Атырау, 25 сәуір 20:39
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Бас санитар дәрігердің қаулысында не делінген

3 569 просмотра

Қазіргі бас санитар дәрігердің қаулысы өткендегідей нақты шектеу шараларын қолдануға қатысты тұрғындар арасында бірқатар сұрақ тудырды.

5-19 шілде аралығында қала және қала аралық жолаушылар автобус қозғалысы тоқтатылды. Демалыс күндері жеке автокөлікпен шығуға тыйым салынды.

- Мен қала маңындағы Ақжар ауылында тұрамын, мұнда қажетті дәрі-дәрмектер жоқ. Сол үшін қалаға, дәлірек айтсам, Нұрсая ақшамауданына баруым керек. Бірақ полиция қызметкерлері Әлиев көпірінен өткізбейді, - дейді Шахризада Беркин. – Мен дәрі-дәрмектің тек Нұрсаяда ғана бар екенін түсіндірсем де өткізбеді. Кейін «Ақ Жайық» қонақ үйінің маңына жетіп, полиция қызметкерлеріне өз жағдайымды түсіндірдім –рұқсат етті. Демек, кейбір полиция қызметкерлері азаматтарға дәріханаға баруға рұқсат етілгенін білмейді.

Қаулының 6-тармағын ашамыз: «жақын маңдағы дүкенге және дәріханаға дәрі-дәрмек сатып алудан басқа, азаматтардың жүріп-тұруына тыйым салу». Ал егер «жақын жерде» жоқ болса, онда не істеу керек? Қазір Атырауда дәрі жетіспей, оны іздеген адамдар бүкіл қаланы шарлап жүр ғой.  

 

БАҒБАНДАР ТАҒЫ СЫРТ ҚАЛДЫ

Жаңа қаулыда саяжай туралы бір сөз жоқ: жеке көлікпен жүруге тыйым салынды – болды. Қазіргі ауа райында саяжай-бақша өнімдері қараусыз және суғарылмай қалса, шіриді немесе кім көрінгеннің қолында кетеді. Осындай тыйым салу ілкідегі карантин кезінде болды, ай өтіп, көпшілік наразылығын білдіргеннен кейін  саяжай иелеріне жүруге рұқсат берілді.

 

ТЕКСЕРУ КҮШЕЙЕДІ

7-тармақта адамдар көп жиналатын қандай да бір іс-шараларға тыйым салынды. Сондай-ақ, коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі өңірлік жедел штаб қайта құрылды. Бірақ жасырын той, құдалық, садақа және т.б. бақылап, анықтайтын мобильді топтардың жұмысы туралы ештеңе айтылмайды.ТЖ кезінде бұл топтар бірнеше күн жұүмыс жасап, кейін көрінбей кетті. Ал, қазақ халқы үшін осындай міндетті іс-шараларда қанша адам инфекция жұқтырғанын біз білмейміз де.

 

СПОРТҚА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ, БІРАҚ ТАМАҚТАНЫП, БӘС ТІГЕ ЖҮРІҢІЗ

Спортшылардың айтуынша, қаулының 14-тармағы басқалармен салыстырғанда олардың құқықтарын шектейді.

- 22 және 25-тармақта қоғамдық тамақтану орындары мен букмекерлік кеңселердің жұмысына рұқсат беріледі, ал біздің қай жеріміз кем?! – деп ашуланды есімін атағысы келмеген жаттықтырушылардың бірі, әлем чемпионы. - Керісінше, спорттың арқасында адамдардың иммунитеті күшейіп, түрлі аурудан қорғанады. Дене шынықтыру және спорт басқармасы қайда қарап отыр? Олар 14-ші тармаққа шағымдануы керек еді!

 

АЛДА НЕ КҮТІП ТҰР

Полиция қызметкерлері көлік көп шоғырланатын қиылыстарға бөгет қойып, көшелерді қайта патрульдеуді бастады. Қазір ТЖ режимі болмағандықтан, олар толтырған құжаттарды қалалық СЭС-ке, ал олар өз кезегінде әкімшілік сотқа жібереді. 5 шілдеден бастап ҚР ӘҚБтК бойынша жауапқа тартатын басты бап – 425 бап ("Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу "). Онда жеке тұлғаларға 30 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 310 АЕК және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1600 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 

Фархат ӘБІЛОВ

6 шілде 2020, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.