Көрнекі суретЖаңаталап кен орнын өңдеуші «Потенциалойл» ЖШС өзіне қолайлы, бірақ, қоршағанортаға қауіп төндіретін газды пайдаға асыру тәсілін ойлап тапқан.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, мұнай өндіруші компания түнгі уақытта алауды жақпастан факельді жүйе арқылы ауаға газды шығарып отырған.
- Жанған алаулар үшін қомақты айыппұлдар төлемеуден қашқан олар түнде газды жақпай, жай ғана факельді жүйені ашқан, - дейді Е.Қуанов. – Бұл газ жақпастан конфорканы ашып қоюмен бірдей. Ауданға жақын маңда орналасқан Жанбай поселкесінің тұрғындары жағымсыз иіс пен бас ауруына бірнеше рет шағымданды. Біз тексеруге барып, қарап, алау тұрбасының жанып тұрмағанын көрдік, бәрі де қалыпты жағдайда. Ал, кейін маған түрлі қауесеттер жетті, сондықтан да өзім барып тексердім және түнде факельді қондырғыдағы 100-дік тұрбаның ашық тұрғанын және одан шулы дыбыспен газдың шығып жатқандығын, ал, соған қарамастан алаудың жанбағандығын көзіммен көріп қайттым.
Қуановтың айтуынша, газды пайдаға асыру жобасы бойынша компания оны өзінің қажеттілігі үшін қолдануды міндетіне алған, бұл жағдайда электр энергиясын өндіру үшін пайдаланған.
- Егер оларда электр энергиясы артық болса, онда оны жанбайлықтармен бөліссін, оларды электрмен жабдықтасын,- дейді Қуанов. –Егер оларда газ да артық болса, онда оны да тазартып, тұрғындарға тегін берсін. Ал, олар тұрғын халыққа ештеңе бермегендерімен қоймай, оларды улап отыр.
- Кәсіпорын түнде газды шығаруды қашаннан бері жүзеге асырып келеді?
- Учаске бастығы Сапарғали ӘБІЛОВТІҢ түсіндіргеніндей, оларда артық газ 13 бұрқақты ұңғылар пайдалануға берілгеннен соң пайда болған. Бұл үстіміздегі жылы болды. Бұл факт бойынша біз жоспардан тыс тексеру актісін тіркедік, енді бір аптаның ішінде тексеру жүргізіп, сот арқылы газдың шығарылуын тоқтатуға қол жеткізетін боламыз. Олардың газды шығаруына және газды алауда жағуға құқығы жоқ.
- Сонда қалай, кәсіпорын өз жұмысын жалғастыра бере ме?
- Егер біз 13 бұрқақты ұңғының жұмысын тоқтататын болсақ, онда олар кен орнын, жалпы мұнайды жоғалтатын болады...
- Сондықтан да мәселе бұлай шешілмей ме?
- Жоқ, неге? Егер керек болса кәсіпорын жұмысын тоқтата аламыз. Бұл заң бұзушылық фактісі – компания үшін үлкен сәтсіздік. Олар күніне 430 тонна мұнай өндіреді, бұл шамамен 3000 баррель. Оны 100 долларға көбейтсек, күніне 40-45 млн теңге шығады.
Қуановтың айтуынша, мұндай заң бұзушылар біздің аймақта жетерлік. Мұны біз көптен бері қаланың басында тұрып-ақ сезініп отырмыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА