Атырау қалалық №2 сотында Қытай азаматтарының ҚР аумағына кіру құжаттарын заңсыз рәсімдеумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ (ТҚТ) мүшелеріне қатысты үкім шығарылды. Тергеу барысында олардың 2 мыңнан астам қытайлықтың құжаттарын жасағаны анықталды. Соңғы кездері Қазақстанда күшейіп келе жатқан қытайфобиялық көңіл-күй тұрғысынан қарасақ, сотталушылар салыстырмалы түрде жеңіл жаза алған.
Сотталушылардың төртеуі де басқа қаланың тумалары, бірақ соңғы қылмыстық эпизод біздің өңірмен байланысты болғандықтан, іс осы жерде қаралды.
Материалдары жеке істе қаралған қылмыстық топтың жетекшісі, Қытай азаматы Ч.Т. өз елінен Қазақстанға виза алғысы келгендерді жинап, олардың өтінімдерін Нұр-Сұлтан тұрғыны Э.Н.-ға жолдап отырған. Қытай университетін бітіргеннен кейін біраз уақыт ҚР СІМ консулдық қызметі департаментінің визалық қолдау басқармасында жұмыс істеген Э.Н. сол жердегі таныстарының арқасында оларға "көмектескен". ҚР заңы бойынша, іскерлік және жұмыс визаларын алу үшін шетелдіктерге қазақстандық ЖШС-лердің шақыру хаты қажет. Осы мақсат үшін қылмыстық топ 2015 жылдан 2018 жылға дейін жалпы саны екі мың Қытай азаматтарына шақыру хат жіберген 35 жалған кәсіпорынды тіркеген. Елордада бұл жұмыстарды Э.Н. атқарып, осы жалған құжаттардың негізінде қажетті құжаттама дайындаған. Кейін бұл құжаттар СІМ-ге, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қызылорда және Атырау қалаларының көші-қон қызметтеріне жіберілген. Ал Қытай азаматтары осы құжаттар бойынша біздің елімізге келіп, қалаған нәрселерін істеген.
Әрине, мұның бәрі тегін жасалмады. Трансұлттық қылмыстық топтың қытайлық жетекшісінің шенеуніктерге, полиция қызметкерлеріне пара ретінде және делдалдардың сыйақысына жалпы сомасы 140 миллион теңге аударғаны анықталды.
- Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған Э.Н., Б.З., К.Т. және Т.О.-ның қылмыстық әрекеттері салдарынан ҚР азаматтарының еңбек етуге қатысты конституциялық құқығы, сондай-ақ мемлекет мүдделері бұзылды. Бірнеше рет іскерлік және жұмыс визаларын заңсыз алған шетелдік азаматтар Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту квотасынан тыс заңсыз еңбек еткен және еліміздің бюджетіне салық төлемеген, - дейді төрағалық етуші судья Дәуренбек ДАУМОВ.
Атырау қалалық №2 соты Э.Н.-ді (Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны) ҚР ҚК-нің 264-бабының 2-тармағы (Трансұлттық қылмыстық топқа қатысу), 394-бабының 3-тармағы (Қылмыстық топтың заңсыз көші-қонын ұйымдастыру) бойынша кінәлі деп танып, қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде 5,5 жылға бас бостандығынан айыру; Б.З. мен К.Т.-ге 394-баптың 2-тармағы бойынша (Қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) 2 жылға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды; осы бап бойынша Т.О. (Қызылорда облысының ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі бөлімінің бұрынғы бастығы, ол «полиция подполковнигі» шенінен де айырылды) да осындай жаза алды.
Фархат ӘБІЛОВ