Бүгін, 21 желтоқсанда таңертең Атырау қаласының тұрғын үй массивінде электр қуаты ажыратыла бастады.
Азаттық даңғылының, Әуезов көшесінің бойындағы бірқатар үйлерде, Ескі қалада, Атырау ықшамауданында, Балықшы поселкесінде жарық өшіп қалды. Қалалық электр тарату желілері кәсіпорнының бас инженері Қуат СИСЕНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, электр сымдарының үзілуіне күшті жел мен қардың жаууы себеп болған. «Шақыртулар көп, біздің бригадалар қолдарынан келгенше әрекет жасап жатыр» дейді ол.
Редакцияға Атырау мен Лесхоз ықшамаудандарының тұрғындары абыржыған күйде қоңырау шалды. Олар электр қуаты жоқ болғандықтан, үйлердегі жылу қазандықтарының тоқтатылғандығын және бөлме температурасының суып бара жатқанын хабарлады.
«Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ директоры Жұмабай ҚАРАҒАЕВ бұл жағдайдың бақылауда екендігін хабарлады. Үзілген сымдарды жөндеумен «Атырау-Жарық» АҚ-ның 15 жөндеу бригадасы айналысуда. Оның айтуынша, Лесхоз бен Атырау ықшамаудандарындағы электр тарату желілеріндегі ақаулар жойылып, енді жөндеушілер Жұмыскерде жұмыс жасап жатыр екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ