Із-түзсіз жоғалып кеткен шекарашы Мейірхан ИМЕНОВТІҢ әкесі Сағындық ИМЕНОВ (суретте) Талдықорған қаласынан үйіне оралды. Онда өткен сот Владислав ЧЕЛАХТЫҢ өмір бойы жазаға кесілуімен аяқталған болатын.
- Сағындық, сіз сотқа бастан-аяқ қатыстыңыз. Қандай әсер қалдырды сізге?
- Мен басқалар үшін жауап бермеймін, өз басым бұл сотты әділетсіз болды деп есептеймін. Істің күмән мен күдік келтірер тұсы көп болды. Бір жағынан маған Челахтың өзінің ұстанымы түсініксіз болды. Ол өзін өте түсініксіз ұстап, үкім оқылғанда тым жайбарақаттық танытты. Соттың бірде-бір отырысын қалдырған жоқпын, мен Мейірхан туралы бір дерек білем деп үміттенгем.
- Сотта сіздің балаңызға қатысты жаңа бір жайттар анықталды ма?
-Жоқ. Сіз білетіндей, үш сарбаздың сүйегі Германияға сараптамаға жіберілген болатын. Онда олардың біреуінің ғана сүйегін анықтады, ал Мейірхан мен тағы бір Рей деген жігіттің тағдыры сол күйінше анықталмаған болып қалды. Маған Астанада Мейірхандыкі деп бір тұтас жіліктің суретін көрсеткен, Ал соттағы бейнежазбада Мейірхандыкі деп уақ сүйектермен таныстырды. Сонда тұтас жілік қайда кетті? Мен осыны сұрағанымда прокуратура жауаптан жалтара бастады. Айналғанда сүйек Мейірхандыкі емес деген қорытынды жасады. Сүйектерді қанша қатты күйік шалса да, адамның кім екенін мүлдем анықтауға болмай ма? Не болса да бұл жағдай жұмбақ күйінде қалып тұр. Бас прокуратура Мейірхан жөнінде ресми түрде ештеңе мәлімдеген жоқ.
- Соттың үкіміне басқа сарбаздардың ата-аналары қалай қарауда? Енді бұл жабық тақырып күйінде қалады деп есептеуге бола ма?
- Ата-аналардың кейбірі Челахты кісі өлтіруші деп есептеп, сот үкімімен келісті. Енді біреулері Челахқа берілген жазаға әлі күнге күмәнмен қарайды. Ал мен ұлымның бір дерегін білмей тыныш отыра алмаймын. Әйелімнің қасірет шеккен, бауырларын іздеген ұлдарымның жүзіне қарау мүмкін емес. Мейірханнан кейінгі 1993 жылғы ұлым Нұрсұлтан осы күзде әскерге аттану керек еді. Мен жібермедім. Себебі үкімет ұлдарымыздың амандығына, саулығына салғырт қарап отыр деп есептеймін. Ал көріпкелдер «ұлың тірі» деп отыр. Сондықтан отбасымыз күдерін үзген жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА