Облыстық әкімдікте болған мәжілісте тағы да жердің мақсатсыз пайдаланылу проблемасы айтылды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Рысқали СИСАТОВТЫҢ айтуынша, өткен жылы мүлік түгендеу жұмыстары аясында 2,134 млн гектар егістік, шабындық, жайылымдық алаңдар тексерілген. Содан кейін 196 мың гектар (452 учаске) жер мемлекетке қайтарылды.
Сондай-ақ, облыс бойынша тұрғын үй құрылысына берілген 5 598 жер учаскесі түгенделген. Комиссия оның ішіндегі 805 учаскенің заңсыз пайдаланылғанын анықтады. Мемлекет қорына осы күнге дейін тек 244 жер телімі ғана қайтарылған, жалпы алаңы 55,1 га 561 учаскенің тағдыры облыстық жер инспекциясында шешілмек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасыныңбастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВТЫҢайтуынша, осы жазда еліміздің бірқатар өңірін жайлаған қуаңшылық біздің өңіріміздің егістік өнімділігіне әсерін тигізбеген: 12,4 мың тонна картоп, 48,4 мың тонна көкөніс, 15,4 мың тонна бақша дақылдары жиналыпты. С.Рысқалиев 2012 жылдың қорытындылары бойынша сала үздіктерінің есімдерін атады: диқаншы – Жұмахмет ХҰБАЙДУЛЛИН (Атырау, «Хұбайдуллин» ШҚ), шопан – Қойшығұл СЕЙІТОВ (Жылыой ауданы, «Жаңа Таң» ЖШС), механизатор – Жасұлан ТӨЛЕНОВ (Индер ауданы), зоотехник – Марат ҚҰСАЙЫНОВ (Қызылқоға ауданы, «Жасқайрат» ЖШС), ветеринар – Нұрғизат ОРАЗОВ (Құрманғазы ауданы), сауыншы – Тоқжан БАҚШАТОВА (Махамбет ауданы, «Первомайский» ЖШС), шаруашылық басшысы – Тұрлан МАЖАНОВ (Исатай ауданы, «Мажанов» ШҚ).
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ