18 желтоқсан күні кешке атыраулық құқыққорғаушы Әсел Нұрғазиева Ақтау қаласындағы арнайы қабылдағышта өткізген 12 күндік әкімшілік қамақтан еркіндікке шықты.
Әселді 4 желтоқсанда 330-бап (Ұсақ бұзақылық) бойынша 5 тәулікке және 355-баптың 2-т. (Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету) бойынша 7 тәулікке тұтқындаған болатын («Құқыққорғаушы 12 тәулікке қамалды» «АЖ» №50 қараңыз). 19 желтоқсанда біз оған телефон арқылы хабарласып, сол күні не болғаны жөнінде анықтап білдік:
- Жағдай былай болған еді. Мен қала шетіндегі бір көшеде жалғыз келе жатыр едім. Маған қарай бір қыз жүгіріп келе жатты. Екеуміз соқтығысып қалдық. Көшеде, дүкенде, тіпті кез келген жерде кездесетін қарапайым тұрмыстық жағдай. Ойымда ештеңе жоқ, еш нәрсе айтып та үлгермедім. Ал қыз болса маған қарап: - Ей, не итересің, неге балағаттайсың?! - деп айқай салды. Мен мұның арандатушылық екенін бірден түсіндім. Ол менің күртешемнен ұстап тұрып, ешқайда кетпе, мен полиция шақырамын деп байбалам салды. Ол телефон шалып та үлгерген жоқ, полиция да келіп жетті. Бір қызығы, бұл қыз (86 жылы туған) бұған дейін де билік өкілдеріне бағынбаған деген әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Соған қарамастан оған 5 тәулік берді де, маған – бұрын жауапты болмаған адамға 7 тәулік берді. Бір жағынан, сол байғұс қызды аяймын да, мәжбүрлікпен қандай ойынға қатысып жүргенін де білмейтін шығар.
Ал менің жоспарларыма келсек, әрине, аздап демаламын. Ақтауға жаңа жылдан кейін қайта келем деп жоспарлап отырмын. Барлық мақсаттар да, жоспарлар да өзгерген жоқ, өкініштісі – уақыт жоғалттым.
Еске сала кетсек, Әсел Нұрғазиева ҚР ІІМ-нің үстінен моральдық шығындарды өтеу туралы сотқа шағымданған Жаңаөзенде зардап шеккендер туыстарының мүдделерін қорғайды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА