Атырау, 27 сәуір 23:44
 ашықВ Атырау +23
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Қоқысқа қатысты құрғақ уәделер

Бейнежазба
3 864 просмотра

Бейнежазбадан алынған кадр

Мақат пен Доссор кентіндегі қоқыс алаңдарының жәй-күйі туралы «АЖ» бірнеше рет жазды. Өткен жылдың жазында Доссор кенті тұрғындары осы мәселені көтеріп, сол кездегі аудан әкімі Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫ қоқыс полигоны басында кездесуге шақырған. Алайда әкім келмеді. Сол кездесудің сәті енді түсті. Доссор кентінің мәдениет үйінде Мақат ауданы әкімі Шәкір КЕЙКИН осы қоқыс полигонына байланысты белсенділер мен депутаттардың қатысуымен жиын өткізді.

-Ауылдық жерде болғасын қолымызға бірер сиыр ұстап, күнелтіс қамын жасағанымыз келгенімен одан дым шығар емес. Кенттің жайылыс жақ бетінде теміржол орналасқандықтан ол жаққа рұқсат етпейді. Ал келесі бетіне шығарсақ қоқысқа тап боламыз. Амалсыз адамдар сиырларын сатып құтылуда,- дейді тұрғын Бисен ҚАЗМАҒАМБЕТОВ. - Бақташы шығарыңдар дейді, өріс болмағандықтан мал сол қоқыс полигоны жақтан бір шығады. Бұл қоқыс полигонын көшірсін, болмаса дұрыстап қоршасын.

Доссор кенті тұрғыны тұрғыны Ғазиз ҒАБДУЛЛИН көше тазалауға бөлінетін ақшаны қозғады:

- Аудандық әкімдік қоқысты сұрыптау орны ашылатынын, бұрынғы алаңдар жабылатынын айтып, талай уәде берді. Ол қашан жүзеге асады, мерзімін айта алар емес. Неге осы полигонды сенімгерлікке алған Б. Кабулов өз жұмысын дұрыс атқармайды, әкімдік жауапкершілікке шақырмай ма? Табиғат қорғаушылар, санэпид қайда қарап отыр? Ал «Эра» ЖШС бұдан екі жыл бұрын 33 млн теңгеге қоқыс қалдығы контейнерін жасауды міндетіне алғанымен ол да өз ісін атқара алмай, банкрот болды деп естіп отырмыз. Тазалыққа бөлінген қаржы көтерілгенімен жасалып жатқан жұмыс көрінбейді. 

     

Мақат аудандық Мәслихаттың депутаты Аманияз ҚАБДОЛОВ: - Тазалық жайы күн тәртібінен түспейтін басты мәселе болып қала береді. Бұрын жылына тазалыққа 40 млн теңгенің шамасындай бюджет қаржысы бөлінетін, былтырдан бастап 120 млн теңгеге дейін көтерілді. Бірақ соншама қаржы бөлінсе де, баяғы айқай, бір айқай болып тұр. Көше тазалығы қызметін сенімгерлік басқаруға алған «ЖК Кабулов» тек көше тазалығына емес, полигонға жауапты ғой. Неге мұны қалыпқа келтірмейді. Сұрыптау зауыты қашан ашылады?  Иіс деген жаман, шыдатпайды.

Екі сағатқа созылған жиында талқыға түскен тазалық мәселесінде жеке кәсіпкер Бақтыбай КАБУЛОВ тұрғындар тарапынан төлемдердің кешігетінін алға тартты.:

- Бізге сегіз рет түрлі тексеру келіп кетті. Мен кәсіпкер ретінде полигонды дамытамын деп ойладым. Мен табыс тауып жатқаным жоқ. Бірақ қолымнан келгенше жұмыс жасап жатырмын. Еңбекақыны да көтеріп жатырмыз, себебі жұмысқа адам келмейді. Төлем төлеуге жұршылық жауапсыз, қазірдің өзінде қарыздары жетеді.

Дегенмен полигондардың не үшін қоршалмай жатқанын нақты түсіндіре алмады

Тұрғындар мен мердігер пікірлерін тыңдаған аудан әкімі Ш. Кейкин мәселені өз бақылауында ұстайтынын айтты.

- Неге қоғамдық тыңдауға келгенде мердігер еңбекқыны қаншалықты көтергенін, қосалқы бөлшек, жанар-жағармай және тағы басқа шығындар жөнінде, жалпы қаражаттың қайда жұмсалып жатырғанын айтпады? Жұмыстар заң талаптарына сай істелуі керек қой. Қоқыс полигонына сұрыптау орны салынуы керек екенін білесіз. Оның бірі жоқ қой. Қоқысқа қаржы үш есе бөлінгенімен, неге жағдай өзгермей тұр? Сенімгерлікке алған полионды неге жөндемейсіз?  Осы сұрақтар бойынша алдыма келіп есеп бересіз! Сол бойынша әрі қарай не істеу керектігін шешеміз.

Аудандық әкімдіктің айтуынша, сенімгерлікке берілген үш жыл мерзімнің аяқталуына байланысты, биыл аудандағы көше тазалығы қызметіне конкурс өтпекші. Бірақ қоқыс полигоны басқа қызмет түрі ретінде Кабулов ЖК сенімгерлігінде қалмақ. Мерзімі аяқталмаған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бейнежазбаны түсірген автор

27 қаңтар 2020, 14:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.