Қазір Атырауда 759 сыртқы бейнебақылау камералары жұмыс істейді – олардың саны бойынша мұнайлы астана елорда мен Өскеменнен кейін үшінші орында тұр (Алматы - төртінші орында). Камералар арқылы жыл басынан бері 30 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды (барлық әкімшілік қылмыстардың 30%-ы жолға қатысты) және 60 қылмыстық іс ашылды. Бұл аз көрсеткіш болмаса да, прокуратураның көңілі толмай отыр, олар жағдайды талдап, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар жеткілікті түрде тиімді пайдаланылмай отыр деп қорытынды шығарды.
Прокуратура мәліметтері бойынша, бюджеттен жедел басқару орталығын (ЖБО) жаңғыртуға 1,8 млрд теңге бөлініп, соңғы жылдары бейнебақылау камералары санының 2 есеге жуық өсуіне қарамастан, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашу үлесі төмен деңгейде қалып отыр.
- ҚР 2017-2019 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қабылданған кешенді жоспар мақсатты индикаторларға жеткізбей, формальды түрде орындалуда, - деп хабарлады «АЖ» тілшісіне облыстық прокуратурада. Атап айтқанда, өткен жылы GPS жүйелерімен және борттық компьютерлермен жабдықталған арнайы автокөліктер санын 90%-ға жеткізу жоспары орындалмаған. Бұдан басқа, ЖБО-ға әлі күнге дейін мүліктік құқықбұзушылықтардың басым бөлігі орын алатын Атыраудағы сауда орталықтары мен базарларының бақылау камералары қосылмаған. Тағы бір мәселе – көптеген қала маңындағы шағын аудандарда бақылау камералары жоқ. Оның үстіне тамыз айындағы басқару орталығында түнгі ауысымдағы екі қызметкердің монитор алдында бақылап отырудың орнына тып-тыныш ұйықтап жатқаны отқа май құйғандай болды.
Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, қазір Атырауда жол ережесін бұзғандарды тіркейтін ақылды «Сергек» (774 камера) бейнебақылау жүйесі орнатылуда. Жобаның құны қомақты – 10 миллиард теңге. «АЖ» облыстық әкімдікке «Сергекке» қатысты сұрақтар жолдаған еді, бірақ ондағылар жауап беруге асығар емес.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор