Еліміздің бірқатар ірі қалаларында пойызбен жолға жиналған жұрт өткен түнді теміржол бекеттерінде өткізді. Күтіп алушылар кешіккен шойын жолға қарап елеңдесе, 7 пойызға тиелген жолаушы вагондарға түнеді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағандыда орын алған апат салдарынан, пойыздар 15 сағатқа тоқтады деп хабарлады.
Кеше, бүгін Астана теміржол вокзалы ішінде халық қарасы әдеттегіден көп. Қолдарында билеттері бар болса да, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай жүр. Тіпті, вокзал ішінде кешегі түннен жүрген жолаушылар бар.
«Пойыздың келуі туралы әзірге мағлұмат жоқ. Хабар күтіңіз!» Жолға асыққан жолаушылар да, күтіп алушылар да теміржол бекетіндегі анықтама бөлімінен бұдан артық басқа сөз ести алмай әлек. Белгісіздіктен жүйкенің жұқарғаны соншалық жолаушылардың кейбірі жылап жүр. Вокзал қызметкерлеріне сес көрестіп жатқандар да бар.
Жандос БИЗАМХАНОВ, жолаушы:
- Бұл жерге бүгін сағат таңғы 6-да келгенмін. Көкшетау-Қызылорда пойызын күтіп тұрмыз. Жауапты қызметкердің ешқайсысы жоқ. Бізге ешқандай жауап берілмейді. Пойыздың қай уақытта келетінін айтқан жоқ. Ол жерде үлкен кісілер келе жатыр. Барлығының ұялы телефондары сөндірілген.
Әбілқасым Сарыағаштан Астанаға кеше күндіз келуі тиіс болатын. Алайда, ол мінген пойыз түскі сағат екіде Қарағандыда тоқтап, түнгі төрт шамасында бірақ жолға шыққан. Жұмысына уақытылы жете алмаған жігіт басшылығынан сөгіс алыпты.
Әбілқасым СӘРСЕНБАЕВ, жолаушы:
- Жолсеріктен сұрағанда толық анықтама берген жоқ. Айтқандары бойынша 3-4 сағатта жүреміз деді. Алаңдаушылық болғанда, сұрақтар болды әрине. Кейбір жолаушылар уақыттың тығыздығынан, Қарағандыдан түсіп, таксимен Астанаға жылжыды. Қалғандары пойыздың жүруін күтіп отырды
Қарағанды облысының аумағында жүк пойызының рельстен шығып кетуіне Қытайда жасалған сапасыз бөлшектер себеп болған. Бұл туралы бүгін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Ермек Қизатов мәлімдеді. Апат салдарынан бірнеше жолаушылар пойызы кешеден бері шойын жолда тұр. Апат салдарынан 400 шақырым теміржол сынған. Жүктің шашылуына ескі вагондар да себепші болыпты.
Нұржан БАЙДӘУЛЕТОВ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
- Ескі вагондарға 40-50 жыл. Сынған сайын жөндейді. Бірақ ескі вагон екені көрініп тұр ғой. Ондай жағдай кем дегенде жыл сайын 5-6 рет орын алады. Теміржол болғандықтан төтенше жағдай ай сайын да болып тұруы мүмкін.
Осылайша, елді дүрліктірген оқыс оқиғаны қалыпты жағдайға бағалаған басшы теміржол қызметінің қайта арзан көрсетіліп жатқынын меңзейді.
Нұржан БАЙДӘУЛЕТОВ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
- Біздің тарифымыз Ресей тарифынан 2,5 есе арзан. Біздің сатып алатын қосалқы бөлшектер, жанармай, электр энергиясы арзан емес.
Нұржан Байдәулетов «Қазақстанда жыл сайын 150 вагон шығарылады» деді. Сонда ескілерден арыламыз. Алайда, оның ауылы әлі алыс. Кешегі шыққан пойыздар кешіктіріліп болса да, біртіндеп келіп жатыр. Жолаушылар тасымалы компаниясы «теміржол қозғалысы бір тәулік ішінде толық жөнге келтіріледі» деді.
Нұржан БАЙДӘУЛЕТОВ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
- Істейтінді істеп жатырмыз.
Дереккөз: 24.kz