Атырау, 29 наурыз 06:13
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Кісі өлімін күйеуіме жабуға тырыстым. Қазір балаларыммен бірге келіп тұрады»

Сурет Бейнежазба
5 986 просмотра


Атыраудағы УГ-157/11 жалпы режимдегі әйелдер колониясы – Қазақстандағы алты әйелдерге арналған түзету мекемесінің бірі және ашылғанына да көп болған жоқ – 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді.  


Мұнда 20 жастан 70 жас аралығындағы нәзік жандылар жазасын өтеуде. Басым көпшілігі - бопсалау, алаяқтық және есірткі саудасымен айналысқандар, тұрмыстық жағдайда адам өлтіргендер де бар. Колония түрмеден гөрі әйелдер жатақханасына ұқсайды. Бір қызығы қылмыскерлер жататын бөлмелердің есігі ағаштан жасалған. Құдды бір жатақхана дерсің.  Анау айтқандай қаталдық білінбейді  де. Бес отряд өз блоктарында орналасқан. Әр блокта жатын бөлмелерімен бірге ортақ шайхана, шаруашылық, қонақ бөлмелері бар. Бір бөлмеде 4 адамнан тұрады. Ортақ монша, киім жуу және үтіктеу бөлмесі бар. Күн тәртібі былай: таңғы 6-да ұйқыдан тұру, 7-де таңғы ас, 8.30-да жұмыс басталады (наубайхана, тігін цехы және т.б.), 12.00-13.00 – түскі ас, жұмыс уақыты 17.00-де аяқталады. Бұдан кейін еркін уақыт: теледидар қарауға, кітап оқуға (кітапхана бар) болады. Мұнда өздері жасаған бұйымдардың көрмесі мен сұлулық байқауы, спорттық сайыстар өтіп тұрады. Дегенмен, таршылықтың аты таршылық. Бас бостандығыңның жоқтығы кез келген адамға кері әсер ететіні түсінікті. Алайда қылмыстың жазасы болуы да шарт, мұндағылардың көпшілігі мұны түсінеді.



Кейбірі өз тағдырларымен бөлісуге келісті.

- Жұбайыммен тату-тәтті өмір сүрдік, екі баламыз болды. Үстел басындағы кішкентай түсініспеушілік осындай қайғыға алып келді.  Балаларым әкесіз мен жолдассыз қалдым. Қолым қанға боялды, қатты өкінемін!- дейді қызылордалық Айдана (аты өзгертілді).

Айдана 99-бап (Адам өлтіру) бойынша 8 жылға сотталған.  Үш жылы өткен. Осы уақытқа дейін қылмыстық ісін қайта қарап, 104-бапқа (абайсызда кісі өлтіру) ауыстыру үшін  барлық  заң органдарына шағымданған. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Ең соңғы үміті – ел президентіне хат жазып, жазасын жеңілдетіп, тірі жетім қалған ұлы мен қызына оралуға мүмкіндік беруін өтінген. Содан хабар күтіп отыр екен. 

25 жастағы Алина (аты өзгертілген) Ақтөбе қаласының тумасы.  194-бап бойынша айыпталып, 7 жыл мерзімге кесілген.  Бүгінде оның түрмеде отырғанына 6 жылға жуық уақыт болған.    

- Материалдық жағдайым нашарлап, сыбайласыммен бірге Ақтөбе өңіріндегі беделді кәсіпкерді бопсалап, 23  млн теңге талап еттік...,- дейді Алина.



Әңгіме соңында ол өз ісіне қатты өкінетінін, бостандыққа шыққан соң, жақсы жұмысқа орналасып, қарапайым адамдарша өмір сүргісі келетінін айтты.

Айнұр есімді Шымкент өңірінің тумасы заңсыз есірткі тасымалдағаны үшін 16 жылға сотталған. Тәжікстан шекарасынан өтіп, Ақтау қаласының әуежайынан ұсталған:

- Мұндай істің қате екенін білсем де, қаражаттың тапшылығынан қылмыс жасауыма тура келді. Өйткені отбасымда маған сеніп отырған бауырларым бар еді.

Байқоңыр өңірінің тумасы 27 жастағы Жайнагүл өзінің жақын араласатын құрбысын өлтіргені үшін 9 жылға сотталған, 3 жылын өтеген.

- Күйеуіммен бірге достарымызға қонаққа барғанбыз. Күліп-ойнап дастархан басында отырғанбыз. Ішімдік те болды. Біраз қызып қалдық. Бір кезде үй иесі әйел менен өз күйеуін қызғана бастады. Арамызда ұрыс басталды. Мен оны қорқытпақшы болып қолыма пышақ ұстадым. Өлтіремін деген ой болмады. Ол маған жақындай бергенде оның жүрек тұсына пышақ кіріп кетті, - дейді Жайнагүл. - Мені түрмеге алып кетті. Қорыққаннан, түрмедегі әйелдердің азғыруынан бар жаланы жолдасыма жаппақшы болдым. Алайда ол қылмысты менің жасағаным айдан анық еді. Кісі өлімімен бірге сатқындықты да арқаладым. Қандай ауыр екенін білсеңіз...

Жолдасы кешірімді болса керек, 2-3 күн бұрын ғана келіп балаларымен бірге келіп кетіпті.

- Біз сотталғандарға барлық жағдайларды тудыруға тырысамыз, алайда олар мерзімдерінің әр күнін санап отырады,- дейді мекеме басшысы Нұрзада САҒЫНҒАЛИЕВА. – Бұл қоштасарда «кездескенше» деп айтылмайтын жер. 

Әсем БОЛАТҚЫЗЫ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

28 қазан 2019, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.