Атырау, 26 сәуір 20:40
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беруге не кедергі?

5 456 просмотра

Қазақ халқының алмағайып тарихында осынау ұлан-ғайыр даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр перзенттері жетерлік. Мың өліп, мың тірілген қазақпыз. Бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар, сол жолда өз тағдырын ел тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалары аз болмаған. 

Біз батырлық туралы сөз қозғағанда, исі қазақ түгіл, өзге жұрттарға да үлгі болған Бауыржан Момышұлының ерлігін айналып өте алмасымыз аян. Аты аңызға айналған батыр ерлігі бір төбе болса, өнегелі өмірі мен ерлік туралы насихаттай отырып елдікті жырлаған өлеңдері,  қанатты сөздерінің өзі бір төбе. Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев та көзі тірісінде Бауыржан Момышұлын «батырлардың батыры» санап, ерекше құрметтеп өткен. Тіпті сонау теңіздің ар жағындағы Куба мен Израиль мемлекеттері де аты аңызға айналған батыр атамызды ерен ерлігіне бас иіп, өз әскерилеріне үлгі тұтқаны  айтылады.

Батырлықтың, ақиқаттың символына айналған Бауыржан Момышұлы атамызға әлі күнге дейін мемлекетіміздің ең жоғары құрметі – «Халық қаһарманы» атағы берілмеуі қоғамда көптеген адамдардың түсінбеушілігін тудыруда. Әрине, Б.Момышұлы халық арасында әлдеқашан мойындалған батыр екені рас. Бірақ та батырдың ресми түрде тәуелсіз елдің Халық қаһарманы ретінде мойындалмауы елдігімізге сын. Б.Момышұлының есімі Ұлы Отан соғысының батырлары  Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Х.Доспанова, С.Нұрмағамбетов  сынды есімдермен бір қатарда тұруын қалар едік. Есімі Украина ормандарында аңызға айналған Қасым атамыз Баукеңді ерекше құрметтеп Махамбетке теңегенін айтады. Ал Рақымжан атамыздың «Рейхстагқа ту тіккен батыр» ретінде елге танымал болуына Баукеңнің еңбегі ұшан-теңіз екенінен хабардармыз. Қазақтың қос батыры, Қасым және Рақымжан ағаларымыздың Баукеңе деген құрметі ерекше еді. Демек, ерлігі аңызға айналған Бауыржан атамызды батырлардың батыры деуге толық негіз бар.

Ерлік, рух, ұлттық намыс деген киелі ұғымдар өте  тығыз байланысты. Ұлттық намыс болмаса, ұлт батырлары да болмайды. Қазақ халқында «Ерім деп іздейтін елі болмаса, елім деген ер қайдан шықсын» деген қанатты сөз бар.  Батырға  тәуелсіздіктің басты марапаты – «Халық қаһарманы» атағы берілсе, ол болашақ ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімін оятуға, ерлік деген қасиетті ұғымды жас ұрпаққа насихаттауға ерекше үлес қосатыны айтпаса да түсінікті.   Өйткені мектептерде «Халық қаһарманы» иегерлері жайлы ашық сабақтар да өтеді. Олай болса, батыр атамыздың есімі сол иегерлердің көшін бастап тұрса әбден дұрыс болар еді. Бұл мәселені  Президент Қ.Тоқаевтың назарына ұсынып, хат та жазған едім.

Сол хаттан соң телефон арқылы қорғаныс министрлігінің Дәурен есімді өкілі хабарласты. Сөз төркіні Б.Момышұлы атамызды «Халық қаһарманы» мәртебесіне ұсынуға байланысты жазған сол хатыма байланысты екен. Министрлік өкілі «Халық қаһарманы» атануға ІІ дүниежүзілік соғыста батыр атағын ала алмаған 130 адамның есімі кезекте тұрғанын жеткізді. Сол қырғында ерлігі еленбей қалған батырларды «кезекке» тұрғызып қойып, өз кеуделеріне тағып жатқан бүгінгі атаққұмар жандардың ұсақ тірлігі есіме түсті. Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, Бауыржан атамыз Кеңес Одағының Батыры атағын алғандықтан, ол кісіге енді «Халық қаһарманы» атағы берілмейді екен. Себебі бір адамға екі бірдей атақ берілмейді-мыс. Шыны керек, сонда кеңестік атақ пен тәуелсіздік алған азат елдің ең жоғарғы марапатының еш айырмасы болмағаны ма деген ойда қалдым.

Осы жерде арамызда ептеп дискуссия басталды деуге болады. Мен өз тарапымнан онда тұрған ештеңе жоқ екенін, біріншіден, Бауыржан атамызға ол атақ өзінің жанқиярлық ерлігі арқасында берілгенін; екіншіден, сол атақтың екеуін де алған, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы иегері Т.Әубәкіров ағамыздың бар екенін, одан Тоқтар Оңғарбайұлының абыройы аспандамаса, төмендемегенін естеріне салдым. Қазір кеңестік жүйе келмеске кеткендіктен, Кеңес Одағының Батыры деп әспеттей алмаймыз ғой. Тәуелсіздік алған елдің өз батырларына деген айрықша жеке құрметі болуға тиіс шығар. Үшіншіден, біз «анау ананы алған, кезек  мынаныкі» деп, базарда атақ саудалап жатқан жоқпыз. Осыдан соң мына қалыппен кейбір жандар арзан атақ қуып жүрген қоғамда ар-ұят деген қасиеттен мүлде жұрдай боламыз-ау деген ойлар мазалайды.

Сөз соңында айтарым, халқының нағыз қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы есімі, оның ерлігі келмеске кеткен кеңестік заманның атағымен ғана өлшеніп қалмай, оған тәуелсіздік алған туған елінің ең жоғары марапаты – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, батыр атамыз сол тізімнің көшін бастап тұрса деген ой еді. Мен өз ойымды айттым, кем-кетігі болса түсіністікпен қарарсыздар, кемшіліксіз тек Алла ғана.

Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ,

Семей қаласы 

Дереккөз: «Жас Алаш»

 

8 мамыр 2020, 15:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.