Желтоқсанның 20-ларынан бастап Құлманов көшесіндегі №129, 133, 133 А жеке үйлердің және Құрманғазы көшесіндегі №12, 14 үйлердің тұрғындары салқын су мен жылусыз қалды.
«Армада» ойын-сауық кешеніне қарсы осы шағын тұрғын үй массивінің тұрғындарының басына түскен бұл апаттың себебі – осы үйлерді сумен қамтамасыз етіп тұрған су құбыры Құлманов, 139 мекен-жайындағы көппәтерлі үйдің құрылыс алаңы аумағында қалған. Құрылысшылар су құбырын бұрып шығарған екен. Бірақ қалай десеңіздерші. Оны шеткерірек 20 сантиметр тереңдікке көме салған, ал ол аязға қатып қалған.
«Атырау Су Арнасы» КМК директоры Андрей ТАШЛЫКОВТЫҢ айтуынша, бас мердігер «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-не және қосалқы мердігер «АтырауПолимерСтрой» ЖШС-не 30 желтоқсанға дейін құбырды Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес (1 метрден тайыз емес) тереңдікке салып, сумен қамтуды қалпына келтіру қажеттілігі туралы нұсқама берілген. Әзірге АСА үйлерге автоцистерналармен су тасуды ұйымдастырыпты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ