11 желтоқсанда Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков (суретте) жаңа лауазымдағы 100 күні қорытындысы бойынша конференция өткізді.
ҚОҚЫСПЕН КҮРЕС
Әкім бұл күндердің қиын болғанын мойындады:
-Әрине, осындай аз уақыт ішінде қаланың барлық мәселесін шешу мүмкін емес. Біз қай жердеміз, қандай мәселелерді бірінші кезекте шешу керек, алға қойған жоспарларымыз қандай деген сұрақтарға жауап беруге бірталай уақыт кетті.
Қазіргі уақытта жүзеге асқан жұмыстарға келсек: қаланың барлық жеке кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелері қатысқан қаланы санитарлық тазалау екі айлығында Атыраудан 100 мың текше метр қоқыс шығарылды. Жыл соңына дейін термомодернизациялау шеңберінде 28 тұрғын үй жөнделеді, ал келесі жылы тағы 99-ы жөнделетін болады. 13 мектепте төменгі сынып оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесі шешілді (бұл мақсатта бюджеттен 88 млн теңге қаражат бөлінді). 14 қалалық мектепте жөндеу аяқталуда.
Соңғы активтердің бірінде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ қала мектептерінде спорттық жаттығу құралдарының мүлдем жетіспейтіндігін айтқан болатын. Айдарбековтың айтуынша, барлық мектептерді жарақтандыру үшін қазіргі уақытта 50 млн теңге бөлінді. Жастарды бұқаралық спортқа тарту мақсатында Атырауда 3 футбол және 3 спорт алаңдары, сондай-ақ 20 балалар ойнайтын шағын алаңқайлар орнатылды.
- Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады, - деп сөз берді әкім.
ЖАСТАРҒА ДА, ҚАРТТАРҒА ДА САЯБАҚ БОЛАДЫ
Содан соң ол келесі жылға қойылған жоспарлар жөнінде айтты (бюджет бекітілу үстінде екенін де ескертті).
Келесі жылы Атыраудың тұрғын үй қоры 30 жаңа үймен толығады. Әңгіме несиеге және жалға беретін үйлер туралы. Әкімдіктің көгалдандыру бойынша да жоспарлары үлкен: 120 мың шыбық отырғызылып, тамшылатып суару технологиясын енгізіледі. Әкімнің айтуынша, осы технологияға кететін шығындар дәстүрлі суару құбырларын салу шығындарынан артық емес.
- Біз, сондай-ақ, қаланың сәулет көркін жақсартқымыз келеді, саябақтар мен жағажайларға жаңа орындықтар аламыз. Қалада батыстық стандарт бойынша жаңа қоқыс сауыттары пайда болғанын барлығыңыз да байқаған шығарсыздар. Біз қаланы аббаттандыруды жалғастырамыз, соның ішінде қаланың инфрақұрылымы дамымаған аудандары мен округтарында құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Атырау шағын сәулет қалыптары – мүсіндермен, гүлзар сағаттармен әрленіп, аллеялар салынатын болады.
Қала әкімінің айтуынша, келесі жылы қауіпті жол учаскелеріне 18 бағдаршам қондыру жоспарлануда.
Облыс әкімі айтып өткен қалалық саябақ салу идеясы турасында Айдарбеков бүгінгі күні жер телімін таңдау, ЖҚҚ әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты:
- Біз саябақтың өзен жағасында болғанын қалап едік. Әдемі көрініс болу үшін. Біздер жастарға көп көңіл бөлгіміз келеді, олар сол жерде спортпен шұғылданып, сол жерде көңіл көтерсе дейміз. Отбасылы және егде жасты адамдарға да келесі жылы басқа парктың құрылысы басталады. Бұған да қаражат бөлінеді.
Алдымыздағы жылы Алмагүл және Атырау ықшамауданында және Геолог-2 поселкелерінде балабақшалар құрылысын бастау, «Ақбота» және «Шамшырақ» (бұрынғы «Атырау балық» АҚ қарасты балабақшаларын қайта салу, №5 мектеп және Оңғарсынова атындағы, Смағұлов атындағы мектептерді, №15, 16 және 24 бала бақшаларға күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарлануда.
Бүгінгі күні қалалық әкімдік 6 әлеуетті инвестордың (ішінде Ресей, Германия және Аустрия компаниялары да бар) қоқыс өңдеу зауыты құрылысы бойынша ұсыныстары қаралуда.
БИЛЕТТЕРІҢІЗДІ КӨРСЕТІҢІЗДЕР
Жолаушылар көлігі мәселелері туралы сұраққа жауап бере отырып, әкім жаңа жылдан бастап автобустарда билеттерді міндетті түрде сатылымы енгізілетінін хабарлады. Сондай-ақ, тасымалдаушыларға сервисті жақсартуға, атап айтқанда, автобус паркін жаңалауға, жүргізушілер мен кондукторларға униформалар кигізу туралы талаптар қойылып отырғанын айтып өтті.
- Әрине, бір күнде бәрі жақсарып кетпейді. Алайда жақын күндері жолаушылар өзгерістерді байқайды деп ойлаймын.
Атырауда үлестік қатынасқа байланысты екі проблемалық үй бар: бірі - «Дина» базарына қарсы «Самал» кешені (салушы «Бонита Инжиниринг»), бүгінгі күні мұны атыраулық кәсіпкер банктен сатып алып, үйді толықтай аяқтап, пәтерлерін сата бастады. Екіншісі – Жарбосынов көшесіндегі құрылысы аяқталмаған үй (салушы «СтройГрупп ЛТД»). Бұл мәселеге орай әкім келесі жайттарды сөз етті:
- Бірінші үй бойынша біз құжаттарды көтеріп жатырмыз, заңдылық аспектілерін қараудамыз. Барлық шешімдер заң жолымен шешілетін болады. Мәселе күрделі. Ал екінші үй бойынша – мен барлық құжаттарға қол қойдым. Оларда мемлекеттік акт болмаған екен. Әкімдік жағынан біз барлығын орындадық, енді салушы барлық рұқсат беру құжаттарын ресімдеуі керек. Кезінде компания үлкен жер телімін алған екен, бірақ дағдарысқа байланысты тек бір үй ғана сала алған.
Айдарбековтың айтуынша, бүгінгі күнгі қолданыстағы жер телімдерін беруге мораторий бұрын берілген жерлердің заңдылығын тексеруге байланысты екен.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ