Атырау, 10 желтоқсан 01:03
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Бақылау бейнежазбасы

2 015 просмотра

20 желтоқсанда ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей КРАВЧЕНКОНЫҢ төрағалығымен кәсіпкерлік мәселелері бойынша кезекті бейне конференция өтті. Оған «Атамекен одағы» ҚҰЭП-ның басқарма төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, бизнес қоғамдық ұйымдарының басшылары, Кедендік бақылау комитетінің өкілдері қатысты.

Әңгіме «Шенеунік және кәсіпкер» акциясын жандандыру, әр өңір бойынша бизнес карталарын жасау туралы өрбіді. Кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша барлық бақылау-қадағалау органдарында тексеруді тағайындау туралы бірыңғай акт нысаны әзірленетіндігі және ол Тексеруді мемлекеттік тіркеу, есепке алу және бақылау қағидасында тіркелетіндігі хабарланды. Таяу уақытта Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саланы қадағалау бойынша департаментінде кәсіпкерлік туралы заңның қолданылуына бақылау жасайтын арнайы бөлім құру жоспарлануда.

Ал Атырау облысына келетін болсақ, облыстық прокуратураның анықтамасына сәйкес, жыл басынан бері осы салада 447 құқықбұзушылық анықталды, 89 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 30 жеке кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды. Атыраулық прокурорлардың бағалауынша, жиі кездесетін бұзушылық тағайындалуы туралы актіні енгізбей тексеру жүргізу болып табылады. Басқаша айтқанда, бұл тексерулер заңсыз.

Бас прокуратураның барлық ел аумағында жүзеге асырып отырған «Бизнес тiрегi» (http://pravstat.prokuror.kz) жобасы арқылы тексерудің заңдылығы туралы ақпарат алуға және қажет жағдайда мемлекеттік органдар үстінен шағым айтуға болады. Атырау облысында осы ресурс арқылы кәсіпкерлерден 29 шағым келіп түсіп, осылар бойынша 25 тексеру жүргізіліп, 11 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, сайтқа «Серпер-2» ЖШС директоры атынан шағым кеп түсті. Онда Құрманғазы ауданы ІІБ-нің жол полицейінің тексеру жүргізу тәртібін бұзу заңсыз әрекеті жөнінде баяндалған. Прокуратура тексерудің негізсіз жүргізілгенін анықтап, жол полицейі тәртіптік жазаға ұшырады.

Біз облыстық прокуратурадан кәсіпкер Жәмила ТУКЕЕВАНЫҢ жер телімін заңсыз тартып алынғаны жөнінде сұрастырған едік. Еске сала кетсек, бірнеше жыл бұрын қалалық әкімдік оның жерін мемілекет қажеттілігі үшін алып (көппәтерлі бюджеттік үй құрылысына), баламалы жер телімін берместен кеткен («Мұнда бәрі бізге қарсы» мақаласын қараңыз). Бұл мәселеде, тіпті, екі премьер-министрдің – бұрынғы Кәрім Масімов пен қазіргі Серік Ахметовтың өкімдері де тыңдалмаған.

- Иә, біз «Атамекен одағы» ҚҰЭП Атырау филиалынан осы кәсіпкердің шағымы бар хат алдық, қазір осы мәселелермен айналысып жатырмыз, - дейді облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарға бақылау жасау басқармасының бастығы Қайрат УТЕУЛИЕВ. – Тергеу нәтижелері туралы хабарлайтын боламыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

24 желтоқсан 2012, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.