Атырау облысының судьялары жыл басынан бергі жұмыстарын қорытындылады. Брифингте, атап айтқанда, ақтау үкімдерінің саны көбейгені, бұл әр нақты жағдайда сотқа дейінгі тергеу сапасының төмендігімен байланысты екені айтылды.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Тәтті УӘЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 2019 жылдың 9 айында 756 қылмыстық іс соттарға жіберіліп, 749 үкім шығарылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ақтау үкімдері көбейген. Бұдан басқа, Қылмыстық процессуалдық кодекс талаптарын бұзу фактілерін жою үшін 17 іс прокурорға қайтарылды. Уәлиеваның істі қайтару себептері туралы сұраққа берген жауабы:
- Мысалы, егер айыптау органдары куәгерлердің тізімін ұсынбаса, егер нақты айып тағылмаған болса және сотталушы неден қорғануы керек екенін білмесе және т.б. істер қайтарылады.
Ақтау үкімдеріне келер болсақ:
- Айыптау тарапы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаған жағдайда ақтау үкімі шығарылады, сот оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келеді.
Атырау облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Гүлнар ҚАРАБАЛИНА соттарға 18 173 өтініш түскенін, олардың 17 954-і қаралғанын хабарлады.
- Татуласу рәсімдерімен аяқталған азаматтық істер саны төрттен бір есеге артты. Өткен жылдың сол кезеңінде 1402 болса, биыл 1857 болды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Гүлмира ДӘУЛЕТОВА:
- Біз қылмыстық істерді тек ауыр және аса ауыр қылмыстар, атап айтқанда кісі өлтіру, зорлау, ірі және аса ірі мөлшердегі заңсыз есірткі айналымы жөніндегі айыптаулар бойынша ғана қарастырамыз. Жыл басынан бері 59 адамға қатысты 42 қылмыстық іс қозғалды, бүгінде оның 34-і қаралды.
- Ең қатал үкім қандай болды?
- Аса ауыр қылмыстар бойынша 12 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Облыстық экология департаментінің «Атырау Су Арнасы» КМК-не 30 миллиард теңге көлемінде салған экологиялық айыппұлы туралы журналистердің сұрағына мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Рүстем ЖАНСЫҚБАЕВ бірінші сот инстанциясы есептеулерді қате деп санап, экологтарға айыппұл өндіруден бас тартқанын айтты.
Бірақ апелляциялық инстанция бұл шешімнің күшін жойды, енді КМК осынау қомақты соманы екі ай ішінде төлеуі тиіс. Алайда олардың Жоғарғы Сотқа шағымдануға құқығы бар.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА