Сәнге айналған есімдер өзгеріп отырады. Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері атап өткендей, оған салмақты саяси оқиғалардан бастап жаңа сериалдардың басталуына дейінгі нәрселердің барлығы ықпал ететін көрінеді.
2012 жылы 13 желтоқсандағы ахуал бойынша Атырау облысында 8356 сәби дүниеге келген. Олардың әрқайсысына ата-аналары әдемі есім бергісі келеді. Бірнеше жылдан бері Аиша (қысқа «й» әрпінің орнына жай «и» әрпі және екпін бірінші буынға түседі), Әмина, Анель, Жасмин, Саида, Анастасия, Карина, Алина, Арина, София деген қыз балалардың есімдері кең тараған. Ұл балалардың арасында Әлихан, Арсен, Александр және Давид есімдері көш бастап тұр. Нұрсұлтан есімі өзгеріссіз алдыңғы орында, көбінесе, желтоқсан айында туған ұлдарға осы есім беріледі. Бүгінде көпшілік есім таңдауда киелі кітаптарға жүгінеді. Балабақшаларда Ислам, Ескендір, Дінмұхамед, Рамазан, Бибі-Фатима, Бибісара, Кәусар, Айша деген есімдер көп. Поп-жұлдыздар мен әсіресе, түрік сериалдарының актерлары да өз үлестерін қосып, Әмір, Санжар, Ясмин деген есімдер де жиі қойылып жүр.
Құрлықтық немесе дүниежүзілік ауқымдағы ірі спорттық оқиғалар да осындай есімдерге әсерін тигізеді. Биыл біздің облысымызда бірнеше сәбидің есімдерін Олимпиада деп қойыпты. Әрине, Олимпиада жеңімпаздарының аттастары: Серік, Илья, Ақжүрек, Майя, Зульфия, Светлана есімдері де көбейді.
- Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 3396 неке тіркелді (13 желтоқсандағы ахуал), оның 126-сы шетелдік азаматтармен қиылған неке. Біздің қыздарымыз Ресей, Өзбекстан, Түркия және Италия азаматтарына тұрмысқа шығуда. Интернационал некеде дүниеге келген сәбилерге көбінесе қос есім, мәселен, Аслан-Эмре деген немесе сәбидің ұлтын айыру қиынға соғатын есімдер қойылады, - дейді Атырау қалалық әділет басқармасының бас маманы Гүлфара МАРАТОВА.
Алдыңғы жылдары сирек қойылған – Зылиха, Мансұр, Парасат, Айкөркем деген есімдер қайта сәнге айналып жатыр. Ата-аналар өз балаларына қаншама әдемі әрі сирек есімді қойғысы келсе де, шамамен бір жылдан кейін бұл есімді айтып шақырғанда, аулада ойнап жүрген бүлдіршіндердің жартысы елең ететін болады. Сән ғой...
Зульфия ИСКАЛИЕВА