Атырау, 20 сәуір 09:41
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Майданда қан кешкен «Халық жауының» балалары

5 647 просмотра

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ тарихындағы бір қасіретті кезең еді. Олай дейтініміз соғыс жылдарында қаншама қазақ қайғы-қасірет кешті. Бұл соғысқа «халық жауының» балалары да қатысты. Олардың соғысқа сұранғандағы бар мақсаты жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен әкелерін ақтау болатын.

Бейімбеттің ұлы Әукен

«Халық жауы» атанып, атылып кеткен қазақ әдебиетінің ірі өкілі Бейімбет Майлин еді. 1937 жылдың 6 қазаны күні қою қараңғылық түскенде үй­ге екі «жендет» кіріп келіп, Бе­йім­бетті балаларының көзін­ше ұстап әкеткен. Бұл туралы бейімбеттанушы Тоқтар Бейіс­құлов: «Үйден шығар кезде, Бейім­бет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әу­кенге: «Әукен, сен баланың үл­кенісің ғой, мына бауырларыңа қамқор бол! Кітаптарымды сақ­тап жүр!» дейді» деп жазады. Бейімбеттің сол тұңғышы Әукен Майлин соғыс даласында қаза тапты. Екінші дүниежүзілік соғысқа Бейімбеттің екі баласы Әукен мен Мереке бірдей алынды. Мереке 1943 жылы майданға аттанып, қайтып оралды. Ал Әукенге ол бақыт бұйырмады.

Әсілінде, Әукеннің қан май­данға аттанудағы бар мақсаты әкесінің «халық жауы» емес еке­нін дәлелдеу болатын. Бейім­беттанушы Жұмабек Табын бір мақаласында: «Әукенді жұ­мыс істеп жүрген жерінен ша­қырып алып: «Сен халық жауы Бейімбет Майлиннің кімісің? Оны танисың ба?» деп сұрайды. Сұрап отырған адамның кім екені де белгілі ғой. Әукен әлгіге: «Бейімбет Майлин – ме­нің әкем. Ол – халық жауы емес, үлкен жазушы. Мен оның үлкен ұлымын!» деп қасқая жа­уап берген. Осыдан кейін-ақ «бұл жерде халық жауының баласына орын жоқ» деген желеу­мен оны штрафбатқа жазып, артынан Отан соғысына жібереді. Бейімбеттің тұңғышы Әукен ағамыз сол соғыстан қайтпаған. Бейімбет Майлинге түрі де, болмысы да қатты ұқсаған баласы сол еді», дейді көргендер» деп жазыпты.

Әукен сол күйі майданнан орал­мады. Бұл жайлы Биағаң­ның қызы Разия Майлина бір сұхбатында: «Әукен 1939 жы­лы бізді іздеп балалар үйіне келді. Жұмыс істеді. Сол жылы Армияға шақырылды. Содан оралған жоқ», дейді.

Кіші лейтенант Әукен Май­лин 1942 жылдың Алматы облысы Ақсу ауданынан майданға алынды. Ленин орденді 124-жеке атқыштар бригадасы жеке жойғыш танкке қарсы диви­зионының взвод командирі болды. 3-ші Белоруссия майданын­да шайқасты. 1943 жылдың 2 қыркүйегінде шейіт болды. Сү­йегі Смоленск облысы Яр­цевский ауданы Свищево дере­в­нясындағы №3 Бауырластар зи­ратында жатыр.

 

Мұхамедханның ұлы Мәулетхан

Биыл туғанына 150 жыл толатын Алаш қайраткері Мұха­медхан Сейітқұлұлының ұл­дары да майданда қан кешті. Мұхамедхан ағартушы, меценат, мәдениет және дін қайраткері еді. 20-жылдардан бастап қуғын көрді. Соңында 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Мұхамедхан Сейітқұлұлының артында бір қыз, үш ұлы қалды. Әкесін құртып тынған Кеңес билігі оның ұлдарының да соңына шам алып түсті. Оның үш ұлы бірдей қан майданға алынды. Ұлдың үлкені Ғаб­дул­қайым – белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов. Семей педа­гогикалық институтын бітір­геннен кейін, қазақ тілі мен әде­биеті кафедрасында оқытушы болды. 40-жылдардан бастап Абайдың ақын шәкірттерінің шығармашылығына ден қоя бас­тады. Соғыс басталған уақытта майданға алынды. Еңбек армиясы құрамында Свердловск, Магнитогорск Әскери округ­тарының рота старшинасы болды. Әскери жүктер тасымалы, қорғаныс бекіністерін салуға атсалысты. Денсаулығына байланысты 1943 жылы елге оралып, қай­тадан ғылыммен айналысты, қазақтың руханиятына есепсіз еңбек сіңірді.

Мұхамедханның екінші­ ұлы – Құрманғали Мұхамед­ха­нов. Мұғалім болып жүріп соғысқа аттанды. «Қайым Мұха­медха­новтың інісі Құрманғали Мұха­медханов 1918 жылы туған, жоғары білімді, мәдениетті адам болды. Соғысқа дейін Семей ти­пографиясы мен мектепте қызмет істеді. 1942 жылы соғыс­қа шақырылды. Сталинград май­­­данында атқыш-жаяу әскер ре­тінде шайқасты. Ауыр жара­қат алды. 1943 жылдың 20 сә­уі­рінде әскери госпитальдан шы­ға­рылып, әскери қызметін жал­ғастыру үшін Саратов әскери пунк­­тіне жіберілді. Құрманғали май­­даннан мүгедек болып оралды.

...Соғыстан кейінгі жыл­дары Қостанай облысында экспедитор болып жұмыс іс­теді. Сол эспедициялардың бірін­де үсік шалып, бақилық болды» деп еске алады Қайым Мұха­медханұлының қызы, PhD докторы Дина Мұхамедхан.

Үйдің кенжесі Мәулетхан Мұхамедханов еді. «Семей пе­динститутының бірінші курсын тәмамдаған 1942 жылы со­ғысқа шақырылды. Мәулетхан Мұхамедханов пен Әзілхан Нұршайықов екеуі бір топта оқыған, бір партада отырып, сый­лас досқа айналған. Әзілхан Нұршайықов Мәулетханның батыл, ержүрек жігіт болғанын еске алатын. Екеуі де бір уақытта, 1942 жылдың маусымында май­данға алынды» дейді Дина Мұхамедхан.

Мәулетхан Мұхамедханов қан майданда Приволжск әскери округының 17-ші запастағы ат­қыштар бригадасы 366-шы запастағы атқыштар полкы құра­мында шайқасты. Кейін полк Солтүстік-Батыс, Ленинград май­дандарына барып қосылды. Мәулетхан Мұхамедханов 1942 жыл­дың маусымына дейін осы полк құрамында болды. Соғыста хабарсыз кетті.

 

Біләлдің ұлы Жәнібек

Алашорда азаматтарының бірі – Біләл Сүлеев. Ол Алашорданың Жетісу облысындағы өкілі болды. Жетісу өңірінде мектеп ашу ісімен айналысты. 1930 жылы Семей педагогикалық институтын құрып, тұңғыш ректоры болды. Осы кезде қамауға алынып, 1932 жылы түрмеден босап шықты. Сөйтіп ұлы Жәнібекті алып, Мәскеуге қоныс аударды. 1937 жылы Біләл екінші рет қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

Ілияс Жансүгіровтің қы­зы Ильфа Жансүгірова бір сұх­батында: «Біләлден туған тұңғыш қыздың аты Фәрида екен. Ол он жасында ауырып, көз жұмған. Одан кейін 1923 жылы Жәнібек деген ұлы дүниеге келген. Ол 1943 жылы 20 жасында соғыста қаза тапқан. Ұшқыш болған екен. Жәнібек қаза болғанда, біз шешемізбен бірге Меркеде айдауда жүргенбіз. Осыдан 3-4 жыл бұрын Фатима деген қызым Жәнібек туралы зерттеу жүргізген еді. Сөйтсек Жәнібек жараланып, Смоленскіде госпитальда көз жұмыпты. Сонда көппен бірге бір молаға жерленіпті. Анам өмір бойы Жәнібектің басына бір уыс топырақ салсам деп армандап өтті», дейді.

Жәнібек Сүлеев 1941 жыл­дың қыркүйекте Свердловск об­лысының Суликам ауданынан майданға аттанды. 43-ші Калинин майданында 1237-ші атқыштар полкі, 373-ші ат­қыш­тар дивизиясы құрамында шай­қасты. 1943 жылдың наурызында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Наградтау құ­жатында «Автоматчика-крас­но­армейца Сулеева Жамбек. За то что он в боях за высоту Желтая 20-21 марта 1943 г. Вы­двинулся вперед своего подразделения, взял у раненного снайпера снайперскую винтовку и с 3-го выстрела снял немецкого снайпера, этим самим дал возможность продвигаться подразделению без потер, был ранен 20.3.1943 года», деп жазылған. Жарақаты жазылмаған көрінеді. 1943 жылдың сәуірінде дүние салды. Денесі Смоленск облысы Демидов ауданы Шиши деревнясында жерленді.

 

Барлыбектің ұлы Дәрібек

Қазақтың жері, елдігі үшін күрескен қайраткер тұлғалардың бірі – Барлыбек Сырттанұлы еді. Ол қазақ өлкесін Ресейдің құра­мынан шығаруды көздеді. Осы мақсатта 1910-1913 жылдары құ­пия «Жарғы» әзірледі. Елдік жо­лында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен тізе біріктіре бастады. Алайда жүрегі ел деп соққан Барлыбек жандармерия жендеттері қолынан қаза тапты. Ал жары мен балалары тергеуге тартылып, қуғындалды.

«Кеңес заманы орнаған шақ­та Барлыбектің балалары да сая­си қысымның түр-түрін көрді. Абдулқадыр мен Дәрібек оқудан шығарылып, «Алаш ісі» бо­йынша жауапқа тартылды. Таш­кенттегі САГУ-да оқып жүр­ген Дәрібек Барлыбекұлы М.Әуезов, Ж.Күдериндермен бір­ге қамауға алынды. Жазасын өтеп келген соң, Дәрібек «Ха­лық жауы» емеспін» деп ұл­дары Талғат, Самұрат үшеуі 1941-1945 жылдағы соғысқа қа­тысты. Соғыстан аман қалған Бар­лыбектің немересі Самұрат қазақтан шыққан алғашқы ал­ты генералдың бірі болып, Кеңес өкіметінің әскери ісінің да­муы­на зор үлес қосты», дейді әде­биеттанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай.

Ол өзінің «Алаш оғланы» кі­табында Дәрібектің соғыста атты әскер полкы құрамында шайқасқанын атап өтеді. Самұрат соғыс кезінде капитан, майор, сосын 1968 жылы генерал-майор (алғашқы 6 қазақ генералдың бірі) болған. Дәрібектің тағы бір ұлы Талғат соғыс кезінде майор болыпты. Кейіннен полковник шенін алған, КСРО Қорғаныс министрлігінде батальон инспекторы қызметін атқарған екен.

Иә, жоғарыда айтқандай «ха­лық жауының» балаларының май­данға сұранғандағы бар мақ­саты жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен әкелерін ақтау болатын. Пулеметші Мәншүк Мәметова (Аxмет Мамытұлының қызы), әскери дәрігерлер Зей­неп Сәдуақасова (Әлихан Бөкей­хан­ның қызы) мен Халида Маманова (Есенқұл Мамановтың қызы), взвод командирі Ноян Нұрмақов (Нығмет Нұрмақовтың ұлы), авиа­ция теxнигі Ишағы Жағы­парқызы (Мағауияның немересі) қан майданда әкелерін ақтау үшін қ төгіп, жан берді. Қазақтың батырлары Әлия Молдағұлова мен Рақымжан Қошқарбаевтың да тағдыры осындай. Әлияның да, Рахымжанның да әкелерін Кеңес билігі түрмеге тыққан еді. Олардың да қолына қару алып, қан майданға аттанғандағы масқаты да сол әкелерін қапастан құтқару болатын.

Серікбол ХАСАН

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

 

8 мамыр 2020, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.