Облыстық аурухананың ғимараты дезинфекция жасау үшін жабылып, науқастар Береке ықшамауданына карантинге жіберілуде.
Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, 3 сәуірден бастап аурухананың бір бөлігі карантинде болатын.
Неге карантинге барлық бөлімше жабылмағаны және аурухана кейбір науқастарды ішінара қабылдауды жалғастырғаны белгісіз. Бірақ 6 сәуірде ауруханаға 82 жастағы ер адам жеткізіліп, оған коронавирусқа жасалған сынама расталып шықты. Бұл науқас жаңадан түскендердің қатарында болды, ал науқас адаммен байланыс жасаған аурухана қызметкерлерінің саны тағы да көбейді. Нәтижесінде оқшаулау шарттарын сақтамағандықтан аурухана ғимаратының кез-келген жері «лас» немесе қауіпті болып шықты. Осыған байланысты ауруханаға дезинфекция жасау қажеттілігі туындады.
-Таңертеңнен бөлімше меңгерушілері қызметкерлерді абдыратып, бізді карантинге Махамбеттегі туберкулезге қарсы күрес ауруханасына немесе «Береке» ықшамауданына жібереді деген жаңалықты жеткізді. Ал кеше «Атырау», «Самал» және «Жемчужина» шипажайына жіберетіні туралы сөз болған. Бізді Махамбет ауруханасы мен «Береке» ауруханасына жіберуге қарсымыз! Ол жердің жағдайы өте нашар екенін бәрі де біледі, - дейді облыстық аурухана қызметкерлері, - Бұл ретте көбінің карантинді өзіне қолайлы жерде өткізу мүмкіндігі бар – біреудің бос тұрған пәтері немесе ауласында оқшау тұрған шағын үйі бар, тіпті адамдар белгілі бір уақытқа үй жалдап тұруға да келісер еді, бірақ Махамбет пен «Берекеге» бармаймыз. Біздің гинеколог-әріптестеріміз жүкті әйелден коронавирус анықталғаннан кейін «Береке» ықшамауданында қысқа мерзімді карантинде болды. Әйтеуір, екі күннен кейін өз үйінде карантинде болуға рұқсат берілді. Карантин мерзімін 8 сәуірден бастап есептейміз деді, себебі 7 сәуірде 82 жастағы науқаста инфекция расталған болатын. Оны сол жерден дереу изоляторға орналастырды, дәрігерлер оны қорғаныс киімдерін киіп қарады. Біз басқа бөлімшелерде жұмыс жасаймыз, ол науқаспен байланысқан жоқпыз. 3 сәуірден бастап осы ауруханада шықпастан жүрміз және қосымша белгілеген 5 күн біз үшін өте маңызды. Біз әр бөлімше мен қызметкер үшін күнін көрсетіп, ауруханаға карантин енгізу туралы бұйрықпен таныстыруды талап етеміз.
Әрине, бұл жерде аурухана емделушілері қайтеді деген заңды сұрақ туындайды,себебі олардың бір бөлігі емін аяқтап, шығуға дайын.
- Қазір біз «Береке» ықшамауданына 65 адамнан тұратын емделушілердің бірінші легін жіберудеміз. Онда жылуы қосылған 180 пәтер дайын тұр. Алдын ала 480 кереует пен матрас, шәйнек мен қысқатолқынды пеш жеткізілді. Әрине, емделушілер үй карантинінде болғымыз келеді деген, бірақ қауіпсіздік мақсатында оларды оқшаулауға шешім қабылданды, себебі олар коронавирус анықталған адаммен байланыста болғандардың қатарына жатады. Ал медицина қызметкерлерін орналастыру мәселесі әлі шешілуде, - дейді облыста ТЖ режимін сақтау шұғыл штабының өкілі Жасұлан БИСЕМБИЕВ.
Қазір ауруханада 250 қызметкер және 140 емделуші бар.
Естеріңізге сала кетейік, «Атырау» шипажайына бұрын Стамбулдан ұшып келген және «Береке» ақшамауданында карантиннен өткен студенттер жайғасты.
Кейінірек облыстық штаб облыстық аурухананың дәрігерлері мен пациенттерін көшіру туралы ақпаратты толықтырды. 50 пациент 70 медицина қызметкерінің қадағалауымен стационарда қалады.
ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі штаб басшылығының шешімі бойынша медицина қызметкерлеріне карантин үшін анағұрлым жақсы жағдай жасалады.
Қазіргі уақытта облыстық аурухананың қызметкерлері көшірілуде. 80 дәрігер Береке ықшам ауданындағы көп пәтерлі үйге, 50 адам энергетика колледжінің жатақханасына, тағы 35 медицина қызметкерін "Престиж" қонақ үйіне орналастырады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ