Ресей мен Қытай Шығыс газ құбырын іске қосты. Фото: Шинхуа. 2 желтоқсан күні Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен Қытай Халық Республикасының төрағасы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) Сочи мен Бейжіңде Ресей-Қытай Шығыс газ құбырының ашылу салтанат онлайн түрде өткізді.
Екі ел лидерлерінің пікірі Қытайдың ресми «Шинхуа» (Синьхуа) ақпарат агенттігі хабарында Қытай басшысының ашылу салтанаты кезінде пікірін таратты. Онды Қытай басшысы Шығыс газ құбырының Қытай-Ресей энергетикалық ынтымақтастығындағы маңызды жоба екенін, сонымен қатар екі тараптың «терең интеграциясы мен жеңісті ынтымақтастығының үлгісі ретінде бағалаған. Ресей президенті де онлайн кездесуде жобаның маңызын жоғары бағалап, Ресей-Қытай дипломатиясының 70 жылдығы қарсаңында Шығыс газ құбыры желісін іске қосу және жеделдетудің тарихи мәні зор деп атаған.
Сондай-ақ, бұл жоба екі ел арасында стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді деп бағалаған. Ресей-Қытай жобасының шын мәні Екі ел басшысының жобаға байланысты пікірлері жоғарыдағыдай. Енді Ресей-Қытай арасындағы аталған жобаның сипатына үңіліп көрелік. Ресей «Сібір қуаты» деп аталатын газ құбырын пайдалануының өзіндік мәні бар, айталық, 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін Ресей Батыс елдерінің қаржылық санкция қысымында қалды. Бұл газ құбырын пайдалану Батыс елдерінің қаржылық санкция қысымын жеңілдету үшін Ресейдің шығысқа бет бұрғанын көрсетіп отыр. Шығыс газ құбырының ашылуы Ресейдің ең ірі экспорттық нарығындағы жағдайын күшейтті және Ресейге Еуропадан тысқары жерде үлкен әлеуетті жаңа нарық алуға мүмкіндік берді. Әрине, бұл мүмкіндікті Қытай беріп отыр, бірақ Ресей бұдан өзге тағы екі ірі энергетикалық жобаның іске қосылуын күтіп отыр.
Оның бірі – Германияға жеткізілетін БАС-2 су асты Балтық газ құбыры; екіншісі – Түркия мен Оңтүстік Еуропаға тартылатын TurkStream газ құбыры. Жоба ауқымы Қытай-Ресей шығыс газ құбыры Ресейдің шығысындағы Сібірден басталып, Благовещенск қаласы арқылы Қытайдың Хилоңжияң (Хэйлунцзян) провинциясындағы Хихы (Хэйхэ) өзеніне тіреледі. Құбырдың Ресей территориясындағы ұзындығы 3000 шақырым, Қытай территориясындағы ұзындығы 3371 шақырым. Қазір 1740 шақырымы қолданыста. Ресей мен Қытай арасында қосылып жатқан Шығыс газ құбырындағы газ тасымалы біртіндеп жоғарылап, 2025 жылға барғанда жылына 38 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл Қытайдың Ресей газын тұтынатын Германиядан кейінгі екінші үлкен нарыққа айналдыруы мүмкін. Былтыр Германия Ресейден 58,5 млрд текше метр газ сатып алған болатын.
Мәскеу 1950 жылдардан бастап Батыс және Орталық Еуропаға табиғи газ жеткізіп келеді. Еуропа содан бері ресейлік газдың ең негізгі тұтынушысы болып келеді. Кремль бақылауындағы «Газпром» энергетика алыбы саналады, оның жылдық жеткізілімі шамамен 200 млрд текше метрге жеткен. Мәскеу мен Бейжің нені жасырды? Ат-атағы мәлім жобаның ашылуы кезінде екі ел басшылары жобаның құны мен газ бағасы туралы мәлімет берген жоқ. Жобаны жүзеге асырушыларда Шығыс газ құбыры арқылы Қытайға экспортталатын газ бағасы туралы мәліметті құпия ұстап отыр. Тек жобаны атқарушылардан тараған болмашы мәліметте экспорттау бағасы жанар жағар майдың бағасына тәуелді екенін айтылған. Екі ел басшыларының жоба туралы пікірлерінен мәлім болғанындай, Шығыс газ құбыры желісі Қытай мен Ресейдің стратегиялық ынтымақтастығының жаңа бейнесі. Бұл Батыстың қысымы алдында екі көршіміздің әрекеттерді үйлестіре бастағанын да көрсетіп тұр.
Айталық, АҚШ-пен сауда соғысындағы Қытай және Батыс санкциясының қысымындағы Ресейдің энергетика ынтымақтастығы бір-біріне мол мүмкіндік беріп отыр. Қытай Ресейге жаңа алып нарық ашып берсе, Ресей Қытайға стратегиялық серіктестік орайын беріп отыр. Батыстағы демократиялық әлем азиялық екі державаның бұндай әрекетінен алаңдайды. Біз үшін де екі алып көршінің ымырасы сақтық дабылымен бірдей.
Дереккөз: Qazaqtimes.com