Атырау, 24 қараша 03:01
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау ЖЭО: «Иә, біз тарифке инвестиция саламыз»

3 409 просмотра


Атырау ЖЭО-ға барған баспасөз туры барысында кәсіпорын басшысы Айвар РАХМАНОВ «АЖ» сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, «сол жағалау, оң жағалаудың» поэтикалық метафора ғана емес, мұнайлы астананы жылумен қамтамасыз етуге әсер ететін маңызды фактор екені белгілі болды.

- Осы жылдың 14 қаңтарында ЖЭО-дағы апат туралы сұрағыңызға айтарым: гидросоққы болып, нәтижесінде құбыр жарылысы орын алды, - деп бастады сөзін А. Рахманов. - Біз станцияішілік магистральдық құбырларға толық тексеру жүргіздік.

Ақаулы учаскелер белгіленіп, барлығы ауыстырылды, содан кейін гидравликалық сынақтар өткізілді. Оған облыстық әкімдік пен энергетика басқармасының өкілдері шақыртылды. Біз апат себептерін тергеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия анықтаған барлық іс-шараларды орындадық.



- ЖЭО-да тарифтерге салынған қаражат есебінен инвестициялық бағдарламалар қай жылдан бастап жүзеге асырылуда?

- 2010 жылдан бастап.

- Жабдық қанша пайызға ескірген?

- Қазандықтар мен турбиналар бойынша 55-60%.

- Демек, инвестициялық бағдарламалар жалғаса ма?

- Иә.

- Бұл қашанға дейін  жалғасады?

- Тіпті, кеңестік кезеңнің стандарттарында жабдықтарды қалпына келтіру қызметінің құнына қаржы қарастырылған. Оған күтім жасау, жөндеу және қалпына келтіру қажет екенін түсініңіз. Бұл өндіріс экономикасының заңы. Біздің жабдық үздіксіз жұмыс істейді, біз әлі де белгіленген қуаттылықты арттыруға тырысамыз.

- Жылу энергиясы бойынша ЖЭО қуаты қандай?

- 2009 жылы сағатына 600 гигакалория болды, қазір белгіленген қуаты - 798 Гкал.

- Атырауды жылыту үшін қанша қаражат қажет?

- Бүгінгі таңда қалада  көп пәтерлі 935 тұрғын үй бар. Жылыту маусымы кезінде жылу жүктемесі 150 гигакалория құрайды. Бізде өндірістік тұтынушылар да бар.

- Қуат қоры қандай?

- Қор белгіленген қуаттың 50%-ынан кем емес. Біз Талғайраңдағы спутник-қаланы, Береке-1, -2 және Нұрсая ықшамаудандарын жылытуға техникалық шарт бердік. Сол жағалау бойынша біз техникалық шарттарды шектеусіз береміз, ал оң жағалау бойынша проблема бар. ЖЭО орналасқан сол жағалаудан оң жағалауға жылу энергиясын берудің жалғыз жолы - орталық көпірдің тіреуінде орналасқан магистральдық құбырлар арқылы жылу беру, ал олардың өткізу қабілеті шектеулі. Ол жерде екі құбыр болды, содан кейін тағы екеуі төселді. Бірақ бұл да жеткіліксіз.

- Қуат қоры бар болса, бір-екі жылға инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырудан бас тарта аласыздар ма?

- 2018 жылы инвестициялауға бағытталған 99 миллион теңгені көп деп ойлайсыз ба? Бұл мардымсыз қаржы. Соған қарамастан біз осының есебінен ең өткір және ең қажет нәрсені шешудеміз.

Жақсы, біз екі жылға инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырудан бас тарттық делік. Ал үшінші жылы не істейміз? Екі жылдың ішінде жағдай одан сайын нашарлай түседі. Әрі қарай не болады? Кешіріңіз, біз бірақ бұған бара алмаймыз.

- Жылу энергетикасында «мезгілсіз жөндеу» деген ұғым бар ма?

- Бар. Энергетика саласындағы нормативтік ережелер бойынша жабдық әр 4 жылда күрделі жөнделуі қажет. Біз осы нормативке сай келуге тырысамыз. Ал бұдан артық созуға болмайды – қолайсыз жағдайда қалуымыз мүмкін.

- 14 қаңтарда болған апат осы жөндеу жұмыстарының сапасына шүбә келтірді...

- Өндірісте еш ауытқусыз жұмыс болмайды. Ведомствоаралық комиссия тергеу жұмыстарын жүргізіп, гидросоққы болды деген қорытындыға келді. Қалаға жылу беру тоқтатылған жоқ. Бізде екі құбыр желісі бар - біреуі жарылды, екіншісі жұмыс істеді. Егер толық ажыратылса, онда пәтерлердегі барлық батареялар қатып қалар еді. Атырау МӨЗ-і де, мұнайшылар да, біз де гидросоққыдан сақтандырылмағанбыз.

- Ал бұл қалай болды?

- Өкінішке орай, гидросоққының себебі анықталған жоқ. Тек ықтимал себептер ғана аталды. Бұл сәт KEGOC АҚ төмендететін жүктемелерді шектейтін автоматика жүйесін ажыратумен сәйкес келді. Сол жағалауда қаланың төрттен бір бөлігі кернеусіз қалды. Жылу пункттері жүктемені азайтып, жылу желісіндегі қысым көтеріле бастады. Қысымның бұлай артуы гидросоққының пайда болуына әкелді. Барлық картограммалар мен диаграммалар тергеу материалдарына тіркелген. Тиесілі нәрсенің бәрі бар.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген автор

14 қазан 2019, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.