Атырау, 11 қазан 16:42
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Барлық вакансиялар - компьютерде

3 145 просмотра

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы келесі жылы үлкен өзгерістерге ұшырайды. Атап айтсақ, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға үлкен көңіл бөлінеді, сондай-ақ, өз бизнесін дамытуға шағын несие ала алатындар тізімі кеңейтіледі.

-Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жұмыссыздарды оқыту және кері оқыту жұмыстары жалғасады. Мұнда олар өз қалаулары бойынша қысқа мерзімді немесе 36 айға есептелген толық курстардан өте алады, - дейді облыстық еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА.

2013 жылы мүгедектерді әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру мерзімі пилоттық режимде бір жылдан үш жылға дейін арттырылатын болады. Жұмыстың бірінші жылы ішінде жалақының 70 пайызын бюджет, 30 пайызын жұмыс беруші, екінші жылы 50 де 50, үшінші жылда 30 пайызын бюджет, 70 пайызын жұмыс беруші төлейтін болады.

Бүгінгі күні Атырау облысының 400-ден аса тұрғыны бағдарламаның екінші бағыты – «Ауылдағы бизнесті шағын несиелеу» бойынша жаңа бизнес ашты немесе бұрынғыларын кеңейтті. Осы бағыт шеңберінде 3 миллион теңгеге дейін несие 5-6 пайыздық көрсеткішпен 5 жылға берілетінін естеріңізге саламыз.

- 2013 жылы шағын несие алуға құқы бар тұлғалар тізімі кеңейтіледі деп күтілуде, - деп атап өтті Г. Шакирова. –Жұмыссыздарға, жеке жұмыс жасаушылар мен аз қамтылғандарға 23 жасқа дейінгі жетімдер үйінің түлектері, зейнеткерлер, денсаулыққа зиянды өндірісте жұмыс жасайтын оралмандар қосылады. Сондай-ақ, жұмыс берушінің қалауымен жартылай жұмыс күніне ауыстырылған немесе еңбекақысы сақталмайтын мәжбүрлі еңбек демалысына шығарылғандар,  бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер де ала алады.

2012 жылы шағын несиелеуге бюджеттен 685 млн теңге бөлінді. 2013 жылы бұл сома көбейеді.

Шағын несиеге үміткерлерге кәсіпкерлік туралы түсінік беретін және алдағы бес жыл бойы кеңес беріп отыратын сервистік компания белгіленді.

Жұмыспен қамту бағдарламасының үшінші бағыты бойынша төмен экономикалық әлеуетті ауылдардан отбасыларды көшіру жалғасады.

- Осы бағыт шеңберінде облыс орталығына Исатай және Махамбет аудандарынан 13 отбасы көшіріледі. Мұнда оларға баспана беріліп, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сол сияқты Атырауда тұратын жұмыссыздар мен аз қамтылғандар арасынан 95 жанұя кезектеріне сәйкес пәтерге ие болады. Бұл - жалға берілетін үйлер. Осыған төлем жасай алулары үшін бәрін жұмысқа орналастыру керек.

Төртінші бағыт - әлеуметтік мәдени тұрмыс нысандарын жөндеу барысында жұмыс орындарын ашу бойынша да жұмыстар жалғасады (үстіміздегі жылы осы бағыт аясында 190 жұмыс орны ашылды).

2013 жылы еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы  электронды режимде жұмыс жасауды бастайды: жұмыс берушілер ұсынған барлық вакансиялар басқарма сайтына орналастырылады. Керекті жұмыс орнын өзіне қалдыру үшін іздеушіге электронды сандық қол керек болады. Жұмыс берушіге әңгімелесу үшін шақыртуды да электронды форматта алады. Бұл жаңалықтың, кем дегенде, екі артықшылығы бар: вакансияларды таратуда ашықтық және іздеуші уақытын үнемдеу.

Тамара СУХОМЛИНОВА

19 желтоқсан 2012, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.