Қытай азаматтарын Қазақстанға заңсыз өткізумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ мүшелеріне үкім шыққаннан кейін ҰҚК баспасөз қызметі бұл қылмыстық оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.
2017 жылы Атырау облысы бойынша ҰҚК қызметкерлері күдікті компанияға назар аударады. Бұл компания басқаларға қарағанда Қытай азаматтары үшін визаны көп дайындаған. Ал оның заңды мекенжайы компания кеңсесі деп айтуға келмейтін шағын үй болып шыққан және оның иесі де күдік тудырыпты. Осыдан кейін ауқымды оперативтік жұмыстар басталып, еліміздің бірнеше өңірінде әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ анықталады.
Атырау тұрғыны О. алты жалған компанияның өкілі ретінде Атырау облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасындағы байланыстары арқылы 429 азаматқа, негізінен ҰҚК азаматтарына, іскерлік виза алуға арналған шақырту өтінішіне заңсыз келісім алып отырған. Анықтай келе бұл істің бір ұшы елордаға дейін жетеді. Астаналық хакер «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық сандық қолтаңбалар дерекқорын заңсыз иемденіп, осы іске қатысы жоқ жалған фирмаларды тіркеген.
Содан соң жалған кәсіпорындардың қызметін заңды етіп көрсету үшін бұрынғы нотариустың, кейін Нұр-Сұлтанда жұмыс істеп тұрған нотариустардың мөрімен расталған жалған сенімхаттар жасаған.
Әрі қарай, Қытай мен Қырғызстанда тіркелген фирмалармен қызмет көрсету туралы жалған келісімдер жасалған. Жалған келісімшарттардың негізінде шетелдік азаматтарға шақыру хаттар рәсімделген.
Ведомство атап өткендей, қылмыстық топқа Қытай азаматы мен Қазақстан СІМ-нің бұрынғы қызметкері басшылық еткен.
- Күдіктілер 2015 жылдан 2016 жылға дейін ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментіндегі сыбайластар арқылы шетелдіктерге 2 мыңнан астам шақыру қағазын рәсімдеген. 2017 жылы қаңтарда виза берудің жаңа ережелері пайда болғаннан кейін қаскүнемдер визалық қолдауды кедергісіз мақұлдау туралы көші-қон қызметі басқармаларымен алдын-ала келісім жасалған өңірлерде жалған кәсіпорындарды тіркеудің жаңа сызбасын жасайды. ҰҚК қызметкерлері Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Атырауда, Ақтөбеде, Көкшетауда, Қызылордада, сондай-ақ Қырғызстан мен Қытайда тіркелген жалған 48 компанияны анықтады, - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі. Ұйымдасқан топтың қылмыстық кірісі 1,3 миллион доллар болған.
Жеткілікті дәлелдер жиналғаннан кейін Атырауда және басқа қалаларда іске қатысты тұлғалар қамауға алына бастады. Нәтижесінде соттар биыл 21 адамға айыптау үкімін шығарды. ҚХР қылмыстық тобының екі мүшесіне және ҚР-ның бір азаматына халықаралық іздеу жарияланған, тағы екеуіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұдан басқа, ҰҚК заңды тұлғаларды тіркеуді және көші-қон қызметінің жұмысын реттейтін кейбір заңнамалық актілерді қайта қарауды, «электрондық үкімет» порталы мен нотариустардың жұмысын бақылауды күшейту қажет деп санайды.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ