«АЖ» тілшісі Қазақстанда Еріктілер жылы деп жарияланған 2020 жылы еріктілерге қатысты қандай өзгерістер болатынын анықтауға тырысты.
Біздің өңірімізде көптеген (ең алдымен қаржылық) қиындықтарға қарамастан, мүгедектерге, ардагерлерге, тіпті, панасыз жануарларға да көмектесетін бірнеше қайырымдылық ұйым бар. Әдетте, мұндай еріктілер ұйымының жетекшілері жеке компаниялар арасынан демеушілер іздейді.
2020 жыл басталғанда не өзгереді, мемлекет еріктілерге қандай көмек көрсетеді және ол жалпы көрсетіле ме? Бұл туралы 11 қарашада Атырауда өткен брифингте «Нұр-Сұлтан қ. ұлттық еріктілер желісінің» өкілі Айсұлу ЖАМАШЕВАДАН сұраған едім.
«Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігі туралы азғана мағлұмат: бұл ҚР-да волонтерлік мәдениетін қалыптастыру және дамыту мақсатындағы азаматтардың, заңды тұлғалардың және бастамашыл топтардың ерікті бірлестігі. Ұйым мүдделі мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес ұйымдарға және бизнес құрылымдарға ұсыныстар мен ұсынымдар пакетін дайындайды.
- Айсұлу, мемлекет қазір қандай көмек көрсетіп жатыр?
- Біріншіден, бізге гранттар береді. Екіншіден, 2016 жылдың желтоқсан айында «Волонтерлік қызмет туралы» ҚР Заңы қабылданды. Тіпті, мемлекеттің кедергі келтірмейтіндігінің өзі көмек, - деп жымиды Айсұлу.
- Менің түсінуімше, болашақта мемлекеттен қайырымдылық қорлары мен еріктілер ұйымдарына, ең алдымен қызметкерлерді оқытуға ақша бөлінеді.
- Иә. Еріктілер өте тез «әлсіреп» кетеді, оларға мотивация қажет. Тренингтер керек. Әр аймақтан волонтерлік мектептер ашу қажет. Бұл үшін мемлекет ақша бөледі.
- Волонтерлік қызмет туралы заңға келейік. Жұмыс істейтін қайырымдылық қорларының ашықтығын тексеру қалай жүргізіледі?
- Біздің компанияда 58 әлеуметтік ұйым тіркелген, олардың шынайылығы толықтай тексеруден өтті. Мен оларға сенімдімін - өйткені оларды біз, еріктілер желісі тексереміз. Бірақ осы 58-ден басқа жаңа қайырымдылық ұйымдары ашылып жатыр. Олар туралы біз әлі ештеңе білмейміз.
СЕНСЕҢ ДЕ ТЕКСЕРІП АЛ
Кездесу соңында «Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасының жетекшісі Мая ШАМЕНОВА сөз сөйледі. Ол еріктілік кезіндегі фактчекинг (фактілерді тексеру) туралы әңгімеледі. Айтпақшы, жақында «АЖ»-ның «Үміт жарығы» қоры туралы жүргізген тергеу жұмыстары жөнінде еске салды:
- Адамдарға ақпаратты тексеруді, волонтерлік көмекті қалай көрсету керектігін ғана емес, оны қалай қабылдауға болатынын үйретіп, оларды волонтерлік сауаттылық тұрғысынан дайындағым келеді. Егер сізге еріктілер келген болса, онда міндетті түрде олардың барлық құжаттарын тексеріп шығу керек, анықтамалар мен дәлелдерді талап етуге ұялмау керек. Садақа жинап жүрген балаларды көргенде тұрғындар қордың барлық құжаттарын сұрап, кімге және не үшін ақша жиналып жатқанын сұраса екен дейміз. Мысалы, мен волонтер балалардан рұқсат құжаттары қайда екенін, көмекке мұқтаж баланың ата-анасының байланыс деректерін, баланың диагнозын растайтын құжаттар қайда екендігін үнемі сұраймын.
Айтпақшы, қазіргі уақытта Қазақстанда 287 еріктілер ұйымы бар, олардың көпшілігі әлеуметтік салада шоғырланған.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор