Қаланы тағы да сасық иіс жайлады

1 390 рет қаралды

Соңғы кездері Атырауда түн болса ауаны сасық иіс жайлайтын болды. Бірінші жағдай 9 шілдеде сезілсе, екіншісі - 12 шілдеде болды. «АЖ»-ға хабарласқан қала тұрғындарының айтуынша, күкіртсутегінің иісінен бас ауырып, аллергия пайда болған, тіптен, көз ілу мүмкін емес.

Атырау тұрғыны Тәуірбек БОЗКЕНОВ:

- Мұнай компаниялары ауаға шығарып жатқан мына күкірттен адамдар зардап шегуде. Ұйқысыздық, аллергия, бас ауруы пайда болды. Күкіртсутектен иммунитет әлсіреп, өңірде коронавирус тез таралуда.

Стройконтора тұрғыны Айгерім АСЫЛБЕКҚЫЗЫ да осындай иіс сезіпті:

- Бізді үнемі осымен улап жатыр ғой, мұның күкіртсутек екенін бәріміз білеміз.

24 жастағы Мейрамбек:

- Бұрын менде аллергия мүлдем жоқ еді, енді жиі түшкіретін болыппын. Әуелі коронавирус жұқтырған шығармын деп ойладым, бірақ әлеуметтік желі арқылы, басқа қала тұрғындары секілді, күкіртсутектен уланғанымды түсіндім. Бұл үшін кім жауапты?

- 10 шілдеде Департамент «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп, қаладағы ауа сапасына мониторинг жүргізді: ластаушы заттардың ШРК-ден асқаны анықталмады, - деп хабарлады Атырау облыстық Экология департаменті.

Алайда 12 шілдеде мониторинг станциялары күкірсутектің ШРК-ден асқанын тіркеді. Ластаушы да анықталды - ол қаланың сол және оң жақ бөлігінде орналасқан булану алаңы екен.

- Органикалық заттар мен мұнай өнімдерінің қалдықтары шіріп, күкіртсутек көзіне айналған. Сонымен қатар, Атыраудың ауа бассейнінің ластану дерегі бойынша департамент «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты тексеру тағайындады, - деп хабарлады Экология департаменті.

Ал бұл ахуалға ҚР экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар ЖОЛДАСОВ былай деп комментарий береді:

- Атырауда шаруашылық сарқындылары төгілетін Сасықсай жинақтағыш-буландыру алаңы бар екені баршаға мәлім. Ол жерге 80% «Атырау облысы су арнасы» КМК және 20% АМӨЗ шығарынды  төгеді. Оның бәрі дерлік тазартусыз шығарылады, - дейді З. Жолдасов. – Қапырық ыстықта және жел болмаса бұл ауада қатты білінеді.

Атырау билігі жаңа кәріз тазарту құрылғыларын салу кестесі бойынша көп қалыс қалуда, ол өткен жылдың қарашасында аяқталуы тиіс болатын.

- Бұл миллиардтаған қаржы жобасы, - дейді З. Жолдасов, - Ол іске қосылған кезде қалдықтар тазартылады. Екінші кезеңде «ҚазМұнайГаз» бен жергілікті бюджет есебінен пайдаланылған жинақтағыш қалпына келтіріледі.

Ал қала тұрғындары иістің АМӨЗ жақтан келіп жатқанына сенімді. Бірақ Жолдасовтың айтуынша, әзірге бұл туралы айту ерте, тексеру нәтижелерін күту керек.

Естеріңізге салсақ, осындай жағымсыз иіс 9 шілдеге қараған түні де шыққан еді. Сол кезде АМӨЗ өзінің қатысы барын жоққа шығарды.

Фархат ӘБІЛОВ

14 шілде, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.