Атырау, 26 желтоқсан 17:49
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Лорлар палатасы

3 781 просмотра

Сапасыз медициналық қызмет – атыраулықтар үшін ең көкейтесті мәселелердің бірі.  Оқырмандардың шағымдары мен сот залындағы хабарламаларға қарағанда, адамдарды біліксіз медицина қызметкерлерінен құтқаратын кез келді. Ал медицина қызметкерлерінің бұған қатысты пікірлері қарама-қайшы.

- Біздің медицина қызметкерлері сотқа берілетін талап-арыздардан, түрлі айыппұлдар мен әр алуан қудалаудан нашар қорғалған. 10 талап-арыздың 9-ы медиктердің пайдасына шешілмейді, - деп мәлімдеді профессор, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры және«Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» басқармасының төрағасы Мақсұт ҚҰЛЖАНОВ (суретте). Астаналық мейманмен біз Алмагүл ықшамауданындағы №7 жаңа емхананың бас дәрігерінің кабинетінде сұхбаттасқан едік.

 

АУРУХАНАЛАРҒА МИНУС ҚОЙЫЛҒАН

- Сіздің орталықтың немен айналысатынын айтып берсеңіз. Менің түсінуімше, ол ең алдымен отандық денсаулық сақтауды реформалау жұмыстарымен айналысады ғой?

- Орталық 2011 жылы құрылған. Бұл бас кеңсе мен облыстық филиалдардан тұратын үлкен құрылым. Кең ауқымдағы мәселелермен айналысамыз (www.rcrz.kz сайтының мәліметтеріне сәйкес, кәсіпорын жарғысы бойынша денсаулық сақтау саласында 25-тен астам қызмет ету түрі қарастырылған – Л.С.). Атап айтқанда, технологияларды аккредиттеуге мүмкіндік береміз, өзін-өзі басқаруға көшуді енгіземіз, олар үшін бизнес-жоспарлар жасаймыз, медициналық қызмет сапасын бағалау тұрғысында емделіп шыққан пациенттерді іріктеп, зерттеу жүргіземіз, адамдарға жаңа дәрі-дәрмектер туралы ақпараттар жеткіземіз және т.б.

- Атырау облысы сіздердің рейтингтеріңізде нешінші орында тұр?

- Соңғы да, алдыңғы да орында емес. Саралау әдістемесін біз биыл енгізіп, 6 айдың нәтижесін шығардық. Рейтингтермен біздің сайтта танысуға болады.

(Кейінірек мен Орталық сайтына кірген едім. Рейтингтермен танысу үшін http://www.rcrz.kz/index.php/ru/rejting-regionov-i-meditsinskikh-organizatsij/57-rejting-regionov-i-meditsinskikh-organizatsij сілтемесін басу керек. Мұнда Атырау облысы Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласынан кейін 3-орынды иеленіпті. Атырау медицина мекемелеріне келер болсақ (нәтижеліліктің мақсаттық коэффициенті 1,0% негізге алынған), біздің негізгі стационарлар осындай медмекемелер рейтингінде минуспен белгіленген. Облыстық аурухананың тиімділік көрсеткіші - 0,271 (салыстыру үшін - көшбасшы Көкшетау қаласындағы №1 облыстық ауруханада 0,670), Атырау қалалық ауруханасында - 0, 040. Қалған емдеу мекемелері бойынша - облыстық және қалалық перзентханалар, балалар және қалалық емханалар бойынша біз, шынымен де, ортасында екенбіз).

- Егер медмекеме ең соңғы орында қалса не болады?

- Біз өз жұмысымызды атқардық. Әрі қарай Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық әкімдіктер шешім қабылдайды. Біздің жұмысымыз – филиалдардан мәліметтерді жинау, олар өз кезегінде мәліметтерді емдеу мекемелерінен алады.

- Егер көрсеткіштерге талдау жасайтын болсаңыздар, сіздерге Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс нәтижелері белгілі шығар. Ол енгізілгеннен бері екі жыл өтті. Ол өзін ақтады ма?

- Иә, едәуір ақтады. Негізгі көрсеткіштер жақсаруда. Ана мен сәби өлімі, қан айналымы, миокард инфаркті, инсульт сырқаттарының саны азайды. Бірақ әлі де онкологияның 3-4-кезеңдеріне жеткен сырқат адамдар көп анықталып жатыр, алайда, олар 1-2-кезеңдерде анықталуы керек.

 

АДАМДАР МЕН ТОҢАЗЫТҚЫШТАР

- Бастаған әңгімемізге оралайық. Дәрігерлерді қорғау керек деген мәлімдемеңізбен сіз мені қатты таң қалдырдыңыз. Кімнен? Емделушілерден бе?

- Иә!

-Жалпы кері процесс жиі орын алып жатады - медмекемелерде жең ұшынан жалғасушылық орын алғандықтан, емделушіге дәрігердің қателік жасағанын дәлелдеу қиын. Таяу арада стационарда медбикенің қате салған екпесінен сәби мүгедек боп қалып, оның ата-анасы сотқа талап-арыз берген болатын. Сол кезде дәрігерлердің сәбидің анасын қаралай жөнелгендеріне куә болған едім.

- Мен сізге статистиканы айтып өттім ғой: 10 талап-арыздың 9-ы медиктердің пайдасына шешілмейді. Алайда батыс елдерінде мұндай даудың басым бөлігі сотқа дейінгі тәртіппен шешіледі. Салдыр-салақтықтан болатын қателіктер бар, әрине, мұны тергеу ісі дәлелдейді. Бірақ өз ісін адал атқаратын дәрігерлердің де жұмыстарында байқаусызда жасалған қателіктер болады. Адамдарды емдеу – тоңазытқыш жөндеу емес қой. Біздің әрбіреуіміздің өз ерекшеліктеріміз бар, түрлі адамдарға жасалған белгілі бір әдіс түрліше әсер етеді.

- Сіз «дәрігерлерді қорғау» үшін не ұсынасыз?

- Менің мұнда келген мақсатым – Ұлттық денсаулық сақтау палатасының жергілікті филиалын құру. Біздің палата «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының жанынан құрылды. Айтпақшы, «Атамекен» мен біздің палата Еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша құрылған. Қазір «Атамекенде» кәсіпкерлік субъектілерінің міндетті мүше болуын қарастыратын заң жобасы дайындалуда. Біздің палата еліміздің бүкіл медмекемелерін біріктіре отырып, осындай принцип бойынша жұмыс істейтін болады.

- Бірақ бұл жағдайда батыс тәжірибесі бізге қолайлы ма? Медицинамыз олардағыдай дамыған емес қой?

- Ол жақтарда да бәрі бірден керемет бола қойған жоқ қой. Сол Германияда 50-60 жылдары медицинада проблемалар көп болды. Алайда, тәуелсіз федерациялар боп бірлесуі және медицина мекемелері ұжымдарына дербестік беру арқасында ол жерде сапаны арттыруға қол жеткізді. Әрине, бұл мемлекет тарапынан бақылау болмайды деген сөз емес. Германияда, мәселен, емдеу мекемелерінің 90 пайызы мемлекет қатысуымен жұмыс істейді. Алайда медмекемені басқару – толығымен басшылық пен ұжымның құзырында.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

13 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.