Жыл басынан бері Атырау облысында 118 экологиялық заңнама бұзушылық анықталып, 1,5 млрд теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы брифингте Экология департаментінің басшысы Абай САФИН хабарлады.
Оның айтуынша, экологиялық залалды өтеу туралы жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асатын 49 ұйғарым келіп түсіп, бүгінде оның ішінде 25 миллион теңгеге 42 ұйғарым орындалған.
Шын мәнінде, бірнеше миллиард соманың басым бөлігі - шамамен 30 миллиарды экологтардың «Атырау Су Арнасы» КМК-не берген ұйғарымы. Ал мұның қаншалықты орындалатыны басқа мәселе.
Табиғат пайдаланушылар қызмет түріне және сәйкесінше санитарлық қорғау аймақтарының көлеміне байланысты санаттарға бөлінеді. Атырау облысында бүгінде қауіптіліктің І санатындағы 147 кәсіпорын жұмыс істейді. Ауа бассейнінің негізгі ластану үлесі - мұнай өндіру және мұнайды қайта өңдеу. Сафин эмиссияларға рұқсаттар арқылы компанияларға берілетін ластаушы заттар шығарындыларының лимиті жыл сайын азайып жатқандығын атап өтті.
- Мысалы, егер 2017 жылы ол облыста 580 мың тонна болса, 2018 жылы 470 мың, ал биыл ол 375 мыңға дейін қысқарды.
Ол күкіртсутектің жағымсыз иісі мезгіл-мезгіл пайда болатын атмосфералық ауаның жай-күйіне тоқталды.
- Бұл біздің департаменттің күн тәртібінен түспейтін мәселе, - деді ол. Ал «АЖ»-ның жуырда болған жағдайға (17 қазанда таңертең тұрғындардың көпшілігі жағымсыз иіске шағымданған еді) түсініктеме беру туралы өтінішіне ол «Қазгидрометтің» анықтамасына сәйкес, 7-17 қазан аралығында ауада ШРШ асу тіркелмегенін айтты.
- Осы газ шығарындылары болған кезде сіз өзіңіз қаладан иіс сезесіз бе?
- Әрине, ауада иіс бар екенін сеземін. Шағымдар бойынша шығамыз, санитарлық қорғау аймағының шекарасында өлшеу жүргіземіз: иіс бар, бірақ нормадан асу жоқ. Біздің жазбаларымыз шығарынды көзі туралы нақты ақпарат бере алмайды. Жаңа Экологиялық кодекс жобасында енді датчиктер тікелей ықтимал шығарынды көзіне орнатылатындығы айтылған, сол кезде дәлірек айта аламыз. Тіпті, қазір «Қазгидромет» мөлшерден асқандығын көрсетсе де, шығарындыны қай нысанның тастап жатқандығын көрсете алмайды, ал бізге іздеуге тура келеді. Тауып болғанша, шоғыр ұшып кетеді.
Ал жыл басынан бері Атырауда жоғары ластанудың максималды-бір реттік асқан 514 фактісі мен қала маңында орналасқан НКОК станцияларында, сондай-ақ Атырау МӨЗ-нің санитарлық-қорғау аймағының шекарасында орналасқан станцияларда экстремалды жоғары ластанудың 49 фактісі тіркелген.
- Негізінен, атмосфералық ауаның жоғары ластанған барлық мәндері Сасықсайдың жанында орналасқан «Вест ойл» станциясында тіркелген. Желдің бағытын ескере отырып, Сасықсай және «Квадрат» булану алаңдары атмосфералық ауаның ластану көзі болды деп айтуға болады. Бақылау-тексеру жұмыстарының барысында қала мен зауыттың қолданыстағы тазарту қондырғыларының тиімсіздігі анықталды, яғни ағынды суларды тазарту деңгейі төмен, бұл өзіне тән иісі бар күкіртсутегі шығарындыларының шығу себебі болып табылады.
ҚОЖАЙЫНЫ ЖОҚ, АЛ ЦИСТЕРНАЛАР ҚАЛДЫ
Сафин бұрынғы «Ақжайық» булану-шаю станциясы аумағындағы топырақтың мұнай өнімдерімен ластану жағдайына тоқталды. Тұрғындар мұнай өнімдері бар ыдыстардың жерді ластайтындығына шағымдана бастады. Бұрын теміржол цистерналары тазартылған станция бірнеше жыл бұрын жабылған болатын.
- Экология департаменті Атырау көлік прокуратурасының ұсынысы негізінде осы ластану фактісі бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы – «Атырау ЖТ бөлімшесіне» қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Жоғарыда аталған станцияны «Ақжайық Батыс-2006» ЖШС пайдаланғанын айта кету керек, бірақ бүгінде бұл кәсіпорын жоқ. Тексеру нәтижесінде топырақ жамылғысының ластануына 2006 жылдан бастап ЖШС таратылғаннан кейін қалған металл ыдыстарда сақталған мұнайдың себеп болғандығы анықталды.
Жер телімінің меншік иесі - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ. Тексеру нәтижелері бойынша жергілікті филиалға осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін топырақ жамылғысының ластану салдарын жою туралы ұйғарым берілді.
Бұдан басқа, тексеру материалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 343-бабы бойынша (Экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шаралар қолданбау) процессуалдық шешім қабылдау үшін Полиция департаментіне жолданды. Бүгінде Экология департаменті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы - Атырау ЖТ бөлімшесіне» қатысты бұрын берілген ұйғарымның орындалуын жоспардан тыс тексеру жұмыстарын бастады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор