Атырау, 25 қараша 02:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әкімнің Атыраудағы жүз күні

3 933 просмотра

23 қарашада өткен облыс активінің жиналысында екі мәселе қаралды. Бұл – Атырау халқының Назарбаевтың «АТОМ» жобасына қолдау танытуы және Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ әкім болып тағайындалғалы өткен 100 күннің ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жайттар.   

Облыстың билік құрамының іс-жүзіндегі толықтай ауысқанына қарамастан, осы секілді іс-шаралардағы жағдай әлі сол күйінде сақталған. Өйткені, қалалық және облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы еш өзгерместен бұрынғыша қалып отыр. Олар Бергей РЫСҚАЛИЕВТІ қорғау мақсатында петицияға қол қойған, ал кейін одан жұртшылық алдында  бас тартқан адамдар. Жақында ғана олар біздің газетімізге сол кездегі облыс әкімінің бастамаларын негізсіз сынға алды деп тарпа бас салған да еді. Ал, енді қазір оның тұсындағы бюджеттік миллардтардың, айтпақшы бөлінуіне бір ауыздан өздері дауыс берсе де оның қалай ұрланғандығы туралы әңгімелерге үнсіз құлақ асуда.    

 

ҚАУІП КӨРШІДЕН ТӨНІП ТҰР

Жиналғандар алдымен Астананың EXPO-2017 көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алынуына орай мадақтауларын білдірді. Артынша Атырау облысынан сайланған сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ  (суретте) Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ядролық қаруға қарсы бастамасына қолдау таныта отырып, сөз алды. Атырау облысының тұрғындары үшін бұл проблема өзекті. Сенатор Азғыр полигонында 60-70-ші жылдары 17 жер асты ядролық жарылыстардың болғанын еске түсірді. Ал, бүгінгі таңда Азғыр халқы өздерімен көршілес ресейлік Ашулук полигонындағы жарылыстардың зардабын тартуда ( «АЖ» №476 22.10.12 жыл., «Азғыр жарылыстан көз ашпады» мақаласын қараңыз).  Сондай-ақ, Еңсегенов бір кездері белсенді қолданыста болған «Тайсойған» полигоны орналасқан Қызылқоға ауданының тұрғындарын назардан тыс қалдыруға болмайтындығын атап өтті. Ақсақал Есен ТАСҚЫНБАЕВ (суретте) 1977 жылы болған қайғылы оқиғаны есіне алды, сол жылдарда «Капустин Яр» полигонынан жіберілген әскери зымыран қателесіп, Гурьев қаласының жеке секторына құлаған болатын:

– Мен сол кезде жұмыста болдым және жарылыстың дауысын естідім. Біз алдымен газ балоны жарылды деп ойладық, өрт сөндірушілерді шақырдық. Жарылыс болған жерге келгенімізде қара түтіннің ортасынан ойылған шұңқырды, сол шұңқырдан бірнеше баланың қолының шығып тұрғанын көзбен көрдік... Екі үйден із де қалмады, 9 адам қаза болды. Сондықтан да біз президенттің ядролық қаруды сынауға нақты тыйым салу туралы бастамасын толық қолдаймыз. Үстінен снарядтың  ұшып жатқанын  қай қазақ жақсы көреді. 

Құрманғазы аудандық мәслихатынан сайланған депутат Мансур ҚУАНЫШӘЛИЕВ Азғыр полигонының аумағындағы шөптер мен жерасты суларының радионуклидтармен және ауыр металдармен зарарландырылғанын әңгімеледі және сол аумаққа ағаш отырғызып, оны қоршауға шақырды. Оның бұл ұсынысына академик Муфтах ДИАРОВ қолдау танытты.

Біздің газетіміз арқылы қазақстандықтарға ядролық сынақ залалының куәсі ретінде танылған Қызылқоға ауданының Мұқыр селосының тұрғыны Нұржан ӨРКЕШБАЕВТЫҢ (суретте) сөйлеген сөзі көпшіліктің назарын өзіне аудартты.  

– Тайсойғанға  жақын маңда орналасқан Мұқырда менің ата-анам қарапайым ғана малшылар, күнделікті тұрмыста құлаған зымырандардың қалдықтарын оның қауіпті екендігіне күдік келтірместен жиі қолданатын. Соның қасіретін тартқандардың бірі менмін. Құдайға шүкір, менің қол-аяғым сау. Мұқырда қол-аяқтары жоқ, көздері тас соқыр болып туған балалар бар. Бір отбасында екі бірдей бала ауру болып туды, оның бірі қайтыс болды, ал, екіншісі жер басып жүре алмайды. Сондықтан да мен бұл бастаманы қолдаймын. Енді ондай ауру балалар дүниеге келмесін!  – деді Нұржан.

 

САЯБАҚ ЖӘНЕ ӘУЕЖАЙ БОЛАДЫ

Облыс активінің екінші бөлімі Б.Ізмұхамбетовтің облыс әкімі лауазымдық қызметін  атқарған  100 күніне арналды. (осы нөмірдегі - «Атырауда  бюджеттің тағы 10 милларды жоғалған» деген мақаланы қараңыз). Алдағы жоспарларға тоқталып өткен Ізмұхамбетов Атырау-Индер тас жолының 160 шақырымдық бөлігінің ортасында Жайық арқылы көпір салынатындығын хабарлады. Келер жылы Мақат-Доссор (17 км), Атырау – Астрахан (60 км) тас жолының жөндеу жұмыстары басталмақ. Есбол, Аққыстау, Бөдене селоларында мәдениет үйлерін салу құрылысы жоспарланып отыр. Геолог поселкесінде емхана бой көтермек, ал, жалпы облыс бойынша 18 жанұялық-дәрігерлік амбулаториялар салынатын болады. Әкімнің айтуынша, сол емханалардың маңынан медициналық қызметкерлері үшін үйлер салынса жақсы болған болар еді.

– Егер медицина қызметкерлерін тұрғын үймен бірден қамтамасыз етпейтін болсақ, онда медициналық мекемелер салудың еш маңызы жоқ, - деді әкім.

Ізмұхамбетов 2013 жылы студенттерге қоғамдық көлікте жүру үшін  50% жеңілдік жасалатындығын, ал, «Балапан» бағдарламасы аясында облыс бюджетінен жеке балабақшаға баратын әрбір бала үшін 20 мың теңге төленетіндігін мәлімдеді.

Әкім облыстық драма театр ғимаратының бүгінгі мүшкіл халіне орай қынжылыс білдіре отырып, былай деді:

- Өкінішке қарай, біз әзірге киноконцерт залы салынып біткенше театрдың жөндеу жұмысын бастай алмаймыз. Өйткені, жөндеу кезінде театр ұжымын орналастыратын жер керек.

- Жастар саясатына келетін болсақ, Ізмұхамбетовтің айтуынша, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджет есебінен жас отбастарына 90 пәтер бөлу жоспарланып отыр. Тағы да 288 жас жанұяға үй құрылысын салу көзделуде. Жетімдер үшін 240 бір пәтерлі үйлер салынатын болады.

Әкім келер жылдың көктемінде Атырауда орталық саябақтың құрылысы басталады деп хабарлады:

– Атырауда демалыс саябағы жоқ. Барлық саябақ аймақтарының орнын коттедждер басып алған. Бәлкім, сіздердің араларыңызда да (депутаттарға қарап) сол коттедждердің қожайындары бар шығар!  

Депутаттардың тарапынан ешқандай реакция болған жоқ. Тағы бір жаңалық: 2013 жылы Атырау қаласында жаңа әуежай құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындығы басталады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

26 қараша 2012, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.