Атырау, 25 қараша 04:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үлкен вахта аяқталды

2 805 просмотра

Солтүстік-Каспий жобасында жұмыс жасайтын жұмысшылардың саны нысандар құрылысының аяқталуына байланысты жаппай қысқаруда. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының деректері бойынша «Болашақ» (Қарабатан) зауытындағы қызметкерлер саны 1,7 мыңға дейін төмендейді (Қарабатандағы құрылыстың қарыштаған кезінде мұнда 23 мыңға дейін адам жұмыс жасаған). Теңіз аралдарында жұмыс істейтіндер әзірше тұрақты қалпында – 5,5 мың адам. Алайда алға қарай оларды да қысқартулар күтіп тұр.

КЕРІ АЛМАЙДЫ

«Қарашада «Болашақтан» 2 661 адам жұмыстан босады, теңіз кешені қызметкерлерінің қысқару мерзімдері туралы әзірге ақпараттар жоқ», - дейді жұмыспен қамту басқармасы.

Жаппай қысқартуларға қарамастан, уақытша нысандарға ұсақ партиялармен қызметкерлер таңдау жалғасуда. Бір ай бұрын бір мердігер компания теңіз аралдарындағы жұмыстар үшін тек тазалаушылар мен асхана қызметкерлерін жинады. Бір ерекшелігі барлық жұмыс берушілер – Аджиптің мердігерлері мен қосалқы мердігерлері – жобаның аяқталуына жақын қалғанда жаңа кадрларды оқытуға, теңіз жұмыстарына арналған ақылы тренингтерге ақша бөлгілері келмейді. Олар жұмысқа қолдарында «теңіз» сертификаттары бар «дайын» кадрларды ғана шақырады.

Қысқартуға ұшыраған жұмысшылар кадрлық жұмыстармен айналысатын рекрутингтік компанияларға өкпелі. Өйткені, олардың айтуынша, тек бірінші рет жұмысқа тұрайын деп жатқан кадрларды жинау керек деген тапсырма бар екенін алға тартып, бос жұмыс орындары бола тұра қабылдамайды екен.

- Осы жобада бұрын жұмыс жасаған адамдардың барлығы Аджип ҚКО деректер базасына енгізілген, - дейді жұмыс іздеуші бір жас жігіт.– Міне, осы себеппен мені бірнеше рекрутингтік компаниялар жұмысқа орналастырудан бас тартты. Олар мұны неге істейді дейсіздер ғой? Мәселен, менің бұл турасында бірнеше болжамым бар: мүмкін қазақстандық мазмұнның жоғары пайызын көрсету үшін  статистиканы қолдан көбейтетін шығар. Мүмкін, Аджип мердігерлерге ақша бөлуді жалғастырып жатқан болар. Егер бізді жұмысқа алмаса, біз қағаз жүзінде жұмыс жасап жатқан болып саналып, жалақыны басқа біреулер алып жатыр ма? Бұл жобада ақшаны санап жатқан ешкімнің жоқтығы, босқа ысырап болып жатқаны барлығына белгілі ғой. Қазақстандықтарды қысқартып жатыр, индустар да, поляктар мен румындар да кетер, итальяндықтар қалады...

Болжамдар, бір қарағанда, қисынсыз көрінгенмен, бұл әңгімелер облыстың еңбек нарығында шиеленістердің бар екендігіне куә болары анық.

 

МҰЗДЫ СЫНАҚ

Әлемдегі ең қымбат жоба (CNN Money болжамы бойынша $116 млрд) әлі мұнай өндіруді бастамаса да, үлкен проблемаларға кездесуде. Консорциумға, ең алдымен, сатып алуға келмейтін – табиғат-ана қарсылық көрсетуде. Өткен аптада суық күнде шығыстан соққан дүлей желдің кесірінен таяз судағы теңіз кешені мұз қоршауында қалды («АЖ» №51 20.12.2012 ж. «Аралдар қайраңда қалды» жарияланымын қараңыз). Осының салдарынан вахталары біткен жұмысшылар құрлыққа жете алмай, аралда азық-түлікпен қамту (тіпті шектеулер де енгізілді) мен тұрмыстық қалдықтарды шығару  проблемалары пайда болды. Құрлықтағы Аджип ҚКО азық-түлік қоймаларының қызметкерлері демалыссыз бірнеше күн аралға жеткізілетін азық-түлікті тікұшаққа тиеумен болды.

Осыларға байланысты CAPE және Kentech компанияларының 300-ге тарта жұмысшылары ереуілге шықты деген қауесеттер де бар. Консорциумнан осы жағдайлар бойынша түсінік берулерін өткен аптадан бері күтудеміз.

 

ЕСКІ ТІЗІМ ЖАңА КЕЛІСІМ-ШАРТПЕН

NC Production Operations Company B.V. (NCPOC– өндірісті қолданудың келесі барлық кезеңдерінде басшылық ететін ҚМГ бен Шеллдің біріккен кәсіпорны) басқарушы директоры Ханс БАККЕР осындай қиыншылықтарға қарамастан, бірінші мұнай ағыны белгіленген мерзімде болатынын хабарлады.

- Біз Қазақстан үкіметіне мұнай өндіруді келесі жылдың маусым айы ортасында бастаймыз деп сөз берген едік. Алайда, іс жүзінде, өндіріс бұдан ертерек – көктемде басталады. 2012 жылға наурыз айында өнеркәсіптік-сынақтық әзірлемені бастап, маусымда коммерциялық өндіріске шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол тәулігіне 75 мың баррель мұнайды құрау керек.

Ал қызметкерлер турасына келсек, жақында Атырауда өткен NCPOC-тың жаңа кеңсесі «Риверсайдты» ашу салтанатында Баккер мырза Қарабатанда қысқарған 2,2 мың адамды компания жұмысқа алады деп хабарлаған болатын. Ал шынтуайтына келгенде, бұл жағымды жаңалық басқаша болып шықты. Жұмыспен қамту басқармасы түсіндіргендей, бұл жұмыс орындары Аджип ҚКО-ға тиесілі барлық қызметкерлерді NCPOC-қа жаңа келісім-шарт бойынша ауыстыру нәтижесінде жасалады.

 

АФРИКАЛЫҚ «БҮЛІКШІ»

Ханс Баккер NCPOC басшысы болып Габон үкіметі мен Royal Dutch Shell Plc-тің біріккен кәсіпорны - Shell Габон басшысы лауазымынан 2008 жылы ауысып келген болатын. Оның ауысып келуіндегі қызықты жағдай. 2008 жылы наурызда бұл мұнай компаниясы мұнай өнеркәсібі жұмысшыларының ұлттық кәсіподағының 12 күндік ереуілінен тоқтап қалған болатын. Кәсіподақ сол кезде Габонның мұнай секторында жұмыс жасайтын 5 мың жұмысшының 4 мыңын көтерген еді. Мұнайшылар жұмыс орындарына тек мемлекет басшысы Омар Бонго ОНДИМБА мен кәсіподақ көшбасшылары арасындағы келіссөздерден кейін оралды.

Ереуілге шыққандар бас директор Ханс Беккердің жұмыстан кетуін сұрап, бірнеше әлеуметтік талаптар қойған еді. Қорытындысында компания ереуілшілердің талаптарына құлақ асып, әлеуметтік салада 12 күн ішінде 30 млрд франк жоюға мәжбүр болған. Баккер орнында қалған, алайда бірнеше айдан кейін Қазақстанға ауыстырылды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

26 желтоқсан 2012, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.