығарылуға, 228-і лауазымын түсіруге, 143-і басқа жұмысқа ауысуға ұсынылды. Аттестациядан өтуден бас тартқан 63 қызметкер жұмыстан босатылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА