Бұл жөнінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев мәлімдеді.
«Айқын» газетінің жазуынша, алдағы уақытта Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте фильмнің көрсетілімі болады. Ал ақпан айында фильм ресми түрде прокатқа шығарылмақ. «Қазақфильмнің» соңғы жылдардағы жемісіне айналған кинотуынды «Оскарға» да ұсынылған болатын.
«Қазір іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін дауыс беретін академия мүшелеріне арнайы бес көрсетілім жасадық. Қорытындысы жаңа жылдан кейін шығады. «Оскардың» лонг-лист, шорт-лист деген номинациялар бар. Шорт-листке дүние жүзінен 72 фильм түсті, оның ішінде «Жаужүрек Мың бала» бар. Егер ондыққа іліксек, алғашқы қадам ретінде жақсы оқиға болар еді. Үмітіміз бар», - деп атап өтті Ермек Аманшаев.
Егер кинотуынды үздік ондықтың қатарына іліксе, бұл қазақ киносы тарихындағы тың серпіліс болар еді.
Тағы бір айта кетерлігі, келер жылы Ақан Сатаевтың «Жаужүрек Мың бала» кинотуындысының негізінде анимациялық хикая да түсірілмек.
«Тек қана түсіріп қоймай, персонаждардың қуыршақтарын шығару, шамамыз келсе, компьютерлік ойындар қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. «Жаужүрек Мың бала» фильмінің беделі арқасында болу керек, бүгінгі күні қомақты қаржы бөлетін инвесторлар да табылып жатыр», - деді Ермек Аманшаев.
Дереккөз: ҚазАқпарат