Атырау, 24 қараша 03:08
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Фармацевтикалық зауыт және басқа да бұлыңғыр жобалар

3 086 просмотра


Атыраудағы фармацевтикалық зауытты «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салып бітіруі мүмкін. Құрылысты аяқтау үшін 3 миллиард теңге қажет.

Естеріңізге салсақ, 5 жыл бұрын Атырау-Орал тас жолының бесінші шақырымында дәрі-дәрмек өндіретін фармацевтикалық зауыттың құрылысы басталған еді. Оған «Lumpan Caspian harmaceutical» LLP ЖШС (Үндістан) бастамашы болып, «Медицина» АҚ, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ», «ALIMCOM» ЖШС, «САВА ХЕЛСКЕЙР» және «Лайфлайн Фзе» компаниялары қатысушы болды. Бас жобалаушы және мердігер - «АтырауСтройПроект» ЖШС, ал қосалқы мердігер - Knexir consultants private Limited.

Зауыттың жобалық қуаттылығы - жылына 800 миллион таблетка, 300 миллион капсула, 78 миллион ампула және 3 миллион қаптама жақпа майын және жылына күре тамырға құюға арналған пластикалық ыдыстардағы 12 миллион құты ерітінді және 24 миллион құты антибиотик шығару.

Өндірістің бірінші кезеңін іске қосу 2015 жылдың III тоқсанына жоспарланған. Бірақ бұл мерзімге де, кейінірек те облысымыз жергілікті өндірушіден уәде етілген дәрі-дәрмекті ала алмады - құрылыс ерте кезеңде тоқтап қалды. Біз бірнеше рет Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына сұраныстар жолдап, қаржыландырудың жетіспеушілігінен құрылыстың уақытша тоқтатылғанын білдік. Құрылыс тоқтатылған кезде нөлдік цикл аяқталып, блок қаңқасын салу жұмыстары басталған.

2014 жылдың тамыз айында жаңа нысанның капсуласын салтанатты түрде орнату кезінде оның құны 3,7 млрд теңге екені жарияланды. Бірақ қазір бұл көрсеткіш 7,4 млрд-қа өсті. «Атырау» ӘКК» АҚ бұдан былай берілген қарызды толықтай қайтаруға байланысты жобаны жүзеге асыруға қатыспайды. Ал өздерінің 3% үлесін олар сатылымға шығарған. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттаманы қайта сараптау жалғасуда.

- Біз бұл жоба туралы ұмытпаймыз, ықтимал инвесторларға танысуды ұсынамыз - мүмкін бұл оларды қызықтыратын шығар. Зауытты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында салып бітірсек деп шештік, бағдарламаны жүзеге асыруға республика бойынша 600 миллиард теңге бөлінеді, - деп жауап берді ӨКҚ-де өткен брифингте Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму бөлімінің басшысы әрі «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесінің мүшесі Айқын ЕЛЕУСІЗОВ. Осы бағдарлама бойынша бүгінгі таңда Атырау облысында 7 жоба мақұлданды, тағы 40 жоба, соның ішінде, фармацевтикалық зауыт жобасы қаралуда.

Брифингте бұрын мәлімделген атышулы жобалардың тағдырына - Индер ауданындағы лаванда алқаптары мен бизондар өсіру, Атыраудағы киноконцерт залы құрылысының аяқталуына қатысты сұрастырдық: мұның барлығын француздық «Issmat Investment & Finance» француз компаниясы екі жыл бұрын қолға алған еді. Бұл үшін тіпті «Атырау» ӘКК-мен бірлескен компания құрылған болатын.

А.Елеусізовтің айтуынша, киноконцерт залы бойынша жоба әлі қаралуда. Ол лаванда егістігі туралы өзекті ақпаратты білмейді екен, ал бизондарды өсіруге келер болсақ, «бизондарды өсіру сметалары бойынша «Атырау» ӘКК-мен келіссөздер және қайта есептеулер жүргізілуде».

Еске салсақ, беймәлім француз инвесторларының жобасына әсерленген «AЖ» облысымызды инвестициямен байытпақ болған фирманы табуға тырысқан еді. Бірақ іздеу жұмыстары нәтиже бермеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 қазан 2019, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.