Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі 1-қабатының бетон жабындысы опырылып қалған Сырдария, 5 мекен-жайындағы үй (бұрынғы жатақхана) тұрғындарының жай-күйі туралы ақпарат таратты («Іргесі сөгілген жатақхана» мақаласын қараңыз).
Бүгінгі күні 111 адам осы үйдің жанындағы мектеп-интернатқа, тағы 20-сы – Қарттар үйіне орналастырылған. «Олар үшін барлық жағдайлар жасалды: жылы бөлме, таза төсек, медициналық және психологиялық қызмет, үш мезгіл тамақ, тазалық құралдарымен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың үйлерінде қалған мүліктерін полиция тәулік бойы күзетке алған. Адамдар жаңа жыл мерекесінің қарсаңында осындай жағдайға тап болды, сондықтан да әкімдік жаңажылдық шырша мерекесі мен балаларға сыйлықтар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жағдай облыс және қала басшылығының тікелей бақылауында», - делінген баспасөз хабарламасында. Тұрғындар өздері үшін жақсы жағдай жасалғандығын, тамақтануға талондар берілгенін растап отыр.
Ең бастысы, Астанадан келген сарапшылар үйге зерттеу жүргізіп шықты, жақында қорытындысын шығару керек. Осыған байланысты №5 үй тұрғындарының алдағы тағдыры шешілетін болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА