Атырау, 20 сәуір 14:05
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Айболат, Әбілмансұр және Пеле

2 869 просмотра

Сан-Паулудағы «Оле Бразил» футбол академиясының үш жылдық курсының түлегі Алексей РОДИОНОВ облыстық «Атырау» футбол командасының қосалқы құрамында және U-19 Қазақстан жастар құрамасында өз өнерін көрсетіп жүр. Ал қосалқы құрамға қосылу үшін әлі көп нәрсені дәлелдеуі керек еліміздің U-17 жасөспірімдер құрамасының және «Атырау» ФК дайындық тобының мүшелері Айболат МАКУОВ пен Әбілмансұр РАШЕТОВ Бразилиядан өздерінің алғашқы үш айлық демалыстарына келді.

Айболат пен Әбілмансұр 2010 жылы Премьер-лига командаларының дайындық топтары арасындағы чемпионатта қола, ал өткен жылы күміс жүлдегерлері болып үлгерді. Екеуінде де Айболат үздік сұрмерген атанды.

«Атырау» ФК қосалқы құрамының бас бапкері Тимур ҮКІБАЕВ Әбілмансұрды Қазақстан жасөспірімдер құрамасының үздік шабуылшысы деп есептейді:

- Оның ең жақсы қасиеттерінің бірі – «маңызды» голдарды соғатындығы. Өте шапшаң, бапкер тапсырмасын бұлжытпай орындайтын, кез-келген амплуада ойнай алатын әмбебап ойыншы.

Өткен жылдың қараша айында Шымкентте Қазақстанның 20 жасөспірімдер командаларының арасында өткен турнирде «Оле Бразил» академиясының бапкері Тьяго КОЗЛОВСКИ бірнеше үздік ойыншыларды Бразилияға футбол оқуына таңдап алған болатын, ішінде Айболат пен Әбілмансұр да бар.

Бразилияға келген біздің жігіттер ең алдымен медициналық байқаудан өтіп, бір апта серуендеп, демалғаннан кейін жаттығуға кірісті. «Оле Бразил» академиясы – бұл футбол алаңдары, саябақтары бар үлкен спорттық-жаттығу кешені. Онда Айболат пен Әбілмансұр  ыңғайлы 2 орындық бөлмеде тұрады және күніне 4 мезгіл тамақ ішеді. Шәкірттер жаттығулардан бөлек жергілікті құрдас футболшылармен жолдастық кездесу өткізеді, «Копа Паулишта» өңірлік чемпионатына қатысады. Жыл қорытындысы бойынша олар чемпионатта футболдан 3-орын, футзалдан 2-орын алды.

- Мені таңғалдырғаны барлық бразилиялық балалардың ата-аналары балаларының қатысуымен өткен бірде-бір ойынды жібермейді және белсенді жанкүйерлік етеді. Олар - шын мәнінде футбол ұлты, - дейді Әбілмансұр.

Футбол королі Пелемен оның туған қаласы Трес-Корасойнседе кездесу балаларға ұмытылмас үлкен әсерін тигізді. Эдсон Арантис ду Насименту балаларға:  - Әдемі ойнаңдар, бір-біріңді құрметтеңдер және өз голдарыңды бейбітшілік ісіне арнаңдар! - деп өсиет айтты.

Атырауға каникулға келген Айболат пен Әбілмансұр бірі педагогикалық колледждегі, екіншісі №13 ұлттық гимназиядағы оқуларына кірісті. - Бұрын 4 пен 5-ке оқитын едім, қазір үш алып қалдым, - деп мойындайды Әбілмансұр. Сабаққа дайындалу керек, тек футболдан үздік болу аздық етеді...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

20 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.