Ауыл сыртындағы 20 жылға жуық уақыт көмілмей ор, қоршаусыз қоқыс полигоны және ауыл ішіндегі қоқыс алаңдары... Мақат ауданы Доссор кентінің жиырмаға тарта тұрғыны 27 маусымда бірнеше жыл шешімін таба алмай жүрген осы мәселелерді талқылауға аудан әкімін қоқыс полигонынан күтті, алайда әкім кездесуге әкімдік залына шақырды. «АЖ» тілшісі келмеген әкімнің орнына тұрғындардың шағымын тыңдады.
- Біз аудан әкімін халықпен кездесуге шақырып, шешілмей келе жатқан проблемаларды көтергіміз келген. Оны әлеуметтік желідегі «телеграммаға» бірнеше рет салдық та. Ол келісімін берген. Бұл мәселелер бұрын да залда өтетін жиындарда қозғалып жүр. Бірақ орындалған жоқ. Сол себептен аудан әкімі Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫ қоқыс алаңы басына шақыртқан едік,- дейді кент тұрғыны Ғазиз ҒАБДУЛЛИН. - Бірақ ол «күннің ыстық болуына байланысты кездесу әкімшілік залында өтетінін» хабарлапты. Маған әкімшіліктен телефон да шалған. Бірақ мен сөзімнен танбадым, өйткені билік жағдайдың қандай екенін көзімен көруі керек қой.
Қоқыс алаңы толық қоршалмағандықтан сиырлар емін-еркін қоқыстарды аударыстап, жайылып жүр.
- Менің екі ірі қара малым осы қоқыс жеп өлді. Біз кенттің шеткі жағында тұрамыз, аржағы теміржол, ауылдың ішкі жағына тағы шыға алмайды, тал-теректі жеді деп қамап тастайды. Сонда қайда бағамыз, жер қалмады. Ал шығарсақ, осы қоқыс алаңына келеді. Бара-бара мал ұстаудан қалатын болармыз,- дейді тұрғын Болат ОСПАНОВ.
Тағы бір мәселе - қоқыс салатын жәшіктер. 2017 жылы аудандағы қоқыс жәшігін жаңартуға бюджеттен 33 млн теңге бөлінген. Мердігер «Эра» ЖШС өз жұмысын дұрыс атқармай, шала-шарпы тастап кеткен.
- Көріп тұрсыз, қоқыс жәшіктерінің қақпағы қисайып, кейбірі мулдем жоқ. Қоқыс алаңшасы қоршалуы керек еді, ол жасалмаған, жәшіктер жаңартылмаған. Кейбір алаңшаларға мүлдем қол тимеген,- дейді тұрғын Тимур ҚҰБАЙ. - Сонда қазынадан шыққан қаржы қайда кетті, неге сұраусыз, неге қайтадан жасау үшін мердігерден талап етілмейді. Аудан әкімшілігі неге дәрменсіздік танытады, тапсырысшы өздері емес пе. Біз сотқа береміз, шарасын аламыз дейді. Қашан?
Ауыл сыртында шамамен ұзындығы 300 метрдей болатын траншея жатыр. Жайылып жүрген мал бұл орға түсіп, жараланып жатады екен. Олар маған жақында осы шұңқырға түскен жылқыны шығарғаны түсірілген видеоны көрсетті.
- Бұл шұңқырдың жатқанына жиырма жылдан асқан болар. Кезінде Байшонас ауылына жылу ма, жоқ су құбырын тартамыз деген желеумен қазылған деседі,-дейді тұрғындар. - Әсіресе, қыс кезінде малға қауіпті, шұңқырдың беті қармен көміліп, соған түсіп, шыға алмай өліп жатады. Енді қазған мердігер табылмас, тек бірлесіп көміп берсе дейміз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор