Ермек Тұрсынов үйсіз жүрген актерге баспана сыйлады. Мұндай жомарттықты режиссер "Құлагер" ұлттық киножүлдесі аясында жасаған. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын біздің арна Тұрсыновтың "Шал" фильмінде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақов күркедей жатақхана бөлмесінде тұрып жатқандығы туралы хабарлаған болатын.
Ерболат ТОҒЫЗАҚОВ, актер:
- Шынымды айтсам, үйге ешқашан қонақ шақырмаймын. Оның басты себебі, қарапайым жағдайымды көрсету ыңғайсыз. Менің басты ұраным - бәрі жақсы болады. Соған сену керек...
Бір жарым ай бұрын осылай деп, жағдайын түсіндірген Ерболат Тоғызақов енді баспаналы болды. Шал "Жылдың ең үздік фильмі" номинациясында жүлдегер атанып, картинаның режиссері мен басты рөлде ойнаған актер сахнаға шығарылды. Ермек Тұрсынов дәл осы сәтте өзіне тапсырылған кейіпкер образын асқан шеберлікпен ойнап шыққан 64 жастағы қарияға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен. Тосын сыйдан абыржып қалған Тоғызақовтың көңілі де босап кетіпті. Тұрсынов 55 мың АҚШ доллары тұратын баспананы жалғыз емес, іскер достарымен бірлесе алған екен.
Дереккөз: 31.kz