Атырау, 11 қазан 16:57
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Жанбайдың бағы жанбай тұр

9 004 просмотра

Исатай ауданы Жанбай селосындағы жүздеген халық экологиялық апат аймағында қалып отыр. Олардың пікірінше, жыл өткен сайын Жанбайда жер басып жүрудің өзі қорқынышқа айналған. 

ҚАУІП ТЕҢІЗДЕН ЕМЕС, ГАЗДаН

Жанбай селосының іргесі 1957 жылы қаланған. Кейін уақыт өте келе ауылды мұнай кеніштері айналдыра құрсаулап, қоршауға алды.

Жанбайдың ең қауіпті көршісі - Жаңаталап кен орны. Оны өңдеуші - «Потенциал Ойл» ЖШС. Біз мұнай өңдеу компаниясының түнімен факельдерді қоспай-ақ, факельдер жүйесі бойынша газбен улап отырғаны жөнінде жазғанболатынбыз (ЖС, №49, 6.12.2012 ж., «Жанбайлықтарды улап отыр»).

- Осы мақала «Ақ Жайыққа» шыққан күні адамның басын айналдырар мүңкіген иіс сап тыйылды,- дейді село тұрғыны Әнуарбек ЗАЙДОЛЛАҰЛЫ.

«Потенциал Ойл» ЖШС-нің жұмысшылары газ кетіп тұрған екі ұңғыманың жабылғанын хабарлады. Бірақ жанбайлықтар дабыра тыйылғаннан кейін улау тағы жүретініне сенімді.

Жанбайлықтарға төніп отырған екінші қауіп – бұдан алты жыл бұрын «Потенциал Ойл» ЖШС селодан 800 метр қашықтықтағы жерде бұрғылау жұмысын жүргізіп, геологиялық барлау жұмысы тоқтатылған соң көміліп тасталған жер (АЖ, №50, 13.12.2012 ж., «Тағы да Потенциал Ойл»). Қазір бұрғыланған бірнеше ұңғыларды су басқан (суретте). Ал одан 2 шақырым жерден жоғары температурадағы бұрғылау ерітіндісі шығып жатыр. Себебі, жерасты газының әсерінен қатты бұрқылдап қызып, қайнап кетуде. Қыздырылу кезінде қауіпті қоспа – жағымсыз иісті керолин бөлінуде. Бұл аймақтағы жер қақ айрылып, кезіндегі бұрғылаудың салдарынан айналасындағы бірталай жерге шөп шықпай, қап-қара күйінде қалыпты. Ерітінді шығып жатқан аумақ айналасы тек топырақпен көтерілген, қауіпті аймақ екендігін белгілейтін ештеңе қойылмаған.

Кейін анықталғандай, бұл жер село әкімдігі мен «Потенциал Ойл» ЖШС-нің бақылауына алынған.

- Біз шламды екі күнде бір сорғызып тұрмыз. Бірақ ерітіндінің азаяр түрі көрінбейді. Менің қолымнан келгені - әр түрлі тараптарға хат жіберіп жатқаным. Облыстан басшылар келіп көріп кетті, әзір ешкім нақты ештеңе айта алмай отыр,- дейді Жанбай селосының әкімі Әліби ҚАЙДАРОВ.

Жанбайлықтар мұндай ерітінді уақыт өте келе тағы бір жерден жарып шығады деп қорқып отыр.

 

МАЛ НЕГЕ ӨЛУДЕ?

Ел аузында «браконьерлер ауылы» деп аталып кеткен Жанбайда 3152-нан астам тұрғын бар. Араларында жұмыссыздар көп. Ал балық аулаумен ғана күн көрудің өзі қиынға соғып отыр. Балық та азайған, оны тапсыратын ешкім де жоқ. Ал соңғы жылдары мал басының да өлім-жітімі көбейген.

- Бұған себеп өрістің кемігендігі болар, - дейді Ибрагим Қапсиықов. - Былтыр екі түйем ботасымен арам өлді. Ауылдастарымның да малынан айырылып қалғандары бар. Соңғы 3-4 жылдың ішінде даладағы өлген түйенің өзімше есебін шығарсам, 2 мыңнан асып жығылды.

Жанбайлық Серікқали ӨТЕБАЕВ кезіндегі бұрғылаудың орнында пайда болған суға түсіп кеткен қойының жүні сол мезетте сыпырылып қалғанын әлі күнге таңданыспен еске алады.

Село әкімі Ә. Қайдаров мал арасындағы өлім-жітімнің көбейіп кеткенін өткір түрдегі су безгегінен дегенді алға тартты.

- Бұл ауру кене, маса, сонаның шаққанынан болады. Бұл жерде ештеңе істей алмайсың,- дейді Ә. Қайдаров.

 

ДЕНСАУЛЫҚ ТА МӘЗ ЕМЕС

Жанбайлықтар өз денсаулықтарына да қатты алаңдаушылық білдіруде. Жергілікті тұрғындар арасында қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары аурулары көбейіп кеткен. Биылдың өзінде дені сау деген 40-50 жас арасындағы төрт адам төсек тартпастан қайтыс болыпты. 

- Үйден шықсам болды, бет аузым қыши бастайды. Демде беттерім қызарып кетеді. Ауылдан басқа жерге барсам, мұндай болмайды,- дейді село тұрғыны Венера ҚАПСАЛЫҚОВА.

Әйелдер арасында түсік тастау, күніне жетпей босану анағұрлым жиілеген. Өткен жылы бір жасқа дейінгі 2 сәби шетінесе, бүгінде бұл сан4-ке жеткен. 1-15 жас арасындағы 41 бала қан аздықпен есепте тұр.

- 12 бала туа бітті ауру, біреуі - балалар сал ауруымен ауырады. Негізі, сәбилердің арасында жүйке жүйесінің сырқаттарымен, әсіресе, бас ми жарақатымен ауыратындар көп,- дейді педиатр Шипа ШАБДИРОВА.

 

«КӨШІРУ ЖОСПАРДА ЖОҚ»

Тұрғындар бір күні Жанбай жер ортасына түсіп кете ме деп қауіптеніп отыр.

- Біз өзімізді емес, ұрпағымыз-дың қамын көбірек ойлаймыз. Шынымен де, газдың бас айналтар иісі, іргедегі бұрғылау ерітіндісінің шығып жатуы қорқынышты. Мұның түбінде бір зардабы болары анық. Бұл ұрпаққа қоныс болар жер емес. Сондықтан көшу жайы көкейімізде тұрғанын жасырмаймыз, - дейді село қарттары.

Исатай ауданы әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ қоршаған орта мен адамдарға келтірілген залалдың деңгейі жуық арада анықталатындығын жеткізді.

- Бұрғылау ерітіндісі жайлы әңгіме облыс басшылығы, премьер-министрге дейін жетті. Енді оның зияндылығы мен шарасын алу жақын арада шешіледі деп отырмыз. Консервация жасау үшін қаржы керек, оны ауданның бюджеті көтермейді,- дейді Т. Сұлтанбеков.

- Жанбайлықтар денсаулықтарының нашарлап, малдың арам өлуі етек алып бара жатқанына шағымдануда...

- Меніңше, алаңдайтындай ештеңе жоқ. Мұндай жайттар басқа жерде де кездесіп отыр. Нақты дәлелденбейінше, экологиялық зияндылық туралы айту ерте.

- Жанбай халқы көшіруді талап етіп отырғанынан хабардарсыз ба?  

- Бұл жоспарда жоқ. Егер көшетіндей қауіп болса онда кең түрде талқыланады ғой. Мен қазір бұл жөнінде ештеңе айта алмаймын.

Бет қатталып жатқанда: Исатай ауданының әкімі Т.Сұлтанбековтің мәліметі бойынша, бұрғылау ерітіндісі жайлы мәселе «ЗапКазНедра» аймақаралық департаментінде талқыланған. «Потенциал Ойл» ЖШС-не ликвидизациялық қордан бөлінген қаржыға жер бетіне шығып жатқан ерітіндіні жою жүктелген.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 желтоқсан 2012, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.