Атырау, 22 қараша 13:01
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Коннектикуттегі оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр

1 737 просмотра
Коннектикуттегі оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр

АҚШ халқы Коннектикут штатындағы мектеп оқушыларының өліміне өкініш білдіріп, қаза тапқан бүлдіршіндердің ата-анасы, жақындарына көңіл айтты.

Жуырда ғана Ньютаун қаласында болған оқыс оқиға салдарынан 28 адам көз жұмған еді. Олардың жиырмасы «Сэнди Хук» мектебінің 6-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер болатын. Осыншама адамға оқ жаудырған қандықол қылмыскер Адам Лэнц өз-өзіне мектепте қол жұмсап, жан тапсырған. Жазықсыз оққа ұшқан бейбіт тұрғындарды еске алу үшін елде алдағы төрт күн қаралы деп жарияланды.

Өткен аптада АҚШ-та қайғылы оқиға тіркелді. Ньютаун қаласындағы «Сэнди Хук» бастауыш мектебінде 20 жасар қаныпезер Адам Питер Лэнц есімді жігіт 28 адамға оқ атқан. Жастайынан қолына қару ұстауды үйреткен анасы Нэнси – Лэнц Адамның бірінші құрбаны болды. Қылмыскер алдымен «Сэнди Хук» мектебінде мұғалім болып істейтін шешесін үйінде атып өлтірді. Сосын мектепке барып, беталды оқ жаудырды. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Барак ОБАМА, АҚШ Президенті:

- Шын мәнінде бұндай сұмдық қылмысқа төтеп бере алмадық. Біздің бостандығымыздың бағасы неде? Жыл сайын біздің балаларымыз зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Бұндай қылмысқа жол бермей, зұлымдықты тоқтатуымыз керек.

Жазықсыз жандардың өмірі қиылған 14 желтоқсан күнін АҚШ жұртшылығы ұмытар емес. Полиция куәгерлердің әрбір сөзіне құлақ салып, оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, үстіне бронежилет киген жігіт қолына бірнеше мылтық ұстап, 100-ден астам оқ жаудырған. Әзірге, Адамның не себептен бұл іске барғаны белгісіз. Ал билік өкілдерін алаңдатып отырғаны - АҚШ-та көлік жүргізу куәлігін алу қаруды сатып алудан да қиын. Статистика бойынша Американың әрбір екінші тұрғынында қару-жарақ бар екен.

Майкл БЛУМБЕРГ, Нью-Йорк қаласының Мэрі:

- Конституция заңына сай, Америка азаматына қару-жарақты ұстауға және өзінде сақтауға рұқсат етілген. Алайда қару біреуге шабуыл жасау үшін берілген жоқ. Бұл мәселені шешу үшін әлі қанша адамның қаны төгілу керек?

Соңғы кезде осындай оқиғалар Америка Құрама Штаттарында тым жиілеп кеткен. Айта кетерлігі, 2007 жылы политехникалық жоғарғы оқу орнында болған атыстан 32 адам қаза тапқан. Ал АҚШ-та сенатор-демократ Диана Фейнстайн өз жақтастарымен бірге қарудың әскерилендірілген түрлерін сатуға тыйым салатын заңнамалық түзетулерді заңға енгізуді ұсынды.

Дереккөз: 24 KZ

17 желтоқсан 2012, 21:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.