24 желтоқсанда ертемен Атырау қаласы Сырдария көшесіндегі 5-үй мекен-жайында орналасқан бұрынғы Химия зауыты жатақханасының бірінші қабатындағы еден опырылып түсті. Бағына қарай, құрбандар мен жапа шеккендер жоқ.
– 24 желтоқсанда кезекші пультіне 06.20-да Сырдария көшесі, 5 мекен-жайындағы отбасылық типтегі жатақхананың цокольді қабатындағы дәлізде бетон жабынының құлап түскендігі жөнінде телефон арқылы хабарлама түсті, -деп хабарлады ТЖ баспасөз қызметіндегілер.
Ойық көлемі шамамен 2х3м. Цокольды және 1-қабатта жарылған жылу тұрбасының буы шығып жатыр. Оқиға болған жерде Батыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағының, Атырау облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметтерінің құтқарушылары, коммуналдық қызметтер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Жағдайдың осылай боларына тұрғындар дайын болғандықтан, ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болды. Көп жылдан бері олар адам төзгісіз жағдайға шағымданып, барлық құзырлы орындардың табалдырығын тоздырған: ғимарат апатты жағдайда, шатырдан су ағады, су да, орталық газ құбыры да жоқ, жылу мен электр қуаты іркіліспен беріледі. Ал жертөледен шығып жатқан бу біртіндеп жабын плитасын жеп, әлсіреткен.
– Сенбі күні, 22 желтоқсанда алғашқы екі плита құлап түсті. Біз ТЖ қызметі мен әкімдікке хабарластық. Арнайы машиналар келіп, жертөледен суды сорып шығарды. Бізді қорқынышты ештеңе жоқ деп сендіріп, өз пәтерлерімізге баруға кеңес берді. Бірақ біз қауіптендік. Көз ілмедік деуге болады. Бүгін таңғы сағат 5-тен бері бәріміз аяғымыздан тік жүрміз. Ғимараттың сол жақ бөлігінің едені опырылып түсті, - дейді осы жатақханада 7 жылдан бері тұратын Дина БЕКТІЛЕУОВА. Мүмкіндіктері бар көршілердің бір бөлігі ұсақ-түйек заттарын жинап, туыстарының үйіне апарып тастаған. Ал заттарын апаратын жерлері жоқ жандар комиссияның шешімін күтуде. Қыстың қақаған суығында далада қалып, жаңа жылды қазыналық мекеменің қабырғасында қарсы алатын түрлері бар. Бұл туралы тұрғындар әзірге ойламауға тырысады.
89 пәтерлі үй 1990 жылы салынған. Алдымен отбасылық жатақханада химия зауытының қызметкерлері тұрған, кейін ғимарат жекешелендіріпті.
Жатақханаға жақын маңда орналасқан №7 мектепте уақытша штаб құрылып, бұл жерде тұрғындарды тіркеу жүргізіліп жатыр. Тіркеушілердің айтуынша, әзірге 60 отбасын орналастыру мүмкін болыпты. Олардың бір бөлігі қазіргі уақытта есту қабілеті бұзылған балалар тұратын бұрынғы интернаттың ғимаратына, басқа бөлігі қарттар үйіне жіберіледі.
- Қазір ғимаратқа қатысты мәселені шешетін сараптама тобы құрылды, - дейді қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ. – Егер сарапшылар ғимаратты жөндеуге болады деген пікірге келсе, біз жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Егер ол жөндеуге келмесе, тұрғындарды көшіруге тура келеді.
ҚАЗЫНА ҮЙІНЕ ЖОЛ
25 желтоқсанда апатты жатақхананың тұрғындары кеше ғана үйлері болған ғимараттың жанына тағы жиналды.
Адам төзгісіз жағдайға шыдай алмаған бұлардың көпшілігі өз тұрмыс жайларын бұрыннан да түзеуге тырысқан екен – бірі пәтер сатып алса, бірі жер алып, үй салған, ал бөлмелерін жалдап қойған. Бүгінгі күні осы үйде тіркелген 89 отбасының тек 30-ы ғана осында нақты тұрып жатыр. Дәл осы адамдардың күшімен жыл сайын ақша жиналып, электр желілері мен кәріздері жөнделетін, бір сөзбен айтқанда, ағымдағы коммуналдық мәселелер шешілетін. Едені опырылып түсіп, қабырғасы құлаған пәтердің иесі Болат МОЛДАҒАЛИЕВ ағымдағы жөндеуді жүргізген сол белсенділердің қатарынан. Электр жарығы сөнсе, құбыр жарылса, көршілері Болатқа жүгіретін және ол ұлдарымен бірге әр кез көмек беруге дайын болатын. Ал еден бұлар үй ішіне жасаған өзгертулер нәтижесінде құлады деген айыптауларды ол жоққа шығарады:
- Мен бұл үйге көшіп келгеннен бері еш нәрсе өзгерткен жоқпын. Бір қабырға көптен жарылып тұрған, біз тіреуіш жасадық. Нәтижесінде кіреберіс пен дәліздегі еден опырылып түсті. Біз балкон арқылы шығып үлгердік. Заттарды да осы жолмен шығарып алдық, - дейді үй иесі.Оның сөздерін біздің тілші түсіріп алған суреттер де растайды: бөлме есіктері жоғарыдан түскен салмақтан қисайып кеткен.
Билік қазір үйге дер кезінде жөндеу жүргізілмей, осындай күйге жеткізді деп үй тұрғындарын айыптап отыр. Егер тұрғындардың көпшілігі жөндеуге бір тиын бергісі келмейтін жалдаушылар болса, қалай жиналуға болады? Нәтижесінде барлығы қолдарын бір сілтеп, жатақтан құтылудың жолдарын іздеді. Бақыт СМАЛЫҚОВА сату туралы хабарландыру беріп, енді ғана сатып алушылармен кездескелі отырған, бәрі зая кетті.
Түнде тұрғындарды түрлі интернаттар мен жатақханаларға бөліп орналастырған. Біреуі де тыныш ұйықтай алмады.
- Интернатта салқын, медбике дәрі, жағатын май да жоқ. Біреудің құлағы үсіп кетті, біреудің қысымы көтерілді, көмек жоқ. Арамызда ауыр науқас Қапия ҚАЗМҰХАНОВА деген әйел бар, түнде қысылып, жедел жәрдем алып кеткен, интернатқа кері әкеліп тастапты. Ал бізді МАИ қасындағы бір жатақханаға жіберді. Онда қарақалпақтар тұрады екен. Суық, мас келімсектердің айқай-шуы, былапыт сөздер. Түнімен ұйықтамастан, сырт киіммен отырдық, - деп шағымдарын айтты тұрғындар.
Балаларын ағайын-туыстарының үйлеріне орналастырып, жұмыстарының бәрін тастап, биліктен бір жақсы хабар бола ма деп жатақхананың маңын торуылдап жүр бәрі. Дәл осылай жалғаса бермейтіні түсінікті. Жұмыстан үнемі босата бермейтіні белгілі ғой, сондықтан да өмір өз ырғағына түсу керек. Әкімнің орынбасары Нұрлығожиевтың «Ғимаратты не жөндеу, не бұзу қажеттілігін анықтау үшін Алматыдан тәуелсіз сарапшы келе жатыр» деген сөзін бір-біріне айтып, көңіл алдандырады. Адамдарды бәрінен бұрын осы белгісіздік қорқытады - қашан бұлардың тағдыры шешіледі, қашанғы біреудің есігінде телміріп жүрмек? Жатақханаға ешқайсысы қайтқысы келмейді, тіпті күрделі жөндеу жасалғанның өзінде, қауіпсіздікке кім кепілдік бере алады? Осыдан кейін кім балаларын үйге тастап, алаңсыз жұмыс жасай алады?
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ