Соңғы екі жылда Жылыой ауданы Құлсары қаласының жылумен қамту жүйесін модернизациялауға жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген болатын - 200 млн теңгеге жаңа орталық жылу қазандығы қондырылып, тағы 325 млн теңге коммуникацияларды жөндеу мен ауыстыруға жұмсалды. Бірақ, міне - парадокс. Жылу жүйелеріндегі апаттардың орын алуы тыйылмай тұр.
Таяу күндері Құлсары қаласында 1-ші және 3-ші ықшамаудандардағы 5 үй жылусыз қалды. Оған себеп - орталық учаскедегі құбырдың жарылуы.
- Ол күні ауа температурасы 20 градус аязға дейін түсіп кетті. Бағымызға қарай біз апатты тез арада жойып, қаладағы басқа 87 көпқабатты үйдің жылу жүйесін қатырып алмаудың амалын қарастырдық, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Райымбек СҮЛЕЙМЕНОВ.
Апатты жою жұмыстарына «ҚазТрансОйл» ЖШС, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, «КОССК» ЖШС жұмылдырылды. Олар техникамен қамтамасыз етіп, өз ақшаларына жарты шақырымдық құбырларды ауыстырды. Бұл да алаңдатып отыр. Қиын шақтарда билік ірі мекемелерге үміт артады. Ал бюджеттен жылумен қамту жүйесін жетілдіруге ірі ақша бөлініп жатыр. Модернизацияланған жүйе қазірден сыр беріп жатса, бұл ақшалар қайда салынып жатыр? Бұл риторикалық сұрақтардың қатарына жатады, әрине.
- Бізді мазалап тұрғаны - өткен жылы «ЭРА» ЖШС жертөледегі жылу құбырын пластикке ауыстырғанымен үйлердің стояктарына қоспай кеткен болатын. Оның себебін сұрасақ, серіктестік басшылығы сметалық жобада қарастырылмаған дейді. Осы себептен жағдайы төмен отбасылар өз пәтерлерін жылыта алмай отыр, - дейді тұрғындар.
Соңғы жылдарыкөптеген құлсарылықтар өз пәтерлеріне автономды жылу қазандығын орнатып алған. Бұған басында ешкім кедергі болмаған, ал қазір газшылар оны қондыруға рұқсат бермей отыр.
- Біз ешкімді жылусыз қалдырмаймыз,- дейді Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВ. - «Эра» ЖШС жылуды бірінші қабаттың стояктарына қосуды өз міндетіне алды. Бұл жұмыс 60 пайызға орындалды, жалғасын тауып жатыр. Ал автономды жылу қазандығын тұрғындардан алмаудың жолын қарастырып жатырмыз. Қазір қосымша апатты жою бригадасын жасақтауды қолға алдық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА