20 желтоқсанда облыстағы табысты кәсіпкерлерді дәстүрлі марапаттау рәсімі болып өтті.
Бұл шара 2000 жылдан бастап өткізіліп келеді. Ең алғашқы марапатты Нұрлан МҮТӘЛИЕВ алған болатын. Конкурс номинациясы белгілі бір бизнестің өзектілігіне байланысты жыл сайын өзгеріп отырады, алайда «Үздік кәсіпкер», «Кәсіпкер әйел» және «Шаруа қожалығы» санаттары өзгермейді. Рас, бұл жолы бұлардың соңғысын «Ауыл бизнесі» деп ауыстырған.
– Ауылда мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығынан басқа, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Біз өз тарапымыздан ауыл кәсіпкерлеріне бизнес-жоспарлар жасауға, сұранымдар жазып, шағын наубайханалар, көлік жөндеу орталықтарын, тұрмыстық үйлер және т.б. ашу үшін шағын несиелер алуға көмектесеміз.Бұзылған үтікті жөндеу үшін қалаға бару орынсыз ғой. Мұндай қызметтер сол ауылдық жерлерде көрсетілуі тиіс, - дейді Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА.
Ауыл кәсіпкерлері белсенділік таныта бастаған. Қызылқоға ауданында екі жылдан бері өздерінің бизнесмендер конкурсы өткізіліп тұрады. Мақат ауданы да олардан үлгі алуды жоспарлап отыр.
Ал облыстық ауқымда марапаттар былайша бөлінді: Асқар САППАЕВ (оның «Эталон» жарнама агенттігі 2003 жылы ашылған, сыртқы және ішкі жарнаманы негізгі жеткізушілердің бірі боп табылады – баннерлер, қалқандар, лайт-бокстар, сувенир өнімдерін брендтеу) пен Александр КИМ («Юникорн ССС» ЖШС өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғауды оқыту және тексеру саласында қызмет көрсетеді) «Қызмет көрсету саласының үздігі» боп танылды. «Атырауда жасалған» номинациясы бойынша жүлдеге ие болған Бауыржан ӘЖІҒАЛИЕВ басшылық ететін «Рауан Налко» бірлескен Қазақстан-Американ кәсіпорнының басты өнімі – мұнай-газ өндіруші өнеркәсіпке арналған химиялық реагенттер. KZ сертификатын алғашқылардың бірі боп алған «Рауан Налко» тек біздің өңіріміздегі ғана емес, бүкіл Қазақстандағы ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетеді, тіпті бүкіл ТМД кеңістігіндегі бірден-бір химиялық реагенттер өндіруші болуға үміткер бола алады.
«Атырау инновациясы» номинациясында Олег НАМ үздік деп танылды. Ол басқаратын «Компас Сервис» ЖШС-нің негізі 1998 жылы қаланған. Инновациялық өнімі - ISC COMPASS бақылау және басқару шкафы өндірісі. Оған авторлық құқығы 2011 жылдың тамызында патенттелген болатын.
«Жас кәсіпкер-2012»болып«Алекс Мебель» ЖК-не басшылық ететін Александр ЕГАЙатанды. Кәсіпорынның Атырау бизнес-инкубатор алаңында жұмыс істеп келе жатқанына үшінші жыл болды.
Мақат ауданының жеке кәсіпкері Қанат АЛДИЯРОВ «Ауыл бизнесі» номинациясында жеңімпаз атанды. Ол аукционнан жұмыс істемей тұрған нан мен кондитерлік өнімдер шығаратын комбинатты сатып алып, өндірісті қайта жолға қойды. Бүгінде комбинат нан-бөлке өнімдерінің 32 түрін шығарады. Ал кәсіпкер мейманхана ашып, өз қызметін кеңейтті. Ет комбинаты мен балабақша ашуды армандайды.
«Үздік кәсіпкер әйел» номинациясына Қызылқоға ауданынан Шахар ЕСЕНБАЕВА ие болды. Бизнес саласында келе жатқанына 16 жыл болған, азық-түліктер сатумен айналысады. Аз қамтылған отбасылар одан төмен бағамен азық-түліктер сатып ала алады.
Ал Ибрагим АҚДРАШЕВ «Кәсіпкер-2012» ( «НефтеСтройСервис ЛТД» компаниясының тобы) жүлдесін жеңіп алды.Бұл кәсіпорын көппрофильді – құрылыспен, ауыл шаруашылығымен, медициналық қызметпен, көтерме-бөлшек саудамен және т.б. айналысады. ТШО, Паркер Дриллинг, Арктик Констракшн және басқа кәсіпорындардың тікелей мердігері боп табылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА