Атырау, 25 қараша 04:18
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жылан тілін тапқан қыз

9 950 просмотра

- Сіздің үйіңізде мысық немесе ит бар ма? – деп сұрады менен талдырмаш қыз Айсұлу ЖҰБАЕВА.

- Мысық бар, бірақ...

- Міне, менің Жавандам мен үшін сіздің мамық жүнді үй жануарыңыздай, - деді ол нәзік иығында ширатылған үш метрлік питонды сипап отырып. – Менің жыланым әлі кішкентай. Питондар 10 метрге дейін ұзара алады.

 

ЖЫЛАНДЫ АРБАҒАН АРУ

Айсұлу – кәсіпқой биші. Хореграфиялық училищені бітірген,әлем халықтары билеріне маманданған. Қазір оған билеуге Жаванда есімді ұрғашы питон көмектеседі.

- Мен оны Малайзиядан арнайы тапсырыс беріп алдырдым. Өзім жастайымнан жыланмен билеген  бишілерді талай көргенмін, олар мені өз ерекшеліктерімен таң қалдыратын. Малайзияда болғанымда жыланды қайдан алып, Қазақстанға қалай жеткізуге болатыны туралы білдім. Анама ойымды айтып, телефон шалғам, үйде бала кезімізден бастап түрлі жан-жануарлардың болғанына үйренген ол келісімін берді. Айтылды – орындалды, - деп күлді Айсұлу.

Қазақстанға Жаванда нағыз жабайы боп келді. Ол айналасында ойда жоқта тап болған адамдардың одан не қалайтынын түсінбеді.

- Жыланмен би билеу, оны мойныңа жай асынып алу деген сөз емес. Ол өзінен адамдар не күтетінін түсініп, соны жасауы керек. Бұл - бишінің әріптесі ғой. Ал әріптес белгілі бір қозғалыс жасап, өз партиясын орындауы тиіс, - деді әңгімелесушім. – Басында үрейленген Жаванда мені тістелеп, тұншықтырғысы да келді. Бастапқы кезде оны қолыма алуға өзім де қорқатынмын. Оған бұл жерде кім қожайын екенін түсіндіріп, қаймықтыру үшін Алматыда болғанымда жылан үйретуші жалдадым. Сабақ үш айға созылды. Айсұлудың айтуынша, бұл жай ғана үйрету сабағы емес, бұл жылан мен адамның үйренісуі болды. Олар біртіндеп бір-біріне бауыр баса бастады. Ал бүгін олар тек биші әріптестер ғана емес, үлкен достар.

 

МІНЕЗДІ ҚЫЗ

- Жаванданың өзіне тән көңіл-күйі мен мінезі бар. Ол мейірім мен нәзіктікті жақсы көреді. Егер ол өзі қаламаса, бір нәрсе жасату мүмкін емес, сондықтан да мен одан келісім алуды үйрендім. Біздер бір-бірімізді белгілі бір энергетикалық деңгейде түсінеміз. Айтпақшы, Жаванда адамдарды айыра алады. Жақсы адамдарға жақындап, жаман пиғылды адамдардан бойын аулақ салады. Бұл тойларда билеген кезімізде анық байқалады, - деп өз көргендерімен бөлісті Айсұлу. – Менің ойымша, кез келген әртіс сияқты, Жаванда да халық алдына шығар алдында толқитын сияқты. Мен билер алдында оған ешкім тиіспеуін, суретке түсірмеуін қадағалаймын. Әйтпесе, ол өз ішіне бұғып алып, тастай боп қатып қалады. Мұндай жағдайда 25 килограмдық жыланды көтеріп, әдемі билеу өте қиынға соғады.

 

ЖАВАНДА ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

Үй ішінің сүйіктісі ретінде Жаванда пәтер ішін емін-еркін аралап жүретінін Айсұлу айтқанда қалай таңқалғанымды айтпай-ақ қояйын. Оның торлы орны (вольера) да жоқ.

- Сіз қазір менен жылан бізді қылғындырып, тағы басқа бірдеңелер жасайды деп қорықпайсыздар ма деп сұрағыңыз келіп тұрғанын білем, - деп күлді Айсұлу. – Жоқ, қорықпаймыз. Егер жылан тоқ болса және қауіп-қатерді сезінбесе, ешқашан бірінші шабуыл жасамайды. Біз оны тамақтандырамыз, еркелетеміз – ал ол бізге жамандық ойламайды. Біз оны қоянмен, кейде тышқанмен қоректендіреміз. Не істерсің, питонның азығы сондай. Қояндарды өзім асыраймын, ал тышқандарды жануарлар дүкенінен аламын.

- Жалпы, Жаванда – ақылды жылан, - деп әңгімеге Айсұлудың анасы Мәриям араласты. – Бір күні жазда біз кезекті қойылымнан үйге келдік. Кештеу қызым тағы бір жерге баратын болып, Жаванда демалып жатқан себетті әрі-бері тасымас үшін көліктің ішіне тастап кеттік. Белгілі бір уақыттан кейін мазасызданған көршім телефон соғып, біздің көлігімізде түсініксіз бір жайт болып жатқанын хабарлады. Сыртқа шығып қарасам, машинаның дабылы ойнап, дыбыс шығарғышы айқайлап тұр екен. Бұл Жаванданың ісі болатын. Салон ішінде ыстықтаған ол өзіне назар аударту үшін айнала қозғалған. Дабыл осыдан ойнаса керек. Бұл аз болғандай басымен клаксонды ұрғылаған.

- Негізінен, Жаванда түнде ояу жүріп, күндіз ұйықтайды. Ол менің төсегімде ұйықтағанды жақсы көреді. Бірде анам екеуміз жылан таңдаған жеріне жата ма, әлде қожайынының төсегіне жатқысы келе ме екенін тексеру үшін жататын орнымызды ауыстырдық. Жаванда бұрын мен жатқан, қазір анам жататын жерге келіп бір айналып, жорғалап маған қарай келді, - дейді Айсұлу.

Бұл - Жаванданың Атыраудағы бірінші қысы. Үй іші оның қыстан қалай шығатынына алаңдап, келе жатқан Жаңа жылдың иесі Жыланның жақсы тіршілігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасамақшы.

Тамара СУХОМЛИНОВА

26 желтоқсан 2012, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.